«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңарған кодекс бизнеске не береді?

2025 жылғы 05 Тамыз
- Абай облысы
485 просмотров

Қазақстан Республикасының салық саясаты жаңа кезеңге қадам басты. 2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін және оған ілеспе заңнамалық түзетулерді мақұлдады.

Құжаттың негізгі ерекшелігі — салық жүйесін барынша ашық, әділ әрі тиімді ету. Кодекс бизнеске артық салмақ түсірмей, есептілікті 30 пайызға қысқартуды, салық түрлерін 20 пайызға азайтуды көздейді. Сонымен қатар, бірқатар жеңілдіктер мен міндетті алымдарға қатысты өзгерістер енгізіліп, құрылымдық оңтайландыру жүргізіледі.

Осындай жаңартылған нормаларды өңірлерде түсіндіру мақсатында құрылған орталық жұмыс тобының алғашқы сапары Абай облысынан бастау алды. Делегация құрамында Парламент Сенатының депутаты Е.А. Больгерт, Қаржы вице-министрі Е.Е. Біржанов, Әдіснама департаментінің директоры О.А. Абдрахманов бар. Аталмыш жиынды Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры М.А. Суйчинов жүргізді.

Кездесу барысында салық саласындағы жаңа тәсілдер таныстырылып, кәсіпкерлерге арналған нақты механизмдер түсіндірілді. Атап айтқанда, корпоративтік және жеке табыс салығы, инвестицияларды ынталандыру шаралары, ауылшаруашылығы субъектілеріне берілетін жеңілдіктер, салық жүктемесін қайта бөлу жолдары туралы толық ақпарат берілді.

Жаңа Салық кодексінде шағын және ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, микробизнес субъектілеріне арналған арнайы режимдер сақталып, кейбір қызмет түрлері үшін салықтан толық босату қарастырылды. Ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін қосымша құн салығына берілетін жеңілдік 80 пайызға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, есеп беру тәртібі оңайлатылып, бұрынғы бірнеше құжаттың орнына бір ғана біріктірілген есеп нысанын тапсыру мүмкіндігі енгізілді. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, олардың уақытын үнемдеуге жол ашпақ. Жаңартылған Кодексте мұнан өзге де бизнеске тиімді тұстар қарастырылған.

Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы қаңтардан бастап қолданысқа енеді. Осы кезеңге дейін мемлекет аймақтық деңгейде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жалғастыра бермек.

Қалалық Мәдениет сарайында ұйымдастырылған кездесуде кәсіпкерлер өздерін толғандырған маңызды сауалдарын қойып, тиісті түсініктемелер алды. Ашық форматтағы пікір алмасу барысында жаңа салық саясатына қатысты ұсыныс-пікірлер де тыңдалды. Бұл үдерістің тиімді жүзеге асуы мемлекет пен бизнес өкілдерінің өзара сеніміне негізделеді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер