«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкент кәсіпкерлеріне мемлекеттік органдарымен мәселелерді бір орталықтан шешу мүмкіндігі берілді

2019 жылғы 11 Сәуір
- Шымкент қаласы
8788 просмотров

Кәсіпкерлер қандай да бір мемлекеттік қызмет алуда әуре-сарсаңға түспеуі керектігі Кәсіпкерлер палатасында айтылды

 Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы алаңында бизнес, әкімдік және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Қала әкімінің орынбасары Данат Жұмин жиынды кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалықтан бастады: дүйсенбі күні Шымкент қаласында Бизнеске арналған супермаркет ашылмақ. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетудің бірегей алаңы «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асады, енді барлық мемелекеттік органдардың қызметі үлкен залға шоғырланады.

 «Мұндай бизнес-супермаркеті кәсіпкерлердің қызметін жеңілдетеді: бір маманнан екінші маманға барып, бүкіл қаланы шарлаудың қажеті болмайды. Қызметтері шағын және орта кәсіпкерлікпен анағұрлым байланысқан: әкімдіктер, жер қатынастары, сәулет-құрылыс бақылауы, табиғатты ресурстарын пайдалану және ауыл шаруашылығы сынды 5 мемлекеттік органнның өкілдері кәсіпкерлердің мәселелерін кешенді шешуге атсалысады. Бизнес өкілдері мемлекеттік қызметтің 45 түрі бойынша көмекті бір орыннан алауға мүмкіндік алады. Кәсіпкерлер қандай да бір мемлекеттік қызмет алуда әуре-сарсаңға түспеуі керек», – деп атап өтті Данат Жұмин.

 Кездесу барысында бизнес өкілдері өңірлік деңгейде шешімді талап ететін жүйелі мәселелерді кқтерді. Олар бойынша құрылымды шешім қабылдау мақсатында салалық басқармалар мен табиғи монополиялар субъектілері шақыртылды. Кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер қатынастарында кедергілерге шағымданды. Өкінішке қарай, бизнес әлі жер түйткілдерінен зардап шегуде, соның нәтижесінде олар бітпейтін сот дауларына қалып отыр. Кәсіпкерлер әкімдіктердің жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулыларын жылдап күтуге мәжбүр, тіпті әзірленген жерге орналдастыру жобалары Фронт-офис арқылы өтсе де, Шымкент қаласы әкімдігі мекенжайына сүйемелдеу хаттарымен қамтамасыз етілсе де жағдай өзгеріссіз.

 Жалданбалы жер телімдерін сатып алу және қайтарып алуда да проблемалар бар, сонымен қатар жылжымайтын мүлікті беру және мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуде мәселелер бар.

Кәсіпкерлер табиғи монополиялардың қызмет көрсету саласында кедергілер барын айтты. Шымкент қаласында тауарлы газдың «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қана жеткізушісі екені белгілі. Осы жеткізушінің әрекетіне деген арыздар негізінен алдын ала төлем жасау, тұтынылатын газды алдын ала жоспарлау мәселелеріне, айыппұл санкцияларының жоғары талаптарына байланысты.

 "Бүгінгі кездесудің нәтижесі бойынша әкімдік және Кәсіпкерлер палатасы арасында нақты мерзімдерді және жауапты тұлғаларды белгілеумен  бизнестің мәселелерін шешу бойынша жол картасы жасалады. Жол картаның орындалуы қала әкімдігінің жіті назарында болмақ», – деді әкім орынбасары.

 Айта кетелік, бұл кездесу қала әкімінің кәсіпкерлік мәселелері  жөніндегі орынбасары және жергілікті бизнес өкілдерінің көптен бергі алғашқы кездесуі.

 Мұндай кездесулер ашық пікірлесу алаңына айналды. Кәсіпкерлер түйткілді мәселелерді диалог режимінде басшылыққа жеткізіп, мемлекеттік органдармен еркін форматта пікір-алмасуға мүмкіндік алады.

 «Кездесулердің мұндай форматы жалғасын табады, іс-шараларды ай сайын өткіземіз. Әкімдік бизнестің мәселелері қандай екенін біліп, неге бірінші кезекте назар аудару керектігін білуге мүмкіндік алады. Өзара тиімді байланыс арқылы өңірдегі іскерлік ахуалды жақсарту және әкімшілік процедураларды оңтайландыру бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз», – деді Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қәбіштаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер