«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте алғаш рет кәсіпкерлер палатасында қадағалаушы орган өкілдері есеп берді

2023 жылғы 28 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
7360 просмотров

Бүгін Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында «Бірыңғай есеп күні» өтті. Мұндағы мақсат заңнама талаптарын бұзудың алдын алу болатын.

Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, қалалық прокуратура басқармасының басшысы Бақытжан Байғозиев, сондай-ақ, мемлекеттік кірістер департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, қаладағы басқа да бақылау-қадағалау органдарының бірінші басшылығы мен кәсіпкерлер қатысты.

 

Мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлер алдында есеп берді және олармен мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі идеяларды талқылады.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың мәліметінше, елімізде 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Әкімшілік қысым индексінің» рейтингі түзілген.

– Осы рейтингке сәйкес, 13 өңірдің көрсеткіші орташа республикалық деңгейден жоғары. Бұл әкімшілік жауапкершілікке тартылған бизнес субъектілерінің үлесі жоғары деген сөз. Еліміз бойынша орташа деңгей 3,6% болса, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 2,1%-ды құрады. Әкімшілік айыппұл салу бойынша елімізде орташа көрсеткіш 26,5% болса, қаламызда 17,1%-ды құрады, – деді Сабира Адамбекова.

Кездесуде мемлекеттік кіріс, еңбек инспекциясы, фамацевтикалық бақылау, жер қатынастары және басқа да мемлекеттік орган басшылары биылғы 8 айда атқарылған жұмыстарын баяндады. Ал кәсіпкерлер өз тараптарынан ұсыныстарын айтып, сұрақтарына жауап алды.

Мысалы, «Даму» облыстық фармацевтикалық және медициналық ұйымдар қауымдастығының директоры Хадиша Әлжанова саладағы шағын кәсіпкерлердің барлығы бірдей еңбек заңдылығын біле бермейтінін айтып, қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановқа кәсіпкерлерге семинар сабақтарын өткізу туралы ұсынысын алға тартты.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов осы және басқа да ұсыныстарды қолдап, кәсіпкерлер арасындағы өзекті мәселелер бойынша алдағы уақытта тығыз байланыста болуға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, «Бірыңғай есеп күні» биыл алғаш рет кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылып, іскер азаматтардың сұрақтары орындауға алынды, тиісті хаттамаға енгізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер