«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тимур Нақыпбеков  ҚР ҰЭМ өкілдерімен бірге Ақтөбедегі су тасқыны салдарынан бүлінген бизнес объектілерді аралады

2024 жылғы 02 Мамыр
- Ақтөбе облысы
5579 просмотров

Сапардың негізгі мақсаты – залалды өтеудің жаңа қағидалары мен қабылданған шаралар туралы ақпарат беру. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру және мүліктік шығындардың өтемақысын анықтау жөніндегі комиссиялардың жұмысымен танысу.

Еске салсақ, ҰКП мамандары ҚР ҰЭМ өкілдерімен бірлесіп, зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу механизмін бір апта ішінде жедел режимде әзірлеген болатын. Бизнесті қолдау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің өтемақы алу рәсімдерін қарастыратын қағидалар дайындалды. Сапар барысында Тимур Нақыпбеков мүлігі бүлінген бизнес үшін несие мен салық бойынша төлемдерді кейінге қалдыру реті қарастырылғанын атап өтті.

 Қағидаларға сәйкес залалды өтеу үшін өңірлерде арнайы комиссиялар құрылды. Оның құрамына «Атамекен» ҰКП өңірлік өкілдіктері кірді.

 ҰКП-ның мәліметі бойынша су тасқынынан кәсіпкерліктің 900 субъектісіне залал келтірілген. Атап айтқанда ғимараттар, нысандар, жабдықтар мен құнды заттар бүлініп, мал қырылды.

 Ұлттық палатаның алдын ала есептеуі бойныша, су тасқыны бизнеске 24 млрд. теңгеге жуық залал әкелді. Дегенмен, болжамды сома әлі нақтыланатын болады. Өңірлік палаталар мүлігі бүлінген бизнестің күн сайынғы есебін жүргізіп отыр.

 Ақтөбе облысында табиғи апат салдарынан 184 субъектіге залал келтірілген. Соның ішінде 50-і Ақтөбе қаласында орналасқан. Зиян негізінен АӨК және қызмет көрсету саласына келген. Бизнес өкілдерінің ақпараты бойынша залалдың алдын ала сомасы шамамен 3,9 млрд. теңгені құрайды. Залалдың нақты мөлшері бағалау жүргізілгеннен кейін анықталады.

Өңірлік комиссия кәсіпкерлердің шығындарын өтеу жөніндегі мәселені аудандық комиссиялардың  және бағалау компанияларының қорытындысы негізінде қарайтын болады.

Тимур Нақыпбеков пен ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков Ақтөбе қаласы, Алматы ауданындағы ШОБ субъектілерін тексеру жөніндегі комиссия мүшелерімен, бағалау компанияларымен және адвокаттармен кездесті. Тимур Әрсенұлы жауапты министрлік өкілдерімен бірге су тасқыны салдарынан қызметін тоқтатуға мәжбүр болып, мемлекет тарапынан қолдау шараларына мұқтаж нысандарға барды.

Қазіргі кезде демалыс аймақтарының иелері мүліктерінің бүлінуіне байланысты жаңа маусымды қалай бастауын білмей отыр. Олар уәкілетті органдардан өтінімдерді барынша тез қарап, залалды өтеу мерзімдерін белгілеуді сұрады.

Жиында ҰКП өкілі шағын және орта бизнеске келтірілген залалды өтеу мәселелері жеделдетілген рәсім бойынша жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті.

«Бұл қағидалар қаңтардағы оқиға кезінде қолданылған алгоритм негізінде жазылды, яғни тиімді механизм. Біздің мақсатымыз –  алгоритм бойынша қандай да бір сұрақтар болса, ескеру. Ұсыныстар болуы мүмкін, біз осы сапардың қорытындысы бойынша толықтырулар енгізуге дайынбыз. Механизм өте қарапайым. Біз бұл қағидаларды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, әкімдіктермен бірлесіп әзірледік», – деді ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков.

 «Елде төтенше жағдай кезінде залалды өтеу бойынша тәжірибе қалыптасқан. Мемлекеттік органдар, бизнес және жұртшылықтың бірлесуімен осы жағдайды реттеп келеміз. Кәсіпкерлер елдегі жағдайға бей-жай қараған жоқ, өңірлік палаталар арқылы гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысты. Ұлттық экономика министрлігіне кәсіпкерлікті қолдауда Ұлттық палатаның ұсыныстарын ескеріп, жедел шара қолданғаны үшін алғыс айтамыз. Және Қазақстанның сыртқы сауда палатасы тарапынан біз форс-мажор туралы куәлікті тегін беру туралы шешім қабылдадық. Табиғи апат салдарынан залалды өтеу қағидаларында ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін өтемақы қарастырылмаған. АӨК бойынша бөлек қағидалардың шығуын күтеміз. Қазір келісу рәсімі жүріп жатыр. Алайда, тұтастай алғанда, елдегі бұл жағдай бізге мәселелерді тез шешуге үйретіп қана қоймай, сонымен бірге табиғи апаттың салдарын жоюға кірісу қажет болатын жүйелік проблемаларды көрсетті. Өңірлердегі кәсіпкерлер айтқан барлық мәселелер мен ұсыныстарды комиссия мүшелері назарға алатын болады», – деді Тимур Нақыпбеков Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовпен кездесу барысында.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер