«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ТІЗІЛІМІ: 2026 ЖЫЛДАН БАСТАП БИЗНЕС ҮШІН НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

2025 жылғы 20 Мамыр
923 просмотров

19 мамыр күні Мемлекет басшысы елдің өндірістік секторы үшін маңызды құжатқа қол қойды. Аталған заң өндірістік салада маңызды жаңашылдықты енгізеді: СТ-KZ нысанындағы сертификаттар мен Индустриялық сертификаттардың орнына қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі (реестрі) құрылатын болады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар аясында қабылданды. Бұл құжат ішкі нарықты қорғауға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған сауда саясаты шараларын қалыптастыруды көздейді.

 

Не өзгереді?

Аталған Заң қолданысқа енгеннен кейін:

  • ҚТӨ бірыңғай тізілімі отандық өндірісті растаудың негізгі құралы болады;
  • «СТ-KZ» сертификаты мен Индустриялық сертификаттар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін беріледі;
  • Қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне толыққанды көшу 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жоспарланған.

 

Айта кетейік, 2025 жылдың соңына дейін СТ-KZ және Индустриялық сертификаттар беру жалғасады. Осы мерзімге дейін ресімделген барлық құжаттар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни өтпелі кезеңнің соңына дейін жарамды.

Маңызды: экспорттық және реэкспорттық сертификаттар бұрынғы заңнамаға сәйкес ресімделе береді, оларға бұл Заң аясында өзгерістер қарастырылмаған. Мұндай сертификаттарды беру «Атамекен» ҰКП құзыретінде қала береді.

Заңның толық мәтінімен adilet.zan.kz ресми құқықтық актілер порталында таныса аласыз.     


Еншілес ұйымдар

Серіктестер