«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері елдің азық-түлік саласы үшін қауіпті – сала өкілдері

2022 жылғы 09 Наурыз
7858 просмотров

Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың жаңа тәсілдерін сала өкілдері премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен онлайн кеңес барысында талқылады.

Жиынға сала қауымдастықтары мен кәсіпорындарының 25 өкілі, салалық министрліктердің вице-министрлері, Парламент депутаттары, облыс әкімдерінің орынбасарлары және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы қатысты.

 Сала өкілдері Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың жаңа тәсілдерін сынға алды. Кәсіпкерлер жаңа механизмді осы жылы іске қосу жоспарланғанына наразы. Демек, барлық қаражат есептеліп, жоспарланып, тіпті жұмсалып қойған кезде бюджет қайта қаралады.

 Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа механизмді өткен жылдың қарашасында әзірлеуді бастаған. Содан бері елдегі ахуал екі мәрте күрт өзгерді. Ал жаңа механизм өткен жылғы жағдай негізінде әзірленген.

 «Ресей және Украинадағы қазіргі ахуалға байланысты елдегі жағдайдың қиындап кету ықтималдығы жоғары. Мұның салдары елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Қиын кезең келе жатыр және негізгі ауыртпалық салаға түседі», – деп атап өтті Қазақстан қант және тамақ өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Айжан Наурызғалиева.

 Кәсіпкерлердің пікірінше, қазіргі жағдайда субсидиялау көлемін қысқартпай, керісінше екі есе ұлғайту керек. Шаруалардың бұл пікірін әкімдіктердің өкілдері де қолдайды. Қазіргі кезде елде азық-түліктің болуына кепілдік беріп, импортқа тәуелді болмау маңызды.

 «Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігінің механизмдері бақылаушы орган, атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қолайлы болуы үшін әзірленген, ал  фермерлердің мүддесі ескерілмеген», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП АӨК комитетінің төрағасы Иван Сауэр.

 Құжаттағы кемшіліктерді депутаттар да атап өтті. Сенатқа қарасты АӨК комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев қолданыстағы субсидиялау ережесін жылдың соңына дейін сақтау керегін алға тартты. Спикер Парламенттегі алдағы жұмыс топтарында субсидиялау шараларын қосымша пысықтауды ұсынды.

 Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке құжатты пысықтау, ал қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын 2022 жылдың соңына дейін сақтау ұсынылды. Бұдан басқа, геосаяси тұрақсыздық, бағам құбылмалылығы және логистикалық байланыстың бұзылуы жағдайында АӨК саласын қолдауға республикалық бюджеттен 350 млрд теңгеден 700,0 млрд теңгеге дейін 2 есе қосымша қаражат бөлу ұсынылды.

 Бұдан басқа, жиынға қатысушылар экономикалық ахуал нашарлаған жағдайда ҚР азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін неғұрлым жоғары деңгейге шығару қажеттігі туындайтынын атап өтті.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер