«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес: Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі Жол картасы жетілдіруді қажет етеді

2025 жылғы 23 Мамыр
758 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Орнықты даму және ESG жөніндегі Кеңесте Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясын іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасы талқыланды.

Жиында Орнықты даму және ESG жөніндегі кеңестің төрағасы Юлия Якупбаева бұл құжаттың 18 жұмыс тобына біріккен 300-ден астам сарапшының ауқымды бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

«Бұл – біз соңғы бір жарым жыл бойы дайындалған, ерекше маңызды құжат. Ұсыныстарды жинақтап, құрылымға келтіру оңай болған жоқ. Сондықтан жол картасының бүгінгі ықшам әрі құрылымдалған нұсқасы кең ауқымды талқылауға дайын. Циркулярлық экономика, цифрландыру, климаттық тәуекелдер атласы, қалалық жоспарлау және мемлекеттік қолдау шаралары сияқты нақты блоктардың айқындалуы – бұл үлкен жетістік. Сонымен қатар, іс-шаралардың басталу мерзімінің көрсетілмеуі секілді кейбір тұстары нақтылауды қажет етеді», — деді Юлия Якупбаева.

Жол картасы Стратегияны іске асыруда шешуші рөл атқарады, себебі ол көміртекті төмендету мақсаттарын мемлекеттік және салалық саясат деңгейінде нақты тетіктер мен кезеңдерге айналдырады. Бұл құжат барлық экономикалық салалар мен мүдделі тараптардың күш-жігерін үйлестіруге арналған негізгі құрал болып табылады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Экология және орнықты даму департаментінің басқарушы директоры Адина Қарымсақтың айтуынша, аталмыш құжат экономиканың барлық саласына қатысты болғандықтан, оның табысты жүзеге асуы мемлекеттік органдардың белсенді қатысуына тікелей байланысты.

«Бұл құжат іс жүзінде барлық экономика салаларына қатысты. Бизнес-қоғамдастық әдеттегідей өз бастамаларымен белсенді. Алайда, құжатты сапалы түрде жетілдіру үшін барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың толық қатысуы қажет. Біз барлық мүдделі тараптарды нақтылау мен нақты іс-шараларды пысықтау жұмысына белсенді араласуға шақырамыз», — деді Адина Қарымсақ.

Жобаның әзірлеушілерінің бірі – «Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы» ЖШС-нің басқарушы серіктесі Қуаныш Бейсенғазин Жол картасының ел экономикасының моделін түбегейлі трансформациялауға бағытталған мақсаттық құжат екенін мәлімдеді. Онда алғаш рет 2060 жылға дейінгі онжылдықтар бойынша елдік және салалық деңгейде мақсатты индикаторлар белгіленіп отыр. Сонымен қатар, отандық бизнес пен халықаралық сарапшылардың ұсыныстары құрылымдалды.

«Rakurs Consulting Group» ЖШС-нің басқарушы серіктесі Досым Қыдырбаев құжаттың құрылымдалғанын, бірақ әлі де жүйелілік пен үйлесімділікті талап ететінін жеткізді:

«Құжат жүйелене түскенімен, институционалдық және реттеушілік тетіктерге басымдық берілген бірыңғай логика қажет. Халықаралық тәжірибемен үйлеспеген жағдайда жасыл қаржыландыруды тарту мүмкіндігі шектеулі болады», -  деді Досым Қыдырбаев.

Бұл сөзді «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бахыт Есекина қолдады:

«Өңірлік даму мәселесі Жол картасының мазмұнынан іс жүзінде тыс қалған. Ал өңірлерді ескерусіз көміртексіздендіру жүйелі түрде іске асыру мүмкін емес. Бұл бағытты елеулі түрде толықтыру қажет», — деді Бахыт Есекина.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар құжатты одан әрі талқылауға және бірлесіп жетілдіруге дайын екендерін білдірді. «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Орнықты даму және ESG жөніндегі кеңес барлық мүдделі тараптарды Жол картасының жобасына ұсыныстар мен ескертулер жолдауға шақырады және тақырыптың маңыздылығын ескере отырып, мемлекеттік органдар мен салалық сарапшылардың қатысуымен салалық пікірталастарды бастамақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер