«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Арнаулы салық режимдері: бизнес пен мемлекеттің ортақ мүддесі қалай сақталмақ

2025 жылғы 16 Қазан
657 просмотров

Ұлттық экономика министрлігі шектеулер жеке кәсіпкерлердің басым бөлігіне әсере ете қоймайды деп сендіруде, алайда IT-сектор, ТКШ, зергерлік сала мен креативті индустрия шағын бизнестің тәуекелдерін ескеруді сұрайды.

Бүгін – тыйым салынатын қызмет түрлері бойынша НҚА жобасын қоғамдық талқылаудың соңғы күні.

Кеше Мәжілісте депутаттар, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, «Атамекен» ҰКП, салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлердің қатысуымен аталмыш құжат кеңінен талқыланды.

Талқылаудың басты тақырыбы – арнаулы салық режимдерін (АСР), соның ішінде оңайлатылған декларацияны қолдануға тыйым салынатын экономикалық қызмет түрлері (ЭҚЖЖ) тізімі болды.

Айта кетсек, бұл тізімді қайта қарау жұмысы қызу жүріп жатыр, өйткені қазіргі нұсқаның өзі саладағы барлық түйткілді мәселені анық көрсетіп берді.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Салық кодексін дайындау жұмысы барынша ашық түрде, «Атамекен» ҰКП, бизнес-қауымдастық және салалық бірлестіктермен тығыз ынтымақтастықта жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде айтарлықтай алға жылжу байқалды: 1111 ЭҚЖЖ-ның 316-сына АСР қолдануға рұқсат берілсе, 795 ЭҚЖЖ тыйым салынатын тізімге енгізілген.

Алдын ала тізім Legalacts платформасында жарияланып, 800-ден астам ұсыныс пен ескерту жиналды. Қоғамдық пікірлерді ескеру үшін талқылау мерзімі 16 қазанға дейін ұзартылған болатын.

ҰЭМ мәліметінше, тыйым салынған ЭҚЖЖ саны көп болғанымен, оңайлатылған декларацияны қолданатын 1,4 млн ЖК-нің 70%-ы рұқсат етілген 30% ЭҚЖЖ аясында жұмыс істейді. Демек, шағын бизнестің басым бөлігіне шектеу әсер етпейді.

Әмриннің айтуынша, тыйым салудың басты мақсаты – бизнесті ұсақтау схемаларын тоқтату және ірі сауда айналымын тұмшалап, үлкен корпорациялармен жұмысын жасыратын компанияларды көлеңкеден шығару.

Оның айтуынша, тыйым салынған тізімге негізінен мынадай қызметтер енген:

- Ірі айналым мен көтерме сауда, яғни дәстүрлі түрде ірі бизнеске жататын салалар, олар жалпыға бірдей салық режимінде жұмыс істеуге және ҚҚС төлеуге тиіс;

- Әдеттегі емес B2B-айналымдар – мысалы, аяқ киім тазалаушы, астролог, нумеролог, жүк тасымалдаушы сияқты жеке тұлғаларға қызмет көрсетуге арналған ЭҚЖЖ, алайда салық есептерінде олар заңды тұлғаларға қызмет көрсетіп, 2 трлн теңгеге жуық айналым жасаған. Бұл – салықтан жалтарудың айқын белгісі.

«Мұндай көлемде қызметтерді жеке тұлғаларға көрсету мүмкін емес. Бұл – АСР-ды корпоративтік табыс салығын (КТС) азайту үшін осы режимді қолданудың нақты дәлелі», – деді Азамат Әмрин.

Талқылау кезінде бірқатар сала өкілдері – креативті индустрия (БАҚ, туризм, зергерлік бұйымдар), ТКШ және білім беру саласы мекемелері (жеке мектептер мен колледждер) өздерінің ЭҚЖЖ кодтарын тыйым салынатын тізімнен алып тастауды сұрады. Олар бұл бизнесті жабуға, жұмыс орындарының қысқаруына, саланың тоқырауына алып келетінін ескертті.

Зергерлік сала өкілі Қайрат Шарабай осындай шектеулер қазақтың зергерлік өнерін жоюы мүмкін екеніне назар аударды.

«Бүгінде отандық зергерлік сала әрең күн көріп отыр, бәсекелестік өте жоғары. Өзбекстан мен Қырғызстан бұл салада бізден әлдеқайда алда. Бірегей бұйым жасау – үлкен шығармашылық еңбек, ал ол қазірдің өзінде өзін-өзі ақтамай отыр. Біз – қолөнершіміз, бірақ ешкімге де орта білімді зергер деуге болмайды – көпшілігіміздің жоғары кәсіби біліміміз бар. Егер біз «Cartier», «Tiffany» жасап отырсақ, әрине, үлкен көлемде салық төлер едік. Бірақ біздің бұйымдар арзан, ал бізге АСР қолдануға тыйым салынса, қазақстандық зергерлік сала түбегейлі жойылады. Ондай жағдайда ешкім жұмыс істемейді», – деді Қайрат Шарабай.

Креативті және зергерлік индустрия өкілдері микро- және шағын бизнес үшін АСР-ды сақтауды сұрап отыр. Себебі, салық жүктемесінің артуы – дарындар мен шеберлердің салық режимдері жеңілірек көрші елдерге немесе көлеңкелі секторға кетуіне әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру рұқсат етілген тізімде қалса да, жеке мектептер, колледждер мен қосымша білім беру курстары АСР қолдану тізімінен тыс қалып отыр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, бүгінде Алматыдағы мемлекеттік мектептерде оқушы орындары тапшы, ал егер жеке мектептерге салық жүктемесі артса, олар бағаны көтереді, салдарынан ата-аналар балаларын мемлекеттік мектептерге ауыстырады, бұл әлеуметтік дағдарысқа алып келуі мүмкін. Бұл мәселе қосымша білім беру ұйымдарына да қатысты.

Қазақстанда сәтті дамып жатқан IT-сала да тәуекел тобында. Себебі, Astana Hub жеңілдіктеріне кірмейтін, бірақ экспортқа жұмыс істейтін жеке IT-мамандар тыйым салынған тізімге енген. Олар шетелде тіркелуге мәжбүр болуы мүмкін.

«IT-мамандарды салық төлеу емес, есеп жүргізу мен декларация тапсырудың күрделілігі алаңдатады. Олар мобильді, басқа елдерге оңай көшіп кете алады. Қазір Қазақстан Беларусь пен Ресеймен салыстырғанда бәсекеге қабілетті бола бастаған еді, ал бұл шаралар IT-саланы қайта кері итеруі мүмкін», – деді IT-қауымдастық өкілі Алексей Пападченко.

Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін сервистік компаниялар да (клининг, инженерлік жұмыстар) тыйым салынған тізімге енген. Олар заңды тұлға – МИБ-пен келісім жасаса да, қызметтің тікелей тұтынушысы 99,9% жағдайда – тұрғындар, яғни жеке тұлғалар. Оларды жалпыға бірдей белгіленге режимге көшіру тарифтердің өсуіне, тиісінше – әлеуметтік наразылыққа алып келеді.

Туризм саласы да дабыл қағуда. Кірме және ішкі туризм саласында қызмет көрсететін туроператорлар мен турагенттер ЖК қызметтеріне кеткен (гидтер, көлік қызметі, орналастыру нысандары) шығындарды шегерімге жатқыза алмау бұл туризм түрін бизнесті тиімсіз етеді әрі мемлекет үшін басым бағытты тығырыққа тірейді.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Үкімет пен салалық мемлекеттік органдарды – Ауыл шаруашылығы министрлігін, Өнеркәсіп және құрылыс миинистрлігін және басқа да ведомстволарды тек бақылаушы болудан қалып, салалық кедергілерді жоюға белсенді араласуға шақырды. Мысалы, зергерлерге қатысты заңсыз алтын мәселесі, медицинадағы баға белгілеу саясаты – шағын және орта бизнестің дамуына және салық төлеуіне кедергі болып отыр.

Азамат Әмрин өз кезегінде министрлік шағын және ірі бизнесті нақты ажыратуға болатын ЭҚЖЖ үшін немесе негізінен жеке тұлғалармен жұмыс істейтіндер үшін ерекше жағдайларды қарастыруға дайын екенін айтты.

Қорытынды шешім мен тізімнің бекітілуі осы айдың соңына дейін Үкімет отырысында болады деп күтілуде.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174