«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

АӨК кеңесі Ақтөбе облысында субсидияларды ұлғайту және инфрақұрылымды дамыту бойынша бастамалар көтерді

2025 жылғы 21 Қараша
- Ақтөбе облысы
285 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға салалық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері және өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жауапты мамандар, ӨКП директоры Дидар Боранқұлов қатысты. Отырысқа төрағалық еткен – «Ділдә» шаруа қожалығының басшысы Жумабике Жумалиева.

Күн тәртібі ауыл шаруашылығын қолдау және дамытуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелерді қамтыды. Атап айтқанда: техника сатып алудағы субсидиялау үлесін арттыру, өңірлік агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын әзірлеу, өндірістік инфрақұрылымды жеткізу мәселесі және маусымдық сауданы құқықтық реттеу тетіктері қаралды.

Отырыста көтерілген басты мәселелердің бірі – шаруашылықтар үшін техника сатып алу кезіндегі субсидиялау үлесін ұлғайту. Кеңес мүшелері бұл бағыттағы қолдауды жергілікті бюджет есебінен бірлесіп қаржыландыру қажеттігін атап өтті. Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасына экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп қажетті есептер мен негіздемелерді дайындау тапсырылды. Бұл бастама шаруашылықтардың техникалық базасын нығайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Екінші мәселе – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу. Кеңес мүшелері әр ауданның ресурстық әлеуетін, климаттық жағдайын және ауыл шаруашылығының ерекшеліктерін ескеретін дербес бағыттарды айқындау қажеттігін атап өтті. Бағдарламаны әзірлеуге Ш.Берсиев атындағы ауыл шаруашылығы колледжі мен басқа да ғылыми-білім беру ұйымдары тартылмақ.

Сонымен қатар бордақылау алаңдарын қаржыландыру шекті мөлшерін 500 басқа дейін, ал сүт-тауарлы фермалар үшін 100 басқа дейін төмендету ұсынылды. Бұл өңірдегі шағын және орта фермерлік шаруашылықтарды қолдауға бағытталған маңызды қадам.

Жиында Алға ауданында салынып жатқан «Agro Product Development» ЖШС ет комбинаты жобасына қажетті инфрақұрылым тарту мәселесі де қаралды. Қуаттылығы жылына 4500 тонна дайын өнім өндіретін кәсіпорын өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Өндіріске су құбырын тарту және электр желісін жеткізу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылатын болды. Бұл жоба іске қосылған жағдайда өңірлік ет өндірісі жаңа деңгейге көтеріліп, экспорттық әлеует артады деп күтілуде.

Кеңесте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің маусымдық саудасын заң тұрғысынан реттеу мәселесі де көтерілді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жұлдыз Махамбетжанованың бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараты назарға алынды. Бұл тетік енгізілсе, фермерлердің маусымдық өнімдерін өткізуі жеңілдеп, уақытша сауда алаңдарын ұйымдастыру тәртібі нақты реттелетін болады.

Отырыс соңында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың қолы қойылған Құрмет грамоталарымен АӨК салалық кеңесінің белсенді мүшелері марапатталды. Олардың қатарында: «Сәтжол» шаруа қожалығының басшысы Лязат Нұрғалиева (Мұғалжар ауданы), «Молочные истории – А» ЖШС директоры Асылгүл Ильясова (Алға ауданы) және «Комсомол» ЖШС директоры Виталий Волынец (Әйтеке би ауданы). Сонымен қатар, Райымбек Баталовтың Алғыс хаттарымен «Медовик» шаруа қожалығының басшысы Александр Сенацкий (Қарғалы ауданы) және «РусАрт» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Шуиншалин (Алға ауданы) марапатталды.

Кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығын дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға қосқан айтарлықтай үлесі атап өтілді. Марапаттарды Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов табыстады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174