«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодар кәсіпорындары «Қазақстанның үздік тауары» және «Парыз» конкурстарында марапаттарға ие болды

2025 жылғы 05 Желтоқсан
- Павлодар облысы
314 просмотров

Астанада «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын, сондай-ақ республикалық «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл жарқын шараны Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы «Атамекен» ұйымдастырды. Марапаттарды еліміздің ең үздік бизнес өкілдеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.

«Парыз – 2025» арнайы сыйлығының «Жылдың ең үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша Павлодар облысы Железин ауданының «789KZ» ЖК жеңімпаз атанды. Марапатты компанияның басшысы Айжан Қуандыққызы Каркенова алды. Ол Қазақстандағы ауылдық үлгідегі алғашқы дағдарыс орталығы – «Ты – не одна» жобасының бастамашысы болды. Жобаның идеясы – бос тұрған үйлерді сатып алып, жөндеу жүргізу және қиын өмірлік жағдайға тап болған бала-шағалы әйелдерге қолдау көрсету.
«Парыз» конкурсының «Еңбекті қорғау саласындағы ең үздік кәсіпорын» номинациясында Павлодар облысындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ жеңімпаз деп танылды. Марапатты компания директоры Айтуған Социалұлы Ахметов алды. Бұл кәсіпорында қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң бақылауда болады.


«Қазақстанның үздік тауары» конкурсында жыл сайын үш номинация бойынша марапаттар беріледі: «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар», «Халыққа арналған ең үздік тауарлар», «Ең үздік азық-түлік тауарлары». Биыл «Ең үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында павлодарлық «Айсберг ПВ» кәсіпорны жеңімпаз атанды. Марапатты кәсіпорын директоры Михаил Анатольевич Желнов қабылдады.

«Бұл конкурс отандық өндірісті дамытуда маңызды рөл атқарады, бізге үздік болуға, мақсат қойып, оған жетуге көмектеседі. Серіктестерімізге сенім мен қолдауы үшін, тұтынушыларға «Айсберг» өнімдеріне жоғары баға бергендері үшін алғыс айтамын. Біз әрі қарай да Қазақстанда өндірілетін өнімдердің сұранысқа ие болып, жоғары сапа стандарттарына сай болуына жұмыс істейтін боламыз», – деді Михаил Желнов.

«Бұл марапат – павлодарлық кәсіпорындардың жоғары сапасы мен стандарттарының тек бағалануы ғана емес, сонымен қатар отандық компаниялар мен брендтердің әрі қарай дамып, алға жылжуы қажеттігін көрсететін белгі. Павлодар кәсіпкерлерін шын жүректен құттықтаймын, алдағы жұмыстарына табыс, жаңа жеңістер мен қарқынды даму тілеймін», – деді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов. Ол өңірден қатысқан конкурс лауреаттарымен бірге Астанада өткен марапаттау рәсіміне қатысты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174