«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкенттің екі компаниясы «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы атанды

2023 жылғы 12 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
5173 просмотров

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге сапа саласындағы Президенттің жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығын табыстады.

Жеңімпаздар «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын», «Азық-түлік және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» атты 4 номинациялары бойынша анықталады.

Байқау қорытындысы бойынша Шымкенттің «Әлем-БТ» ЖШС «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында жеңіске жетті. Марапатты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин компанияның бас директоры Асан Балабиевке табыстады.

«Әлем-БТ» ЖШС-нің негізі 2015 жылы қаланған. Қысқа мерзім ішінде фабрика оңтүстік өңірде ғана емес, республика бойынша танылып, шұлық өндірісінің көшбасшысына айналды. Бүгінде отандық тауар әлемнің көптеген елдерінде танылып, сұранысқа ие болған. Компания жетекшілері мұндай марапат одан әрі дами түсуге жетелейтінін айтады.

«Алтын сапа» байқауы – еліміздегі кәсіпкерлік саласындағы ең үздік байқаудың бірі. Біз бұл сайысқа бірнеше жылдан бері қатысып келеміз. Міне, биыл еңбегіміз еленіп, жеңімпаз атанып отырмыз. Бұл – бүкіл ұжымның еңбегі, 300-ден астам қызметкер еңбегінің жемісі. Осылайша біз отандық өнімдердің де бәсекеге қабілетті екенін дәлелдедік. Мұндай марапат өндірістің дәрежесін көтеруге, сапаны одан әрі арттыруға серпін береді. Кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп жүрген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысымыз шексіз», – деді «Әлем-БТ» ЖШС бас директорының орынбасары Ғалымжан Кибатов.

Бүгін Шымкенттің тағы бір компаниясының бағы жанды. «Sweet Ideas-KZ» ЖШС «Іскер – 2023» номинациясында жеңімпаз атанып отыр. Марапатты «Sweet Ideas-KZ» ЖШС директоры Қанат Аксеитовке ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова табыстады.

2016 жылы Шымкент қаласында ашылған фабрика кондитерлік өнімдердің кең талғамын шығарады, бүгінде Қазақстанның ғана емес, ЕАЭО елдерінің тұтынушыларына да кең танылып үлгерген.

«Халыққа көрсететін қызметін барынша сапалы әрі қолжетімді етуге ұмтылатын кәсіпорындар «Іскер» сыйлығымен марапатталады. Биыл біздің компаниямыз осы марапаттатқа ие болып отыр. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Дегенмен, кездейсоқ жетістік емес. Өйткені, бұл табыстың негізінде нәтижелі әрі сапалы жұмыс, адамдар мен экологияға қамқорлық және нарықтың қажеттіліктеріне бейімделу секілді қасиеттер жатыр. Әрине, біз бұл жетістікпен тоқтап қалмай, саламызды ары қарай да дамытуға, болашақта бұдан да үлкен белестерді бағындыру мақсатында жұмыс атқарамыз», – деді «Sweet Ideas-KZ» ЖШС директоры Қанат Аксеитов.

Айта кетейік, байқауда әр номинация бойынша шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъекті бойынша үш сыйлықтан табысталады. Сонымен қатар, байқаудың «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» атты арнайы сыйлықтары қарастырылған. Осылайша жыл сайын 14 лауреат анықталады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер