«Атамекен» ҰКП: Қазақстан мен Қытай арасындағы шектеусіз рұқсат беру жүйесі отандық тасымалдаушыларға жаңа мүмкіндік ашады
«Атамекен» ҰКП Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Көлік министрлігі арасында халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат берудің шектеусіз жүйесіне көшу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізу барысында маңызды сараптамалық және үйлестіруші рөл атқарды.
Бұл келісім отандық тасымалдаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға сеп болмақ.
Еліміздің Көлік министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы қазақстандық тасымалдаушылар шамамен 228 мың рұқсат бланкін пайдаланған, ал 2025 жылдың басынан бері 230 мыңнан астам қытайлық бланкі қолданылған. Уағдаластыққа сәйкес, 2025 жылғы 6-12 қараша аралығында қытай тарапы 15 мың бланкі тапсырады, содан кейін тасымалдаушылардың орташа тәуліктік қажеттілігі есептеліп, күн сайынғы беру тәртібі белгіленеді.
Бұл ретте, 2026 жылдан бастап рұқсат бланкілерін сандық шектеусіз, яғни шексіз түрде беру жүйесіне көшу жоспарлануда. Осылайша қытайға электронды кезек жүйесі арқылы кіретін барлық көлік құралдарына, ҚХР заңнамасын бұрын бұзбаған жағдайда, рұқсаттар автоматты түрде берілетін болады.
«Халықаралық жүк тасымалы секторы Қазақстан экономикасында стратегиялық рөл атқарады. Ол отандық өндірушілер мен шетел нарықтары, сондай-ақ транзит арасындағы нақты байланысты қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда, жаһандық логистикалық тізбектер қайта құрылып, өңірлік бәсекелестік пен цифрландыру күшейіп жатқан жағдайда, қазақстандық тасымалдаушылардың маңызы артып келеді», – деді «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры – басқарушы директордың міндетін атқарушы Қуаныш Ермұханов.
Бұған дейін, 2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен Қытай рұқсаттармен алмасудың электронды форматына көшкен болатын, бұл қазақстандық тасымалдаушылардың халықаралық бағыттардағы үлесін арттырып, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етті.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП халықаралық автотасымал саласында рұқсат беру рәсімдерін жетілдіру мен процестерді цифрландыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. 2024-2025 жылдары Палата электронды рұқсат беру пилоттық жобасына қатысты рәсімдерді жеңілдету, жалпы рұқсаттарды квоталау (үлестіру) жүйесін ашық ету және артық сатыларды қысқарту жөнінде ұсыныстар енгізді. Сондай-ақ шекара инфрақұрылымын жетілдіру және «CarGoRuqsat» электронды кезегін дамыту мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы 31 қазанда салалық қауымдастықтардың (KAZLOGISTIC, ҚазАТО, САПЭК, АНИП және т.б.) қатысуымен өткен дөңгелек үстелде халықаралық автотасымалдар нарығына талдау нәтижелері мен автопаркті жаңарту және саланы цифрландыру жөніндегі ұсынымдар берілді.
Жалпы, ҚР Көлік министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде шамамен 15,4 мың тасымалдаушы тіркелген, олардың пайдалануындағы 61,9 мың көліктің 24%-ы халықаралық рейстерге рұқсаты бар. 2024 жылы халықаралық автотасымал көлемі шамамен 24 млн тоннаны құрады, оның 16 млн тоннасы импорт, 8 млн тоннасы экспорт үлесіне тиесілі.
Алайда Палата өкілдері салада әлі де бірқатар өзекті мәселенің бар екенін айтуда: автопарктің орташа жасы жоғары (12 жылдан астам), халықаралық деңгейдегі кәсіби жүргізушілер жетіспейді, шағын және орта бизнеске лизинг пен қаржыландыру құралдарының қолжетімділігі шектеулі, сондай-ақ шетелдік тасымалдаушылар қызметіне және рұқсаттарды үшінші тұлғаларға беру тетіктерінің әлсіз бақылауы әділ бәсекеге кедергі келтіреді.
Осыған орай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы халықаралық автотасымал саласының әлеуетін арттыру және логистика мен транзитті дамытудың нақты тетігіне айналдыру үшін бірқатар басым бағыттарды ұсынды.
«Рұқсат беру мен бақылау жүйесін толық цифрландырып, «CarGoRuqsat», «CarGoAlem» секілді платформаларды біріктіру, шекарадағы инфрақұрылымды жетілдіру, жүргізушілердің кәсіби даярлығын реттеу және виза мәселелерін шешу арқылы жұмыспен қамтуды және әділ бәсекені қамтамасыз ету ұсынылды. Сонымен қатар Палата автопаркті жаңартуға, шағын және орта тасымалдаушыларды қолдауға арналған лизингтік және қаржылық бағдарламаларды кеңейту қажеттігін атап өтті. Заң шығару процесінде бизнес өкілдерінің қатысуын қамтамасыз ету және олардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша кері байланыс тетігін күшейту де маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындалды», - деді Қуаныш Ермұханов.
Қытаймен жасалған келісім – маңызды кезең, бірақ түпкі мақсат емес. Оның жүзеге асырылуы көлік-логистика саласындағы келесі реформалардың бастауы болуға тиіс. Бұл ретте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы саланы цифрландыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және отандық тасымалдаушылардың халықаралық нарықтағы мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастыратын болады.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: