«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті

2025 жылғы 21 Қараша
- Астана қаласы
332 просмотров

Астанада «AMANAT» партиясының қалалық филиалы жанындағы Кәсіпкерлік мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Кеңес кәсіпкерліктің тұрақты дамуын қолдау және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау мақсатында құрылған.

Отырысты Астана қаласының әкімінің орынбасары Евгений Глотов және «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мухаммед Болысбек бірлесіп жүргізді. Отырысқа «Атамекен» Астаналық Кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығының өкілдері және мәслихат депутаттары қатысты.

Астана қаласының әкімі орынбасары Евгений Глотов қазіргі таңда қала заманауи мегаполис ретінде шағын және орта бизнеске бағытталғанын атап өтті. Қала экономикасындағы ШОБ үлесі шамамен 70%-ға жетеді. Астанада 272 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың саны жыл сайын шамамен 10%-ға өседі.

Астаналық Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев Палатаның бизнесті мемлекеттік органдармен байланыстыратын делдал ретіндегі рөлі туралы айтты. Палата жанында 11 салалық кеңес жұмыс істейді, сондай-ақ, Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі қызмет етеді. Биыл Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің 10 отырысы өткізілді, 19 мәселесі қаралып, оның 12-сі оң шешім тапты. Жалпы, Палата 226 кәсіпкерлік субъектісінің мүдделерін қорғады, жалпы сомасы - 14,5 млрд теңге.

«Жыл бойы әр бағытты қадағалайтын әкімнің орынбасарларымен бес кездесу өткізілді. Осы кездесулерде 84 мәселелі сұрақ көтеріліп, оның 29-ы оң шешімін тапты, қалғандары жүйелі түрде қаралуда. Сонымен қатар, Палата кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс атқарды», – деп хабарлады Жеңіс Тайшытаев.

Отырыс барысында кәсіпкерлер өзекті мәселелерді көтерді. Палата өңірлік кеңесінің мүшесі Сәкен Ешмұратов жарнамалық тақтайшаларды демонтаждау мәселелеріне тоқталды.

«Бұрын көрінісі дұрыс емес тақтайшалар алынған болатын, жұмыстың бір бөлігі орындалды. Қазір талаптарға сай тақтайшалар да алынып жатыр.Кәсіпкерлерге хабарламалар берілмейді, бизнестің тікелей қатысуы жоқ. «Астана-Жарнама» КММ тек ОСИ-ге хабарлайды, содан кейін жұмысы аяқталған болып саналады, бұл тиімді емес. ОСИ қажетті қызығушылық танытпайды және ақпаратты кәсіпкерлерге жеткізбей жатады, бұл күтпеген демонтажға және бизнестің шығындарына әкеледі. «Астана-Жарнама» КММ кәсіпкерлермен тікелей жұмыс істеуі қажет. Бизнес қаланың көрінісін жақсартуға дайын, бірақ осындай әдістермен бұл мүмкін емес», – деп атап өтті ол.

Кәсіпкер Марат Осербеков жалпы салмағы 12 тоннадан асатын жүк көліктерінің қоғамдық жолдарда жүруіне қойылған шектеулерге назар аударды. Ол шектеулер шетелдік компанияларға артықшылық беріп, қазақстандық тасымалдаушылардың жұмысын қиындатады деп есептейді.

«Бұл құрылысқа арналған жүк көліктері туралы, карьерлік техника туралы емес, және мұндай шаралар қосымша қызмет көрсететін және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін шағын бизнеске әсер етуі мүмкін», - деді Марат Осербеков.

Астаналық Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев мәселені егжей-тегжейлі қарастыру үшін тиісті органдармен жеке кездесу өткізуді ұсынды, содан кейін мәселе отырыста қаралады.

Отырыста көтерілген барлық мәселелер мұқият қаралады. Астаналық Кәсіпкерлер палатасы бизнес дауысының естілетінін қамтамасыз етіп, кәсіпкерлердің жүйелі мәселелерін шешу бойынша белсенді жұмысын жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174