«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мәртөк кәсіпкері Ұлттық слёттен жаңа идеялар әкеліп, оларды аудан әйелдерімен бөлісуге дайын

2025 жылғы 20 Қараша
- Ақтөбе облысы
234 просмотров

Қазақстанның кәсіпкер әйелдерінің алғашқы Ұлттық слётінен мәртөктіктер атынан қатысқан кәсіпкер Асель Ерғалиева жаңа тәжірибе жинақтап, оны ауданның әйелдеріне жеткізуге ниетті. Онымен бірге өңір атынан Күлпаршын Айдарханованың жетекшілігімен облыстық Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, салалық кеңестердің өкілдері, депутаттар, банк қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының өкілдерінен құралған 20 белсенді кәсіпкер әйел қатысты.

Іс-шараны Дүниежүзілік әйелдер кәсіпкерлігі күніне орай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Барлық өңірден шамамен 400 қатысушы жиналды. Күн тәртібінде – қаржыландыру, цифрландыру, тәжірибе алмасу және әйелдердің экономикадағы рөлі. Ұйымдастырушылар форумның өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға серпін беретінін атап өтті. Бірқатар қатысушылар экономикаға және әлеуметтік бастамаларға қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталды.

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов атынан құттықтау сөз сөйлеген Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков әйелдер кәсіпкерлігінің өңірлердің дамуына қосып жатқан үлесінің маңызын атап өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әйелдер лидерлігінің қоғамдық мәніне тоқталды. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов  пен Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің төрағасы Лейла Куленова да құттықтау жолдады.

«Шағын және орта бизнеске келсек, бүгінгі күні даму локомотивін алға жылжытып отырғандардың басым бөлігі — әйелдер басқаратын компаниялар. Өңірлік кеңестер мен Іскер әйелдер кеңестерінің кері байланысы аса маңызды», — деді Райымбек Баталов.

Слёт бағдарламасы бес панельдік сессияны қамтыды: білім және бизнес, қаржыландыруға қолжетімділік, әйелдердің саясатқа қатысуы, цифрлық маркетинг және табысты бизнес-кейстер. Спикерлер даму құралдарын, бизнесті масштабтау тәжірибесін, цифрлық шешімдер мен инвестиция мүмкіндіктерін бөлісті.

Актобе облысының өкілдері де жоғары бағаланғандардың қатарында. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы  атынан алғыс хаттар Күлпаршын Айдархановаға, «Нурбанк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлмира Баймағамбетоваға және «Гигиенист VII» ЖШС негізін қалаушы Әсем Ктабалиеваға табысталды.

«Жеті жыл бұрын мемлекеттік қызметтен бизнесте өз жолымды бастадым. Бүгінде біздің зертхана жүзден астам қызметкері бар желіге айналды. Форум үлкен серпін берді — технология, білім беру, мемлекетпен өзара іс-қимыл тақырыптары ерекше маңызды болды», — деді Әсем Ктабалиева.

 

Өз әсерімен Мәртөк ауданы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, жеке кәсіпкер Асель Ергалиева да бөлісті: - «Слёт ауқымымен және энергиясымен әсерлі өтті. Әсіресе білім беру мен әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша сессиялар өте құнды болды — бұл мен күнделікті жұмыс істейтін бағыттар. Енді біздің аудан әйелдерімен бөлісер тәжірибе көп, бұл жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді. Осындай шабыттандыратын алаң ұсынғаны үшін «Атамекенге» алғыс айтамын».

Ұйымдастырушылар слёттің жыл сайын өтетін алаңға айналатынын, оның елдің барлық өңіріндегі кәсіпкер әйелдерді біріктіріп, жаңа бастамаларды дамытуға жағдай жасайтынын растады.

Слёт күні актөбелік делегация елордадағы креативті «ÓzgeEpic» хабына да барып, этномузеймен, қолөнер шеберханасымен, заманауи өнер галереясы және театр сахнасымен танысты. Ақтөбе облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова хаб тәжірибесі Ақтөбеде осындай кеңістік ашуға және жергілікті шығармашыл жандарды қолдауға негіз болатынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174