«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өзіміз де тіге аламыз

2016 жылғы 21 Маусым
- Қарағанды облысы
8560 просмотров

Қарағандыда 14 өндірушінің қатысуымен мектеп формасының бірінші көрмесі болып өтті  

Оқушыларды жергілікті жерде тігілген, сапасы түрік және қырғыз өндірушілерінің осындай киімінен кем түспейтін, тіпті асып түсетін тауарлармен қамтамасыз ету үшін өңірдің тігін фабрикалары ішкі нарықты игеруді жоспарлап отыр. Кәсіпкерлер формалар баға жағынан да тиімді болады деп сендіреді.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлері палатасының директоры Мәдениет Божбанов  көрмені ұйымдастырушылар екі мақсатты көздеп отыр деп санайды.

«Ең алдымен біздің алдымызда тұрған міндет – ата-аналарды тігін кәсіпорындарымен таныстыру. Олар біздің фабрикаларымыз өндіретін үздік үлгілермен таныссын, маталарды сипалап, дайын жинақтарды балаларына кигізіп көрсін. Екіншіден, біз бұл көрмені жүйелі түрде өткізгіміз келеді. Қазір алаң мәселесін шешудеміз,  шілде мен тамыз бойы жергілікті өндірістің мектеп формаларын апта сайын сататын боламыз», – дейді М.Божбанов.

Көрмеге қатысушылардың бірі – «Тандем 21» ЖШС. Қарағанды компаниясы тігін қызметі нарығында 2001 жылдан бері жұмыс істейді, фабрика өндіріс орындары үшін арнайы киімдер тігуді негізгі бағыт етіп таңдады. Компания  өндірісінің менеджері Светлана Мазинаның  сөздеріне қарағанда,  қазір олар мектеп формаларын тігу бойынша бос нарықты игеруге дайын.  

«Біз бұрын мектеп формаларын тіккен жоқпыз. Көрмеде кіші және үлкен сынып оқушыларына арналған бірқатар үлгілерді ұсындық. Әлбетте, біз тек  сапаға ғана  назар аударып қоймай, бағасына да көңіл бөлдік, біздегі баға елден тыс жерлерден әкелінетін киімге қарағанда едәуір төмен», – дейді С.Мазина.

Бүгін көрмеге қатысқан өндірушілердің көпшілігі бұрын тек арнайы киімдер тігетін. Дағдарыс оларды әртараптанып, жаппай нарықты жеңіп алуға жетеледі. Фабрикада дизайнерлер пайда болды, енді өндірушілер мектеп оқушыларын қажетті киіммен қамтамасыз етуге дайын.

«Біз абайлық «Стежок» ЖШС тігін фабрикасын  көрсетеміз. Біздің фабрикамызда биылғы жылы бірінші рет мектеп формасы әзірленді.  Стандартты жинақтардың бағасы 6500 теңгеден  12 000 теңгеге дейін болмақ.  Бұрын фабрика тек арнайы киім, әскери киім тігуге маманданған еді, биылғы жылы іс-қызмет өрісін түрлендіріп,  клиенттер тартуды ұйғардық. Тігінге ресейлік өндіріс матасын қолданамыз.  Синтетикалық мата қолданбаймыз»,– деп әңгімелейді компания өкілі.

Сонау Ұлытау ауданынан келген Фатима Күйбаева талай жыл бойы  өңірдегі мектеп оқушыларын формамен қамтамасыз етіп жүрген «Айшагүл»  кәсіпорнының өнімін көрсетті.

«Біз мектеп формасына деген сұраныс әрдайым болатынын баяғыда түсінгенбіз, сондықтан ісіміз оңға басып, жақсы жүріп жатыр. Тек сапалы мата сатып аламыз, көңілден шығатындай етіп тігеміз, шарықтаған баға қоймаймыз, сондықтан тапсырыстардан кенде емеспіз. Кіші және орта сыныптың қыздарына арналған киім жинағы орташа алғанда 3-6 мың  теңгеден аспайды», – дейді тәжірибелі тігінші.

Көрмеге қатысушыларға киім жинағының әр түрі көрсетілді. Қарағандылық «ЕСКО» фабрикасының шұлықтары, тоқылған жейделер, түймеленген свитерлер, сондай-ақ Қарағанды аяқ киім фабрикасында жасалған ер адамдардың туфлилері де көзге шалынды.

Қарағанды облысында 174,5  мың оқушы білім алып жатқан 526 мектеп бар. Жыл сайын ата-аналар мектеп формасына 5 млрд теңге жұмсайды, іс жүзінде оларды қырғыз бен түрік өндірушілерінен сатып алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер