«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жылдың басты реформасы: Қазақстан 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексіне көшеді

2025 жылғы 03 Қараша
615 просмотров

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бұл құжат соңғы 10 жылға жуық уақыт бойы қолданыста болған кодекстің орнын басады. Қазіргі құжат ескіріп, экономиканың жаңа салаларына – IT, жасыл энергетика және электрондық коммерцияға сай келмейді.

Реформа – уақыт талабы. Себебі, шағын бизнес икемділікті, ірі бизнес айқын ережелерді, ал мемлекет тұрақты табысты қажет етеді. Басты мақсат – салықтық әкімшілендіруді жеңілдету және жүйені баршаға түсінікті ету.

«Жазалау» моделінен – «сервистік» модельге көшу

Жаңа ережелерге сәйкес, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара қатынастың философиясы түбегейлі өзгереді.

Салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілмек – яғни, салық төлеушіге тіркелу сәтінен бастап жабылуына дейін көмек көрсетіледі. Салық органдары кәсіпкерлерді үнемі сүйемелдеп, кеңес беріп отырады. Түсіндірмелер онлайн форматта ұсынылады.

Жүйе алғаш рет жазалаушы емес, сервистік сипат алады. Кәсіпкерлер бұл бастаманы оң қабылдап, енді салық төлеуші – тексерудің нысаны емес, мемлекеттің серіктесіне айналатынын атап өтті.

«Бұл бүкіл экономиканың дамуына әсер етеді. Жаңа Салық кодексіндегі көптеген нормалар экономикалық процестерге де, салық төлеушілерге де елеулі ықпал етеді. Оның әрі оң, әрі кей жағдайда күрделі әсері болуы мүмкін. Мен бұған кәміл сенемін», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.

Режимдерді оңтайландыру және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды заңдастыру

Сарапшының айтуынша, жаңа Салық кодексі маңыздылығы төмен салық төлемдерін бірден 20%-ға қысқартады. Арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін азаяды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, ауыл шаруашылығына арналған режим және оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы режим.

Қолданыстағы екі режимді – жеңілдетілген және бөлшек салықты біріктіру көзделген. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесіне ерекше көңіл бөлінеді: енді олар ресми табыс табу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жұмыс істей алады.

«Курьерлер мен такси жүргізушілері секілді азаматтар енді ресми түрде жұмыс істей алады. Бұл оларды көлеңкеден шығарып, жүздеген мың адамды заңды экономикалық айналымға қосады», – деді Жаркенов.

Бұған қоса, шенеуніктердің айтуынша, бизнес үшін тексерулер саны азайтылмақ. Салық органдары жоспарлы іріктеудің орнына тәуекелге негізделген тәсілге көшеді: олар тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде жұмыс істейтін болады. Егер тәуекелді жағдайлар болатын болса, тексерулер дәл осындай салық төлеушілерге ғана жүргізіледі.

Дифференциалды мөлшерлемелер: ҚҚС және әлеуметтік сала

Жаңа кодексті талқылау кезінде ең көп дау тудырған тақырып – қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуі болды. Алғашында оны 12%-дан бірден 20%-ға дейін арттыру ұсынылған. Алайда нәтижесінде ымыраға қол жеткізілді.

«Біз бірнеше рет жұмыс топтарында және одан тыс пікірталастар жүргізіп, ақыр соңында 16% деңгейінде тоқтадық», – деді Тимур Жаркенов.

Бюджет тапшылығына және қосымша қаржыға деген қажеттілікке қарамастан, әлеуметтік бағыттардағы салық ең төмен деңгейде болады: білім мен медицина салалары үшін ҚҚС мөлшерлемесі келесі жылы 5%, ал бір жылдан кейін 3% болады. Медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер мен дәрі-дәрмектер ҚҚС-тан босатылады.

Сонымен қатар, заңды тұлғалар үшін дифференциалды корпоративтік табыс салығы енгізіледі және ол «сән-салтанат» салығы сияқты әділ болады деп күтіледі.

 «Нөлден бастау» және күтілетін нәтиже

Үкімет жаңа ережелерге өтуді барынша жұмсақ жүргізуге уәде беруде. Алғашқы айларда салық органдары айыппұл салумен емес, кеңес берумен айналысады.

Премьер-министрдің айтуынша, салық төлеушілерге «нөлден бастап, таза парақтан жұмыс істеу» мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте өткен кезеңдерге тексеріс жүргізілмейді, бұл бизнеске жаңа жүйеге біртіндеп бейімделуге жол ашады.

Реформа нәтижесінде салық түсімдері мен жүйенің ашықтығы артады деп күтілуде. Үкіметтің бағалауынша, алғашқы жылдары-ақ әсер айқын сезіледі – шамамен 4 трлн теңге көлемінде.

Толығырақ 24 KZ телеарнасының арнайы жобасында:


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174