«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Инвестор әуре-сарсаңы бір жылға созылды

2016 жылғы 10 Наурыз
- Шымкент қаласы
12841 просмотров

Инвесторға қажетті рұқсат құжаттары мемлекеттік орган қарауында бір жылға жуық жатқан

Кеңестің кезекті отырысында ОҚО Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Инвесторлар кеңесінің өңірдегі шетелдік компаниялар проблемаларын қалай шешіп жүргені туралы баяндалды. 

Созақ ауданында уран барлау, өндіру және қайта өңдеу ісімен айналысатын «КАТКО» «Қазақстан-француз бірлескен кәсіпорны» ЖШС бұдан бір жыл бұрын жер телімінің бір бөлігін қалдықтар сақтау алаңдары ретінде пайдалануға рұқсат алу үшін, жергілікті әкімдікке барып жүгінген. Себебі табиғи уранды қайта өңдеуден шығатын радиоактивті қалдықтар арнайы алаңдарда  сақталуы керек, оны уран өндірушілер қарастыруы керек. Созақ ауданы әкімдігі алаң құрылысына рұқсат берген, алайда ҚР Жер кодексіне сәйкес соңғы шешімді облыс әкімдігі еншісіне қалдырып, хат жолдаған. Облыстық жер комиссиясы да рұқсатын берген. Ендігі облыс әкімдігінің қаулы шығаруымен шаруа аяқталмақ болатын. Алайда...

Кәсіпорын келіп жүгінген ОҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары анықтағандай, әкімдіктің хат жіберген уақытынан бері жеті ай өтсе де, әлі күнге дейін тиісті шешім шығарылмай келген. Ал жер комиссиясы хаттамасына комиссия мүшелері екі жарым ай бойы қол қоюмен болған. Заңда болса бұл бес күн ішінде орындалуы тиіс еді.

Ең қызығы Жер кодексінің 32-бабының 4-тармағына сәйкес, егер жерді пайдалану туралы келісім-шарт болған жағдайда жер телімін рәсімдеу кезек күттірмей орындалуы тиіс еді. Яғни, аталған жағдайда рұқсат құжаттары тап сол мезетте-ақ берілуі керек болатын. Палата ОҚО әкімдігіне заңнама талаптарын уақыт өткізбестен орындау туралы хат жолдады. Таяу күндері көп күттірген тиісті қаулы  шығарылды.

Өкінішке қарай, инвестордың алдында кезігетін тосқауылдар аз емес. Кеңес отырысында шетел компанияларының басшылары Оңтүстік Қазақстан кеденінде орын алатын кедергілер мен былықтарды айтып, шағымданды. Осы және өзге де проблемаларды шешу үшін «KARLSKRONA LC AB» ЖШС директоры Уәлихан Ахметовтың басшылығымен проблемаларды зерттеу, сол бойынша шешімдер шығарумен айналысатын жұмыс тобы құрылды.

«Ел президенті инвесторлармен жұмыс жасау кезіндегі былықтарға жол бермеу керектігі туралы бірнеше мәрте ескерткен. Инвесторларды кеудеден итермей, керісінше қолдап отыру қажет», – деді ОҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Қасымбеков. – Сондықтан біздің Кеңестің басты міндеті – проблемалар мен кедергілерді болдырмау арқылы облыстағы инвестициялық климатты жақсартып, өңірге қосымша шетел инвесторларын тарту».

Ең күрделі деген жүйелі мәселелерге назар аударып, оны тез арада шешуге тырысып жүрген Шетел инвесторлары кеңесін ерекше атап өткен орынды. Мәселен, Кеңестің алдыңғы отырысында Өзбекстан тарапынан демпингке ұшырап отырған кілем өндірушілер проблемасы айтылған болатын. Бүгінгі күні Палата Еуразиялық экономикалық комиссияның ішкі нарықты қорғау департаментіне экономикалық зерттеу бастамасын ұсыну үшін, Өзбекстаннан импортталатын кілем өнімдеріне экономикалық талдау жасауды аяқтады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер