«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкент әкімі өңір кәсіпкерлерінің уәжін тыңдады

2023 жылғы 06 Қазан
- Шымкент қаласы
10393 просмотров

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кәсіпкерлерімен кездесті. Жиынға прокуратура және салалық басқармалардың, кәсіпкерлер палатасының басшылары мен бизнес өкілдері – жалпы 150-ге жуық адам қатысты. Кездесуде іскер азаматтар проблемаларын өңір басшысына тікелей жеткізді.

Жиынды Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасейітов ашып, жүргізіп отырды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков үшінші мегаполистегі кәсіпкерліктің дамуына тоқталды.

– Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасап отыр. Біз, жергілікті атқарушы билік тарапынан қала экономикасын дамыту үшін маңызды, бәсекеге қабілетті жобаларды қолдауға бар ықпалымызды саламыз. Ал кәсіпкерлер бұл бағытта өз міндеттерін әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып атқаруы қажет, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, бүгінде Шымкенттегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің (ШОБ) саны 130 мыңнан асып, жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 214 мың адамға жеткен. Ал ШОБ өндірген өнім көлемі 517,8 млрд теңгені құрап, қаладағы жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайыздан асты. Осы кәсіпкерлерінің мүддесін қорғау бойынша 2023 жылы нәтижелі жұмыстар жүргізілген, деді Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

– Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жанында экономиканың басты бағыттары бойынша 7 салалық кеңес жұмыс істеп жатыр. Бұл кеңестердің басты мақсаты – бизнестің проблемаларын анықтау, оны талқылау және шешу жолдарын қарастыру. Салалық кеңестер қаладағы әр саланың үздік кәсіпорындарынан және белсенді кәсіпкерлер қатарынан құрылған. Бүгінде кеңестерге 250 кәсіпкер тұрақты мүше. Жалпы, 2023 жылы салалық кеңестердің 50 отырысы өтіп, 70 мәселе қаралды. Олардың ішінде республикалық деңгейдегі – 16, жергілікті деңгейдегі – 13, жалпы саны 26 мәселе шешімін тапса, қалғаны қаралып жатыр, – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғауда палата және прокуратура бірге жұмыс атқаруда. Шымкент қалалық прокуратурасы басқармасы бастығының орынбасары Айдархан Доматовтың мәліметінше, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша салық органдарының 3 027 бұйрықтың күші жойылған, 119 кәсіпкердің 200 миллион теңгеден астам материалдық құқығы қорғалды. Түрлі органдардың 6 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердивтің мәліметінше, 2023 жылға кәсіпкерлікті қолдауға және дамытуға бөлінген қаржы көлемі 19 миллиард теңгеден асады. Оның ішінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында – 18,4 миллиард теңге, ал «Іскер қала» бағдарламасы бойынша 1,3 миллиард теңге қаралып отыр.

Жиында бизнестің проблемалық мәселелері мен ұсыныстары кең талқыланды. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оны шешу бойынша ұсыныстарын да айтты.

Атап айтқанда Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының Білім саласы кеңесінің төрағасы, «The English School» ЖШС-ның құрылтайшысы Мақсат Абдукаримов жеке мектептерде оқитын балаларға материалдық көмек көрсету мәселесін көтерді. Кәсіпкердің айтынша, жыл сайын білім беру ұйымдарындағы оқушылардың тамағына бюджет қаражаты бөлінеді, ал жеке мектептерде оқитын балаларды қаржыландыру бойынша мәселе туындауда. Бүгінде Шымкент қаласында 120-дан астам жекеменшік мектепте жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша 40 мыңнан астам бала оқитынын айтқан кәсіпкер жеке мектептер атынан ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Үкіметі алдында қаулыға өзгеріс енгізу туралы өтінішін жеткізді.

Ал «LSM kz» ЖШС құрылтайшысы Ноян Төлегенов соңғы екі жыл ел үшін, соның ішінде бизнес үшін қиын болғанын, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері шығындарға ұшырағанын айтты. Осыған орай бөлшек салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік беретінін алға тартып, қалалық мәслихатқа бөлшек салық мөлшерлемесінің мөлшерін 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуге көмектесуді сұрады. Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі, денсаулық сақтау саласы кеңесінің төрағасы Бекайдар Нұрмашев қала аумағы ұлғайып, тұрғындар саны артып келе жатқанын, осыған орай медициналық ұйымдардағы төсек-орындар санын 6 мыңға жеткізу қажеттілігі туындағанын айтты.

Ал Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «Қазтермопласт» ЖШС басшысы Қанат Досымов «Жұлдыз» индустриялық аймағындағы электр жарығының жетіспеушілігіне тоқталды. Айтуынша, мұнда қазіргі таңда жалпы құны 160 млрд теңгеден асатын 50-ге жуық жоба іске асырылуда. Осы жобаларды уақтылы іске қосу үшін тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету қажет екенін жеткізді. Өңірлік кеңестің тағы бір мүшесі, «Байтерек агро» АӨК басшысы Тахирбек Нишанбаев сүтті фермалар несие алуы үшін «Агро несие корпорациясының» талаптарына сай шаруа қожалығының меншігінде немесе жалға алған жайылым жері болуы міндеттелгенін, ал ҚР Жер кодексіне сәйкес республикалық маңызы бар қалаларда жайылым жерлері деген санат қарастырылмағанын жеткізді. Кәсіпкердің айтуынша, мал шаруашылығын дамыту үшін Еуропа елдерінен алынған асыл тұқымды ірі қара малға жайылым жердің қажеті жоқ.

Жиында сөз алған тағы бір кәсіпкер, Өңірлік кеңестің мүшесі, «Retail Stores Kazakhstan» ЖШС бас директоры Наргиза Керимбаева Шымкенттегі интернет мәселесін көтерді. Айтуынша, қала көлемі ұлғайып, көптеген кәсіпкерлік нысан соғылуда. Дегенмен, интернет және ұялы байланыс мәселесінде қиындықтар бар, дейді кәсіпкер.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және салалық басқарма басшылары кәсіпкерлерді мұқият тыңдап, ұсыныстарын жазып алды, кейбіріне сол жерде жауап берілді. Шаһар басшысы кәсіпкерлерді қала экономикасын әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, отандық өндірісті жолға қою, қоғамдық әл-ауқатты арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков назардағы мәселелерді шешу үшін, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін жайттарды осындай жиында ашық айтып, талқылау үшін мұндай кездесулерді дәстүрге айналдыру қажет екенін тоқталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер