«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлттық жағдайларға бейімделген PGS моделі: ҰКП-да шағын фермерлерді қолдайтын маңызды басқосу өтті

2025 жылғы 29 Мамыр
1667 просмотров

Қазір әлемде органикалық өнімдерге деген тенденция белсенді дамып келеді, яғни химиялық заттарды қолданбай, барынша табиғи жағдайда өндіру жүйелі жолға қойылуда. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі органикалық өнім өндірушіге айналуы мүмкін. Бүгінде елімізде 70-ке жуық ауыл шаруашылығы кәсіпорны органикалық сертификаттаудан өтті. Қазақстандық органикалық өнімдердің негізгі тұтынушылары жыл сайын 30 миллион АҚШ доллардан асатын органикалық ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталатын Еуропалық Одақ елдері болып табылады.

Шағын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының органикалық егіншілікке көшуін жеңілдету мақсатында «Органикалық өнімдерді өндіру және айналымы туралы» жаңа Заңда PGS бірлескен кепілдік жүйесінің жұмыс істеуі туралы ережелер енгізілген болатын. Осыған орай, бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында маңызды отырыс өтті. Жиынға отандық және шетел сала мамандарымен қатар, мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеевтің сөзінше органикалық өндіріске көшу және оны сертификаттау экономикалық тұрғыдан көп шығынды талап етеді. Ал, бұл шаруаларды органикалық өндіріске кеңінен тартудағы басты шектеулердің бірі.

«PGS сенімге, ашықтыққа және жергілікті мүдделі тараптардың қатысуына негізделген балама органикалық сертификаттау механизмі болып табылады. Еуропалық EU Organic стандарттары сияқты үшінші тараптың қымбат сертификаттауынан айырмашылығы, PGS негізінен шағын фермерлерге, кооперативтерге және жергілікті нарықтарға бағытталған.

Көптеген адамдар PGS дегеніміз не деп сұрайды. Бұл – бір топқа біріккен фермерлердің өздері органикалық стандарттарды сақтау жауапкершілігін алатын өзара сапа кепілдігі жүйесі. PGS  жай ғана сертификаттау емес – ол жерге және тұтынушыға деген әділеттілік философиясы», - деді Ербол Есенеев.

Жиынға Германиядан арнайы бейне-конференция арқылы қосылған IFOAM органикалық ауыл шаруашылығы мен тұрақты дамуға жәрдемдесетін жаһандық ұйымның өкілі Патрисия Флорес Қазақстанның PGS стандартын дамытуға әлеуеті зор екенін назарға алды.

«Ең алдымен PGS әлемдік стандартын өз нарығына икемдеп енгізіп, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, сондай-ақ, Қазақстанның органикалық өндірушілер одағына алғысымды айтамын. Қазақстан органикалық өнім өндіру бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алып келеді. Сапалы әрі таза өнім өндіру қаншалықты жауапты іс екенін сезіне отырып, сіздер PGS стандартын сауатты енгіздіңіздер. Бұл – өзге елдерге үлгі», - деп мәлімдеді Патрисия Флорес.

Бұл тәсіл әсіресе шағын шаруа қожалықтары үшін өте маңызды, өйткені ол өнімінің тазалығын дәлелдеп, нарыққа сенімді таңбалаумен шығуға мүмкіндік береді.

Басқосуда сөз алған «Органикалық өнімдер» ТК 100 басшысы Бердібек Булашев қазақстандық PGS моделінің ұйымдастырушылық-әдістемелік негізі мен әзірленген құжаттар жинағын таныстырды.

Сала маманының айтуынша, аталмыш жүйе ресурсы шектеулі фермерлер үшін қолайлы, үшінші тарапқа қызмет көрсету құны талап етілмейді.

«Фермерлердің өздері тексеруге, шешім қабылдауға, сапаны бақылауға және білім алмасуға қатысады. PGS-ке қатысу фермерлердің органикалық стандарттар және құжаттама туралы білімін жақсартуға көмектеседі. Өндірушілер кіру немесе қатысу ақысын төлемейді. Барлығы ерікті және бірлескен негізде болады. Бұл жүйені тіпті ең кішкентай фермаларға да қолжетімді етеді», - деді Бердібек Булашев.

PGS құжаттамасының жинағы Қазақстан Республикасының № 89-VIII Заңына сәйкес және IFOAM ұсынымдары негізінде нөлден әзірленді. Басқа елдердің құжаттарына сүйенбей, бұл тәсіл халықаралық тәжірибені ескеріп, қазақстандық PGS моделін қалыптастыра отырып, өзіндік ерекшелігі мен ұлттық жағдайларға бейімделуді қамтамасыз етеді.

Жиын соңында ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев органикалық таза өнім өндіру заман талабы екенін баса айтты.

«Біз PGS туралы айтқанда, біз үш негізгі принцип туралы айтамыз. Олар: сенім – фермерлердің әріптестері мен тұтынушылардың бақылауына ашықтығы, ынтымақтастық – жүйе қатысушылары сапа үшін бірлесіп жауап береді және соңғысы ашықтық – бүкіл өндіріс тізбегі бақылау үшін қолжетімді», - деп сөзін қортындылады Есенеев.

Айта кетейік, Қазақстан PGS моделін енгізген ТМД-дағы екінші мемлекет болып табылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер