«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

АИТВ-ның бизнеске әсері

2017 жылғы 16 Маусым
4613 просмотров

Адамның иммун тапшылығы вирусы компанияңызға қаншалықты әсер етеді?

Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатын қойды. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің 2016 жылғы кезекті есебінде ұлттық экономика рейтингі жарияланды. 2016 жылдың зерттеуіне 138 мемлекет қатыстырылған. Біздің еліміз ­53 орында.

Көпшілік ЖБИ рейтингі 114 көрсеткіш бойынша жасалатынын біле бермейді. Оның қатарында «АИТВ таралуы» және «АИТВ/ЖИТС-тың бизнеске әсері» деген тармақ бар.

Бірінші көрсеткіш бойынша Қазақстан соңғы екі жылда Германия, Австралия, БАӘ, Түркия, Египет, Чех Республикасы мен Хорватия секілді елдердің қатарында Адамның иммун тапшылығы вирусы-инфекциясының (АИТВ-инфекциясының) төмен таралу көрсеткішімен алғашқы орынға көтерілді. Ал «АИТВ/ЖИТС-тың бизнеске әсері» көрсеткіші жыл сайын ақпан-наурыз айларында бизнес нысандарының басшыларынан сұралатын сауалнаманың негізінде бағаланады.

Елдің рейтингі бизнес-құрылымның АИТВ-инфекциясына қатысты ақпарат алу деңгейіне тікелей байланысты. Соңғы зерттеудің нәтижесінде Қазақстан осы көрсеткіш бойынша жалпы рейтингте 80-орыннан 81-орынға түсткен.

Мысалы, ТМД елдері арасында «АИТВ/ЖИТС-тың әсері» индексі бойынша Армения 38-орында, Грузия 44-орында, Молдова 53-орында, Ресей 60-орында, ал Әзірбайжан 69-орында. Бұл елдерде АИТВ-инфекциясының таралуы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болғанына қарамастан осындай деңгейге көтерілген. Керісінше, «АИТВ таралуы» көрсеткіші бойынша бір орынды Қазақстанмен бірдей бөліскен елдердегі компания басшыларының сауалнама нәтижесі бойынша жағдай мүлде басқаша және біздің еліміз артта қалып отыр. Германия 30-орын алған, ал Австралия – 24-орында, Хорватия 6-орында, Египет 1-орынмен көш бастап тұр.

АИТВ таралу жолдары туралы білім деңгейі АИТВ-инфекциясымен ауыру және қауіптілік деңгейін азайтуға қажетті талаптардың бірі. Бүгінге дейін кез келген дерттен сақтанудың басты құралы дұрыс ақпаратты білу болып қала береді.

Компания басшыларына жүргізілетін сауалнама бір ғана сұрақтан тұрады: «Сіздің ойыңызша, алдағы бес жылда төменде келтірілген аурулардың қайсысы сіздің компанияңызға айтарлықтай әсер етеді (өлім жағдайы, еңбекке жарамсыз болу, медициналық және жерлеу шығыны, өнімділік және жұмысқа шықпай қалу, қызметкерді жалдау және оқыту шығыны, табыстар)?». Олардың қатарында АИТВ/ЖИТС та бар. Сауалнамада жауап нұсқалары жеті балдық шкаламен берілген. Олардың қатарында бір ғана дұрыс жауап бар – БИЗНЕСКЕ ЕШҚАНДАЙ ЖАҒЫМСЫЗ ӘСЕРІ БОЛМАЙДЫ және ол 7 санына сәйкес келеді.

Шындығында, құрметті бизнесмендер мен кәсіпкерлер, АИТВ/ЖИТС-тың сіздің бизнесіңізге ешқандай жағымсыз әсері болмайды. Біздің елімізде АИТВ/ЖИТС дерті төмен дәрежеде, ол экономиканың деңгейі мен бизнесті жүргізуге әсер етпейді. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар дертті жұқтырмаған адамдар секілді құқыққа ие, оларды жұмыстан шығаруға немесе жұмысқа қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді.

Қазақстанда АИТВ-инфекциясы тегін емделеді және мемлекет кепілдік береді. АИТВ-инфекциясын емдеуде сіздің бизнесіңіз қосымша шығынға ұшырамайды. АИТВ жұқтырған адамдар жұмыста әріптестеріне жұқтыра алмайды және ұжым үшін қаупі жоқ. Себебі АИТВ ауа арқылы, қол алысқанда, құшақтасқанда, дәретхана, лифт және т.б.көпшілікке арналған орындарды қолданғанда жұқпайды.

ЖИТС орталының мамандары бірлесіп жұмыс істеуге және сіздің компанияңызда АИТВ/Ж-инфекциясын алдын алуға қатысты арнайы дәрістер, семинарлар мен әңгімелесу өткізуге дайын. Сонымен қатар, барлық бизнес-жетекшіні әлеуметтік белсенділік танытуға және Қазақстан Республикасының бәсекелік қабілеті рейтингісін арттыруға ықпал етуге шақырады.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер