«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері өзекті мәселелерді талқылады

2024 жылғы 18 Қаңтар
- Шымкент қаласы
6930 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында сауда және қызмет көрсету кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата басшылары, Төтенше жағдайлар департаменті, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшілері, қаладағы қоғамдық тамақтану желісіндегі ірі кәсіпкерлер қатысты.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиевтің модераторлығымен өткен жиынның күн тәртібінде кәсіпкерлік субъектілері үшін мобильді аударымдар ережесі, 2024 жылғы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың декларациясы, төтенше жағдайлардың алдын алу, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау сынды мәселелер қаралды.

«Биыл кәсіпкерлікті тексеруге мораторий аяқталғаны белгілі. Дегенмен, мораторийдің аяқталуы – жаппай тексеру жүреді деген сөз емес. Біз әр жылдың соңында келесі жылдың тексеру кестесін жасаймыз және бару арқылы профилактикалық бақылау жасау кестесін түземіз. Бірінші жартыжылдыққа осындай кестені жасадық. Оны түзгенде белгілі бір талаптар бар. Бізде бүгінгі таңда бірінші жартыжылдыққа бару арқылы профилактикалық бақылауға тек 33 нысан еніп отыр. Тексеру кестесінде 81 нысан бар. Барлық тексеру Кәсіпкерлік кодекс талаптарымен реттеледі. Ол нысандарды сіздер ҚР Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сайтынан көре аласыздар. Бүгінде бару арқылы профилактикалық бақылау тізімі жарияланды, тексеру кестесі жақын арада шығуы керек», – деді Шымкент қаласының санитариялық-экпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов.

Жиында төтенше жағдай мамандары өз саласындағы тексерулер нысандардың тәуекел дәрежесіне сай жүргізілетінін айтты.

«Мысалы, сауда және қоғамдық тамақтану нысандарының аумағы 2 000 шаршы метрден асатын болса, автоматты түрде жоғары тәуекел тобына саналып, тексеру жоспарына енгізіледі. Егер аумағы 2 000 шаршы метрден кем болып, бірақ, сол нысанда өрт немесе жану оқиғалары тіркелген болса, онда да жоғары тәуекел тобына енгізіледі. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит қорытындысы деген түсінік бар. Кәсіпкерлер кез келген нысанға аудит қорытындысын жасап, Төтенше жағдай департаментіне ұсынатын болса, онда 1 жылдық жоспарлы тексеруден босатылады. Ал сол нысанның үстінен тұрғындардың арызы немесе прокурордың талабы түсетін болса, онда тексеру жүргізіледі. Қала аумағында бүгінгі таңда осындай аудит қорытындысын беретін оннан астам жеке ұйымдар бар. Солармен келісім-шартқа тұрып, аудит жасатуға болады», – деді Әл-Фараби аудандық төтенше жағдай басқармасының басшысы Бахадыр Расулов.

Басқарма басшысы қала аумағында орналасқан ірі сауда орталықтарының жер асты тұрақтарына газ қондығысы бар автокөліктерді қоюға сол нысанның иелері жауап беретінін, бұл тұста полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс істеу қажет екенін жеткізді.

Кеңес отырысында Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының уәкілетті органдармен жұмыс бөлімінің басшысы Мақсат Рахымбаев жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың міндетті декларациясы, кәсіпкерлік субъектілері үшін мобильді аударымдар қағидалары бойынша түсініктеме берді, кәсіпкерлердің төлем қабылдағанда түбіртек беруі қажет екеніне тоқталды. Салық маманы жиынға қатысушылардың қосымша сұрақтарына жауап берді.

Жиын барысында, сондай-ақ, нан-тоқаш өнімдеріне қойлатын санитариялық талаптарды сақтау, тағамнан уланудың алдын алу мәселесі талқыланды. Әл-Фараби аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Аида Батырбекова тиісті нормаларды сақтау туралы түсіндірді.

«Тағамнан улану микробтар және олардың токсиндерін, яғни, адамнан адамға берілмейтін улармен ластанған тамақ өнімдерін тұтыну салдарынан туындайды. Ботулизмнің алдын алу үшін көкөністерді консервілеу және ет өнімдерін ыстау кезінде барлық гигиеналық және технологиялық жағдайларды сақтау қажет. Осы орайда көпшілік тамақтану желілеріне азық түлік өнімдеріне мұқият болуды ескертеміз», – деді Аида Батырбекова.

Жиын соңында кәсіпкерлер палатасының басшылығы бұл тұста тиісті мемлекеттік органдар және кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер