«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Іскерлік байланыстарды нығайту: Қазақстан мен «БеНиЛюкс» елдері экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде

2025 жылғы 04 Маусым
2373 просмотров

2025 жылғы 4 маусымда Брюссель қаласында Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің үшінші отырысы өтті. Іс-шара сауда, инвестиция және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Іс-шараға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұхан, Қазақстандағы Бельгия Корольдігінің Елшісі Анри Вантигем, Қазақстандағы «БеНиЛюкс» Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Денис Ван ден Веге, Брюссель Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Тьерри Геертс, Бельгия, Нидерланды, Люксембургтің сауда-өнеркәсіп палаталарының делегаттары, сондай-ақ 50-ден астам қазақстандық және бельгиялық компания өкілдері қатысты.

Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің тең төрағасы ретінде сөйлеген сөзінде Мұрат Қарымсақов:

«Өзара сауда көлемінің артуы Қазақстан мен «БеНиЛюкс» елдері арасындағы экономикалық байланыстардың тұрақты нығайып келе жатқанын айқын көрсетеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы тауар айналымы 5,68 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артты. Бельгиямен тауар айналымы 456,3 млн АҚШ долларын құрады», – деп атап өтті.

Қазақстанның Бельгияға экспортының негізгі бөлігін зығыр тұқымы, титан мен оның бұйымдары, хром, кендер, көмір, этил спирті және қара металл өнімдері құрайды. Ал Бельгиядан импорт негізінен жоғары технологиялы өнімдерді қамтиды: дәрі-дәрмектер, вакциналар, мұнай-химия саласына арналған жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасы, сүзу құрылғылары мен химиялық компоненттер.

Кездесу барысында инвестициялық өзара іс-қимылға да ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Қазақстанда бельгиялық капиталы бар 76 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында:

- Ақтау портында түбін тереңдету жобасын іске асырып жатқан Jan De Nul;

- Мұнай-газ саласына арналған ауыр жабдықтарды жеткізумен айналысатын Sarens Group;

- Алматыдан мультимодальды тасымал ұйымдастыратын Ahlers;

- Сумен тазарту саласында жұмыс істейтін Puratos;

- сондай-ақ химия, құрылыс, энергетика және экология салаларында белсенді жұмыс істейтін Solvay, Besix, Evolion, Induss компаниялары бар.

Отырыс барысында инвесторлармен жұмыстың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында құрылған Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа таныстырылды. Платформа 87,6 млрд АҚШ долларын құрайтын 1280 инвестициялық жобаны біріктіріп, инвесторларға жобалардың жүзеге асырылу мәртебесі туралы нақты уақыт режимінде ақпарат ұсынады.

Тараптар логистика, ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика және инновациялық технологиялар сияқты жаңа әріптестік бағыттарын дамытуға өзара қызығушылық танытты. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы бельгиялық, нидерландтық және люксембургтік компаниялардың қазақстандық нарыққа шығуын жан-жақты қолдауға дайын екенін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер