«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырау қаласының әкімдігі кәсіпкерден бір кездері өзі берген жер телімін қайтаруды талап етуде

2025 жылғы 14 Сәуір
- Атырау облысы
945 просмотров

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында «АТК – Галерея» ЖШС-нің проблемалық мәселесі қаралды.

ЖШС заңгерінің айтуынша, 2021 жылы оларға әкімдік өкілдері Атырау қаласында McDonald's мейрамханасын салу туралы өтінішпен жүгінген. Тараптар меморандумға қол қойып, оның аясында әкімдік жер телімін беруге міндеттелсе, серіктестік мейрамхана салумен қатар, қалаға мүгедектерге арналған екі такси сатып алу міндеттемесін алды. Екі жылдан кейін жоба сәтті жүзеге асырылды.

«Бүгінгі күні Атырау қаласының әкімдігі прокуратура және жер ресурстарын басқару департаменті хаттарын негізге ала отырып, мейрамханамыз орналасқан жер телімін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгініп, бірінші сатыдағы соттың шешімімен әкімдіктің талап арызы қанағаттандырылды. Яғни, шарт жарамсыз деп танылса, жер телімінен ғана емес, мейрамханадан да бас тартуымыз керек. Ал бұл біздің қызметімізді тоқтатып, бүгінде 70-тен астам қызметкерлерді жұмыстан шығарып, 1 миллиард теңгеден астам жеке инвестициямызды жоғалтуды білдіреді. Сондықтан біз Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына хабарласып, жоғары тұрған сотқа шағымданбай, мәселемізді медиация тәртібімен шешу мүмкіндігін қарастыруды сұрап отырмыз», - дейді «ATC Gallery» ЖШС-нің заңгері Наталья Сон. 

Кездесуде атап өтілгендей, серіктестікке жер телімі «СПК Атырау» АҚ арқылы берілген.

«Жер телімі инвестициялық жобаға аукционсыз, комиссияның шешімімен, сол кездегі қолданыстағы ережелерді сақтай отырып берілген. Сот шешімімен келіспейміз, біржақты болды деп есептейміз, өйткені мұнда жер телімі мейрамханаға берілді делінген, дегенмен мұнда өз өндірісі, атап айтқанда, нан өнімдері бар. Біз мәселені медиация тәртібімен шешкіміз келеді, әйтпесе аппеляциялық шағым түсіреміз», - деп атап өтті «СПК Атырау» АҚ департамент директоры Қуаныш Үмбетов. 

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері былай деп түсіндірді: Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті 2022 жылы әкімдікпен ӘКК-на жер учаскелерін табыстауға қатысты жұмыстарды атқару барысында қолданыстағы заңнамалардың сақталуына тексеріс жүргізген.

Нәтижесінде, департамент Атырау қаласы әкімдігіне жер заңдылығының бұзылуын жою туралы нұсқама берген. Аталған нұсқамаға сәйкес, әкімдікпен ӘКК-на 5 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен беру туралы шешімі «Жер кодексінің» 18, 37, 44-1 баптарын басшылыққа алып қабылданғанын, бірақ жер телімдері Кодекстің 48 бабының талаптарының негізінде берілуі тиіс екенін және кадастрлық істе инвестициялық немесе инновациялық жобалар тіркелмегенін және тексеру барысында ұсынылмағаны көрсетілген.

Осыған байланысты, кейін Атырау қала прокуратурасы департаменттің қорытындысына сәйкес серіктестікке заңсыз табысталған жер учаскесін сотқа дейінгі тәртіпті сақтай отырып, мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды сұрап, қалалық әкімдікке хат жолдаған.Өз кезегінде, әкімдік экономикалық сотқа жүгініп, ӘКК мен серіктестік арасындағы шартты жарамсыз деп тануын сұраған.

ҚР Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев өз тарапынан келісімнің барлық талаптарын орындаған, жобаны жүзеге асырған, жаңа жұмыс орындарын ашқан, салықты жүйелі түрде төлеп отырған кәсіпкерлік субъектісі әкімдіктің кінәсінен зардап шекпеуі керек.деген пікір білдірді. 

«Жоба іске қосылғаннан кейін екі жыл өткен соң, әкімдік жер телімін заңсыз бергені белгілі болды. Жұмысқа жұмсаған миллиард қаржысы және қызметін тоқтатқанда күтілетін 6 миллиардқа жуық шығыны бар кәсіпкердің кінәсі қандай? Жұмыссыз қалатын команда ше? Біз алдын ала заң сараптамасын жүргізіп, атқарушы органдардың қорытындысын алдық. 2024 жылы жер телімдерін беру кезінде жобаның инвестициялық құнын анықтау қағидаларына өзгерістер енгізілгенін және бұл жоба соларға жататынын атап өткім келеді. Бұл жерді қайтарып алғысы келсе, болашақта оны қалай пайдаланады, кәсіпкерлік мақсатта болса, бұрыннан бар ғимаратты бұзудың не керегі бар, себебі бұл жер басқа мақсатқа жарамсыз деген сұрақтар туындайды. Сондықтан біздің бір ғана ұсынысымыз бар: бұл нысанды заңдастырып, кәсіпкерді жайына қалдыру», - деді Палата өкілі.

Отырысты қорытындылаған Сәрсенбай Жолдыбаев Палатаның әкімдікке бұл жағдайды медиация тәртібімен реттеу туралы ұсыныс енгізетінін хабарлады; болмаса, бизнестің мүддесін сотта қорғайды.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер