«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау Бизнес» түлегі «Ару Ана» бизнесте тану» сыйлығын иеленді

2021 жылғы 06 Желтоқсан
- Астана қаласы
4958 просмотров

Елордалық кәсіпкер, көпбалалы ана Аягөз Шнейдер 2021 жылдың қорытындысымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «АруАна бизнесте тану» сыйлығының жеңімпазы атанды.

Өткен жылы «АруАна» сыйлығын әйелдерді тұрақты бизнес құру процесінде қолдау, олардың экономикалық және қоғамдық белсенділігін ынталандыру мақсатында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі тағайындады.

 Нұр-сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бағила Бисембаева марапаттау салтанатын ашып, елордада және жалпы Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға үлкен үлес қосып жатқан әйелдерді қолдауда бұл сыйлықты тағайындау уақтылы шара екенін атап өтті.

 Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы жеңімпазға сыйлық статуэткасы мен сыйлықтың өңірлік деңгейдегі демеушісі «Jysan Bank» атынан қаржылай жүлдені табыстады.

 «Көпшіліктің дауыс беруімен Шнейдер Аякоз Азнабайқызы «АруАна» бизнесте тану» сыйлығының жеңімпазы атанды! Аякоз ханым алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 500 мың теңге көлемінде грант алып, «Жібек» тігін цехын ашты. Өмірдегі қиындықтарға, инсультқа және кейіннен мүгедектігіне қарамастан, ол балаларын тәрбиелеп, іскерліктің үлгісі бола білді. «Бастау» Бизнес» оқу курсынан өтіп, өз кәсібін ашты», – деді Бағила Бисембайқызы.

 Айгөз Шнейдердің бизнесі әлеуметтік маңызы бар кәсіп. Кәсіпкер жұмысқа ерекше қажеттілігі бар адамдарды алып, әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпкер тігін цехын былтыр, пандемия қызған уақытта ашты.

 «Шешілмейтін түйін жоқ, – дейді әйел. – «Жібек» тігін цехын кезінде қуғын-сүргін, аштық, соғыстан аман-есен өтіп, тігін тігудің арқасында бүкіл үлкен отбасымызды асыраған әжемнің құрметіне атадым. Ол балық аулауға арналған торларды тоқып, майданға жіберілген киімдер мен шұлықтар тікті. Әжем өмірде қажет болады деп маған тігу мен тоқуды үйретті. Берген бағыты дұрыс болды».

 Айгөз ханым мүгедектікті алмас бұрын бухгалтер болып жұмыс істеді. Бірақ инсульт алған соң, жұмысқа тұру қиынға соқты. Сол кезде ол тігін тігуді қолға алды. Карантин уақытында маска тікті, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 200 АЕК грант алды, тігін машинасын сатып алды.

 Әкімдіктің қолдауымен орынжай жалдап, цех ашты. Қазіргі кезде цехте 10 адам жұмыс істейді.

 «Персоналды Жұмыспен қамту орталығы арқылы таптым. Келер жылдан церебралды сал ауруы, аутизмге шалдыққан балалар, тоқу курстарын ашқым келеді. Тоқу майда моториканы, зеректікті дамытады. Бұл шара халыққа тегін жүргізілуі үшін  демеуші іздеп жатырмыз», – дейді кәсіпкер.

Айгөз сондай-ақ, өзінің мысалында еңбек және табандылықпен өмірлік қиындықтар болса да жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсеткісі келетінін және соңғы уақытта қазақстандық қоғамда қалыптасқан көпбалалы аналар туралы қалыптасқан қате пікірді осылайша түзеткісі келетінін айтты.

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов «АруАна» бизнесте тану» сыйлығы жыл қорытындысы бойынша жыл сайын өтіп, өңірлік деңгейде 17 марапат және республикалық деңгейде 1 гран-при берілетінін айтты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер