Қазақстанда органикалық өнімге бақылау күшейтіледі
«Атамекен» ҰКП органикалық нарықты қорғау шараларын, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және гринвошингке қарсы күрес мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар стандарттарды сақтау маңыздылығын атап өтіп, өнімнің органикалық нормаларға сәйкес келмеуі бойынша айыппұлдар туралы хабарлады
Әлемдік нарықта органикалық өнімдерге сұраныстың артып келе жатқанын ескере отырып, терең әртараптандырудың келесі кезеңі ауыл шаруашылығы дақылдарының органикалық өндірісін дамыту маңызды мәселе.
Органикалық ауылшаруашылық әлемде орасан зор әлеуетке ие. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі органикалық өнім өндірушіге айналуы мүмкін. Бұған минералды тыңайтқыштар енгізілетін және пестицидтермен өңдеу жүргізілетін егістік алқаптарының төмен үлес салмағы ықпал етеді.
«Атамекен» ҰКП органикалық ауыл шаруашылығын дамытуды түбегейлі қолға алды. Қазақстан Үкіметі Ұлттық кәсіпкерлер палатасына осы бағытта жұмыс істейтін Жобалық кеңсе құруды сеніп тапсырғандықтан, 2023 жылы «Атамекен» ҰКП «Organic» мемлекеттік Жобалық кеңсесін іске қосқан болатын. Бүгінде аталмыш кеңсе ірі жобаларды жүзеге асырып, осы бағытта жұмыстарды қарқынды жалғастыруда.
23 қаңтарда «Атамекен» ҰКП алаңында «Organic» Жобалық кеңсесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев пен салалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Басқосуда органикалық нарықты, тұтынушыларды және адал өндірушілерді қорғау мәселелері қаралды.
«Жасыратыны жоқ, нарықта, дүкен сөрелерінде «органикалық таза өнім» деген жапсырмасы бар тауарлар жетерлік. Алайда, ол тауарлардың шын мәнінде табиғи таза өнім болмай жатқан фактілері шаш етектен.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» Заңға қол қойды. Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Жобалық кеңсе алаңында, мемлекеттік органдармен және тиісті мекемелермен бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеуіміз керек. Басты мақсатымыз – халық таза әрі органикалық тауарларды тұтынуға жол ашу», - деді Ербол Есенеев.
Жиында сөз алған «Органикалық өнімдер» ТК 100 Стандарттау жөніндегі Техникалық комитетінің төрағасы Бердібек Булашев тауар сатушы кәсіпкерлер мен сауда желілеріне нормативтік акт жөнінде дұрыс мағлұмат жеткізу маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, гринвошингпен күресуге Денсаулық сақтау және Ауыл шаруашылығы министрліктері де мүдделі. Ол туралы аталмыш құзырлы органдардың өкілдері отырыс барысында мәлім етті.
«Кәсіпкерлер мен органикалық өнімдерді саудалаушы тұлғалар өз өнімдерінің «таза» екендіктеріне күмән келтірмесе өз жұмыстарын алаңсыз жалғастыра береді. Ал, «органикалық» деген атауды бүркемелеп, таза өнім стандартына сай келмейтін тауар өндірушілер өз жапсырмаларын өзгертуі тиіс. Себебі, жаңа Заңға сәйкес мұндай тұлғаларға енді айыппұлдар салынады. Мұның барлығы халықтың денсаулығы үшін жасалынып жатқан қадамдар екендігін ескерген жөн», - деп сөзін қорытындылады Е. Есенеев.
Гринвошингпен күресу жолында бірқатар мәселелердің шеті шықты. Отырысқа қатысушылар тиісті бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында қоғамдық бақылауды күшейтуге уағдаласты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: