Жылқы шаруашылығы бизнес түрі ретінде
ОҚО Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалдарының және аудандардағы КҚО жәрдемімен ауылдықтар асыл тұқымды жылқы шаруашылығын белсенді түрде дамытуда
«Ермаш ата» шаруа қожалығын Қазығұрт ауданында асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асырудағы табысты мысалдардың бірі деп атайды. Шаруашылық басшысы Тамшыбек Долматов сәл бұрын ауылда мұғалімдік қызмет атқарған еді. Алайда, үш жыл бұрын зейнетке шыққанда кәсіпкерлікпен айналыса бастайды. Былтыр Қазығұрт ауданындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталығына жүгінеді. Орталық мамандары кәсіпкерге мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша консультация беріп, құжат жинауға көмектеседі және банктен мақұлдау алу үшін жобаға толық сүйемел көрсетеді.
«Палата сарапшыларының кеңесімен Аграрлық кредиттік корпорация іске қосқан «Құлан» бағдарламасына қатысуға бел будым, - дейді шаруашылық басшысы. – Егер корпорацияға тікелей жүгінсем, банктер алдында ауқаттылығымды ұзақ дәлелдеуіме тура келер еді, оған уақыт кетіп қалады. Кәсіпкерлерді қолдау орталығында соңғы мақсат – банктен мақұлдау алғанға дейін қадам-қадаммен қолдау жасалды. Сәйкесінше, онда шешім жылдам қабылданып, 7 пайыздық субсидияланған пайыздық мөлшерлемемен 22 миллион теңге кредит берілді», - дейді Тамшыбек Долматов.
Долматовтар отбасы бұрындары да жылқы ұстайтын, бірақ 5-6 бастан аспайтын. Алған кредит мал басын күрт көбейтуге көмектесті. Бүгінде шаруашылықта 70 бие мен бес асыл тұқымды айғыр бар. Көктемде мал өсім беріп, қымыз сатумен де айналысуға болады.
Кәсіпкер уақытында көмекке келіп, назар аударғандары үшін Кәсіпкерлер палатасы Қазығұрт ауданындағы филиалының директоры Бекболат Әбуовқа және аудандық КҚО сарапшыларына алғысын айтады. Кәсіпкерлер жеңілдікті шарттармен берілетін кредиттерді пайдалана отырып, айтарлықтай мемлекеттік қаржылық қолдау алады, осылайша өмір сапасын жақсартады, дейді шаруа қожалығының басшысы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: