«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

КӘСІПКЕР МЕН МЕМЛЕКЕТ СЕРІКТЕСТІГІ: ӨҢІРЛІК КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНДА АБАЙ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕРІН АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

2025 жылғы 13 Мамыр
- Абай облысы
293 просмотров

 

Жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ мемлекеттік және ұлттық компания өкілдерінің қатысумен Абай облысы Кәсіпкерлер палатасы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Аталмыш жиынның күн тәртібінде кәсіпкерлік субъектілерінің түйткілді мәселелері мен инфрақұрылымдық тарифтері және еңбек ресурстары жөнінде мәселелер қаралды.

Кәсіпкерлік қоғамдастық пен билік өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналған бұл жиынның алғашқы күн тәртібінде өңірімізге еңбек мигранттарын тарту мәселесі сөз болды.

 

Қазіргі таңда Абай облысында жұмыс күшіне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Әсіресе, маусымдық және қара жұмыс күші қажет етілетін салаларда – ауыл шаруашылығы мен құрылыс секторында білікті мамандардың тапшылығы сезілуде. Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлер көршілес мемлекеттерден еңбек мигранттарын тартуға мүдделі екенін жеткізді. Алайда, осы мәселе тұрғысында көші-қон рәсімдеріндегі бюрократиялық кедергілер мен заңнамалық шектеулер кәсіпкерлерге қиындық тудырып отыр.

Аталған мәселе бойынша еңбек көші-қонын реттеу, рұқсат беру механизмдерін жеңілдету, еңбек шарттарын рәсімдеудегі заңнамалық тосқауылдарды жою жөнінде нақты ұсыныстар құзырлы орган өкілдеріне жолданатын болады.

Сондай-ақ, облыстағы кәсіпкерлерге салмақ салып отырған өзекті проблеманың бірі – «Қазақстан Темір Жолы» мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияларының тарифтік саясаты. Бүгінде тауар тасымалы мен жол пайдалану ақысы  өңірдегі кәсіпкерлердің өндірістік шығындарын  арттырып отыр. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде орналасқан шағын және орта кәсіпорындар үшін үлкен ауыртпалыққа айналған. Тарифтердің негізсіз өсімі өңірлік өндіріс қарқынын төмендететінін, сондықтан ұлттық компаниялар тарапынан бизнес өкілдеріне жеңілдіктер қарастырылуы қажет екені айтылды.

Ауыл шаруашылығындағы мәселелеріне жүйелі көзқарас қажет

Күн тәртібінде көтерілген аталмыш мәселе бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің мемлекеттік субсидияларды уақытында толығымен игеруі мен субсидияларға қол жеткізудегі қиындықтарын, инфрақұрылым тапшылығын және техникалық жабдықталу деңгейінің ақсап тұрғандығы тілге тиек етілді. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығының қазіргі әлеуетін арттыру үшін қолдаудың нақты механизмдерін жетілдіру, кәсіп иелеріне сервистік қызмет көрсетуді күшейту және жан-жақты қолдаулар керек.

Іс-шара барысында көтерілген әрбір мәселе нақты талқыланып, шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ жиын соңында қатысушылар билік пен бизнес арасындағы байланыс тетіктерін нығайтып, өңірлік экономиканы дамытуда бірлесе әрекет етуге дайын екендерін білдірді. Аталған кеңес отырысы кәсіпкерлерге ғана емес, мемлекеттік құрылымдарға да жаңа міндет жүктейді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық әлеуетін ашу жолында жүйелі әрі үйлесімді жұмысты талап ететіндігін білдіреді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер