«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сауран ауданында кәсіпкерлікті дамытуға арналған қолдау шаралары талқыланды

2025 жылғы 01 Шілде
- Түркістан облысы
274 просмотров

Сауран ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған кеңейтілген жиын өтті. Іс-шараның басты мақсаты – кәсіпкерлік субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдау құралдарын талқылап, аудан аумағында өндірістік жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін айқындау болды.

Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Түркістан облыстық филиалының басшысы, Аграрлық несие корпорациясы, «Ырыс» және «Атамекен» микроқаржы ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Сауран аудандық филиал директоры және облыстық кәсіпкерлік басқармасының Сауран ауданындағы өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ауданда өндіріс саласын дамыту үшін қаржы ұйымдары арқылы құрал-жабдық сатып алуға арналған қаржыландыру тетіктері қарастырылды. Сондай-ақ, Сауран ауданы әкімдігі тарапынан инвестициялық жобаларға жер телімін бөлу және қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері айтылды.

Сонымен қатар, көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлерге аудан аумағында тауар өндіретін бизнес ашу жөнінде ұсыныс айтылды. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдары, жеңіл және тамақ өнеркәсібі бағыттарында айтарлықтай мүмкіндік бар екені атап өтілді.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев бұл жиынның маңыздылығын атап өтті:

«Сауран ауданы – өндірістік әлеуеті зор өңір. Бүгінгі жиында көтерілген мәселелер кәсіпкерлердің нақты жобаларға бет бұруына түрткі болады. Палата тарапынан жергілікті бизнеске қаржылық емес қолдау көрсету, жобаларды сүйемелдеу, оқыту және құқықтық көмек көрсету жалғасын табады», – деді ол.

Жиын қорытындысында мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өндірістік кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты қадамдар жасау қажеттілігі келісілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер