Кәсіпкерлік палатасының курстарын тәмамдаған шымкенттіктерге сертификаттары табысталды
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында арнайы курс аяқтаған тұрғындар сертификаттарға ие болды. Куәландыру құжаттарын Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев табыстады.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ұйымдастырған курс «Мен – кәсіпкер» жобасы аясында өткен болатын. Бұл жолғы қатысушылар «Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерін пісіру» және «Киім пішу, тігіс тігу» курстарына қатысты.
Тігін өндірісі бойынша – 20, ал кондитерлік өнімдер әзірлеу бойынша 21 қыз-келіншек салалық оқуды сәтті аяқтап, тиісті сертификаттарға ие болып отыр. Олар – жеке кәсіпкерлер немесе өз ісін ашқысы келген азаматшалар. Курсқа ісін жаңадан бастағандар да, тәжірибелі де кәсіпкерлер қатысты.
«Кәсіпкерлер палатасында қаламыздағы қыз-келіншектердің қажеттіліктеріне байланысты оқу курстары қолға алынған. Осы курстарда жыл соңына дейін 120 қыз-келіншекті қамту жоспарланып, кезеңімен іске асып жатыр. Шектеу жоқ, курсқа ісін жаңадан бастағандар да, тәжірибелі де кәсіпкерлер қатыса алады. Оқу – тегін. Ал мерзімі курс түрлеріне байланысты», – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.
Айта кетейік, тігін бағыты бойынша курс – Art School тігін академиясында, ал кондитерлік курс Oliva кулинариялық студиясында өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: