«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан-Болгария бизнес-форумы: сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

2025 жылғы 09 Маусым
367 просмотров

2025 жылғы 9 маусымда Астанада Қазақстан мен Болгарияның мемлекеттік органдары, іскер топтары және дипломатиялық миссиялары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Болгария бизнес-форумы өтті. Іс-шара Болгария Республикасының Президенті Румен Радевтің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында ұйымдастырылды.

Форум барысында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы атынан Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов сөз сөйлеп, екіжақты өзара іс-қимылдың басым бағыттарын атап өтті және екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілігін білдірді.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Болгария арасындағы тауар айналымы төрт есе өсіп, 375,2 миллион АҚШ долларына жетті. Қазақстандық экспорт 11 есеге ұлғайып, шамамен 304 миллион долларды құрады. Қазіргі саяси қолдау мен бизнестің қызығушылығын ескере отырып, елдеріміздің әлеуеті бұдан да тиімді жүзеге асады деп сенемін», — деп атап өтті ол.

Қазақстанның Болгарияға экспорты құрылымында металлургия және химия өнеркәсібінің өнімі — атап айтқанда, мыс, ферроқорытпалар, уран, мұнай өнімдері, мырыш және алюминий басым. Ал Болгариядан импортталатын тауарлар фармацевтика, химия және электротехника салаларына, машина жасау мен тамақ өнімдеріне жатады.

Бүгінде Қазақстанда болгар капиталының қатысуымен 61 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында:
    •    ARKA-RESURS — тұрғын үй құрылысы саласындағы жобаларды іске асыру,
    •    ИНТЕКС ГРУП — кең ауқымды тауарлар көтерме саудасы,
    •    GLOB CONSALTING 8 — денсаулық сақтау саласындағы қызметтер,
    •    RBL FOOD — азық-түлік өнімдерін жеткізу.

Форум барысында Мұрат Қарымсақов Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны таныстырды. Аталған платформа 1 280 инвестициялық жобаны біріктіріп, инвесторлар, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ елдегі инвестициялық ахуалға деген сенімді арттырады.

Форум Қазақстан мен Болгария арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамытуда маңызды кезеңге айналып, жаңа инвестициялық бастамаларға, технологиялық серіктестікке және өзара сауданың кеңеюіне негіз қалады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер