Кәсіпкерлерге декларация тапсыру тәртібі түсіндірілді
Шымкент қаласында жалпыға ортақ декларация туралы түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Қалалық кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет көрсету кеңесі аясында өткен жиынға жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Алтынбек, Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасы уәкілетті органдармен жұмыс бөлімінің басшысы Мақсат Рахымбаев, бас маманы Диана Қалды және кәсіпкерлер қатысты.
Мамандардың айтуынша, биыл жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі басталады. Оған сәйкес заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жеке кәсіпкер және олардың жұбайлары өздерінің активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ұсынуы тиіс.
«Декларация ресми түрде «Активтер мен міндеттемелер туралы декларация – 250.00 нысан» деп аталады. Оны кәсіпкерлер биыл тапсырған соң 2025 жылы бұл нысанның орнына кәсіпкерлерге Кірістер мен мүлік туралы декларацияны – 270.00 нысанды тапсыру керек», – деді Мақсат Рахымбаев.
Бөлім басшысының айтуынша, қағаз жүзіндегі есептерді 2024 жылдың 15 шілдесіне дейін, ал электронды нұсқадағы декларациялар 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсырылады.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 10 мың АЕК шегіндегі қолма-қол ақша, нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, құны 3,4 млн теңгеден асатын мүліктер, мысалы, мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар туралы мәліметтерді жалпыға бірдей декларациялау кезінде көрсету керек деп мәлімдеді.
Жиын барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардың жауаптарын алды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: