«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Картоп индексі – негізгі өнім қалай стратегиялық маңызға ие болды

2021 жылғы 15 Маусым
10087 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшысының айтуынша, картоп маусымдық өнім болған соң қымбаттады және жақында бағасы реттеледі. Алайда басқа азық-түлік бағасының өсуін жоққа шығаруға болмайды.

«Қазір сатылып жатқан картоп былтырғы егіннен қалған, ал биылғы өнім әзірге аз болған соң сатып алушылардың сұранысын толтыра алмай отыр. Бұдан бөлек тасымалдау шығындарын қосқан соң тағы қымбаттады. Мысалға, Түркістан облысындағы шаруалардан бір келі картопты 200-210 теңгеден алуға болады, ал нарықтағы бөлшек сатылымда қымбаттайтыны түсінікті. Өнім көбейген сайын баға да төмендейді, ең төмен баға күзде болады», - деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Ұлттық палата сарапшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 4 миллион тонна картоп өндіріледі. Бұл қазақстандықтардың картопқа деген сұранысын толық жабуға қауқарлы.

«Егетін жеріміз жеткілікті, технология бұдан да көп егуге мүмкіндік береді. Бірақ Қазақстанда картопты тұтыну көлемі ұлғаймайды, ал көрші елдер өздері егіп алады. Сондықтан шаруаларға картопты көбірек егу тиімсіз. Оның үстіне, кейбір шаруаның картопты жазға дейін сақтайтын қоймасы жоқ», - деді сарапшы.

Оңтүстік аймақтарда картоп пен ерте пісетін көкөністерды жинау басталды. Нарықта жаңа өнімдердің пайда болуы бағаны тұрақтандырады. Дегенмен «Атамекен» сарапшысы картоп шаруалардың проблемаларын ашатын триггерге айналды деп есептейді.

«Азық-түлік қымбаттауы мүмкін. Мысалы, ет бағасы. Қазақстанның көптеген өңірінде жем-шөптің жағдайы мәз емес. Қазір маусым кезінде шаруалар құрғақ және сулы жем-шөптің бір жылдық қорын дайындау керек. Оның үстіне, жағдай жыл сайын қиындап келеді. Елдің өңтүстігінде жем-шөптің бағасы бірнеше есе өсті», - деді Ербол Есенеев.

2020 жылы Жамбыл облысында шөп (18-20 кг) бағасы 400-500 теңге болды, биыл 1000-1200 теңгеге жетті.  Оған қоса, көктемде салқын болды, жауын-шашын аз, суару үшін су тапшы және техника қымбатшылығы өнім бағасына әсер етті. Сондай-ақ, шығынның – жанармай, қосалқы бөлшектер, базалар мен қоймаларды жөндеуге арналған құрылыс материалдарының бағасы күрт өсті.

«Жем-шөп жағдайы осылай болса, шаруалар малды күзде жаппай сатады, себебі қыста оны бағу тиімсіз. Содан мал аз болған соң ет пен сүт қымбаттауы мүмкін», - деп түсіндірді Ербол Есенеев.

Сарапшының айтуынша, мәселені кешенді түрде шешу керек. Атап айтқанда, халық көп тұтынатын азық-түлік түрлерінің өндірісін ұлғайту үшін қолайлы жағдай жасап, сондай-ақ жергілікті өндірісті шоғырландыру жұмыстарын жүргізу керек.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер