«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте алғашқы индустриялық сертификат берілді

2019 жылғы 10 Шілде
- Шымкент қаласы
9049 просмотров

Индустриялық сертификатты өндірістің толық циклын орындайтын отандық өндіруші – «AZALA Textile» ЖШС алды

Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының Тауардың шығу түбі жөніндегі маман Айгүл Қожабаеваның айтуынша, текстиль шығарушы компания көптеген процедураны өтсе де индустриялық сертификатты дер кезінде алды.

«Сертификатты алу процедурасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде тапсырыс беруші салалық қауымдастық ұсынған  сарапшыны өзі таңдайды, өз алдына сарапшы компанияның құжаттар топтасын тексереді, кейін өндіріске барып, келтірілген мәліметпен жабдықтың сәйкестігін салыстырады», – деді Айгүл Қожабаева.

Маманның айтуынша, салалық сарапшы өндірісте болып, кәсіпорынның құжаттарында белгіленген тауар номенклатурасын шығара алатынын бағалайды, қызметкерлер санын тексеріп, өндірістік жабдық, технологияларды іс жүзінде сынайды, тексерулер нәтижесінде тауарларды өндіру мүмкіндігін, аталған өндірістік қуатты растайды.

«Екінші кезеңде, салалық сарапшы қабылдаған шешім негізінде Кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік орган, өңірлік кеңес, ҰКП-да аккредиттелген қауымдастықтардың қатысуымен өндірісті тексереді, сәйкес келуді бағалау құжаттары, бухгалтерлік және салықтық есеп, қауіпсіздік шараларын ұстануды бағалайды; компания қызметкерлерді оқытуды жүргізеді ме, мемлекеттік наградалар мен гранттарға ұсынылған ұйым ба, барлығы тексеріледі. Осылайша кәсіпорын кезең-кезеңді тексеруден өтеді, нәтижесінде отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілер тізілімен еніп, Индустриялық сертификатты алады», – деді Айгүл Қожабаева.

  Тура осындай тәртіпте «AZALA Textile» компаниясы өндірісінің қуаттылығын растады. Енді бүгінде компания мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерге қатыса алады. Ішкі нарықтағы өткізуден бөлек, «AZALA Textile» компаниясы Германия, Италия, Польша, Бельгия, Дания, тіпті текстиль өнімдерімен әлемді жаулаған Түркияға да өнім экспорттайды. Кәсіпорын кеңейіп, тігін және бояу-өңдеу цехтері ашылған соң «AZALA Textile»  комбинаты Қазақстанда өндірістің толық циклын орындайтын алғашқы текстиль-өңдеу кәсіпорны атанды: мұнда мақтаны өздері өсіреді, өздері өңдеп, түрлі мата шығарады, содан кейін дайын өнімдерді тігеді.

 Комбинаттың қуаты да таң қалдырады. Ірі цехтарда Швейцария мен Бельгияда жасалған заманауи технологиялық білдектер күні-түні жұмыс істейді. Қызметкерлер саны аз: автоматтандырылған жабдық белгіленген жұмысты нақты орындап жатыр. Өнімдегі олқылықты анықтайтын жеке цех те бар. Құлаш-құлаш мата орамдарын жарық астында талаптарға сай келуін егжей-тегжейлі тексереді. «AZALA Textile» ЖШС өнімі люкс санатындағы шипажайлар, демалыс үйлері, фитнес-клубтар және имиджді алдыға қоятын СПА-салондар, мейрамханалар мен кафелерден көруге болады.

 Естеріңізге салсақ, 2019 жыл 1 шілдеден бастап жеңіл және жиһаз өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік сатып алуларға Отандық тауар өндірушілер тізіліміне енген компаниялар ғана қатысады. Тізілімге енудің жалғыз растайтын құжат – «Атамекен» ҚР ҰКП беретін Индустриялық сертификат. Индустриялық сертификаттың бірқатар артықшылығы бар мемлекеттік сатып алуларға қатысу, «Самұрық-Қазына» қорының алдын ала іріктеуінде жиналған балға 20% қосу (2020 жылдың 1 қаңтарынан), отандық тауар, жұмыс және қызметті сыртқы нарықтарда ілгерілетуге кететін шығынды өтеу. Индустриялық сертификаттың жарамдылық мерзімі – 3 жыл.

 «Тізілімге ену үшін электронды цифрлық қолтаңба арқылы doc24.kz сайтында тіркелу қажет. Жеке кабинетте өндіріс орналасқан мекенжай бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтінім және электронды құжаттар топтамасын жіберу қажет», – деді Айгүл Қожабаева.

Индустриялық сертификатты алу ережелері мен тәртібі туралы қосымша ақпарат алу үшін Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасына +7 (7252) 394990 телефоны бойынша хабарласуды сұраймыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер