«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қой еті Мысырға тасымалданады

2017 жылғы 21 Ақпан
12631 просмотров

Мысыр Қазақстанға Африка елдеріне жол ашатын қақпа болмақ

«Атамекен» алаңында Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Мысыр Араб Республикасының Индустриялық жаңғыру орталығы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Аталған шараға арнайы келген Мысыр Республикасының делегациясы құрамында Қазақстан Республикасындағы Мысыр Араб Республикасының елшісі Хайтам Камель, МАР Индустриялық жаңғыру орталығының атқарушы директоры, ЭКСПО-2017 Бас комиссары Ахмед Таха, МАР Индустриялық жаңғыру орталығының өкілі Басма Хатер,  ІМС мысырлық жиһаз саласының  жетекшісі Лейла Адель, ҚР-дағы Мысыр Араб Республикасының елшілігі өкілдері Раимжан Мұзафаров, Ахмед Мохамед Ильсаид болды.  

Аталған шараға Қазақстан сыртқы сауда палатасы атынан палата төрағасы Аян Еренов және орынбасары Нұралы Қасымов қатысты.

Естеріңізге салайық, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы (ҚСП) 2014 жылдың 29 шілдесінде құрылған болатын.  ҚСП  «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 100% еншілес компаниясы. Қазақстанның сыртқы сауда палатасының алдына қойылған негізгі міндет – сыртқы экономикалық салада қазақстандық бизнестің мүддесін қорғау.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық меморандумына Қазақстанның сыртқы сауда палатасы төрағасы Аян Еренов және МАР Индустриялық жаңғыру орталығының атқарушы директоры, ЭКСПО-2017 Бас комиссары Ахмед Таха қол қойды.

«Бұл меморандум екі ел арасындағы қатынасты, жаңа бағыттағы экономикалық дамуды жақсартады. Дегенмен, Мысыр Қазақстанға инвестиция тартатын бағыт емес. Есесіне Қазақстан бұл араб мемлекетіне өз өнімін сата алады. Бастысы ауыл шаруашылығы өнімдері жүйелі түрде  экспортталатын болады. Мысырды қазақстандық бидай мен қой еті қызықтырады, бұл отандық кәсіпкерлерге шетел нарығына шығуға үлкен мүмкіндік. Бүгінгі таңда теңгенің басқа валюталарға қатынасы төмендеп тұрған кезеңде қой етін Мысырға тасымалдау тиімді. Бұл жағдай қазақстандық тауардың бәсекелестік қабілеттілігін арттырады», – деді ҚСП төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов.

ҚСП өкілі мәліметінше Мысыр Республикасы шет елдерден жылына 100 мың тонна ет сатып алады, соның 5%  Қазақстанға тиіселі, яғни кәсіпкерлер жыл сайын 5 мың тоннаға дейін қой етін сатуға мүмкіндіктері бар. Бұдан басқа Мысырға бидай, ұн және жасымық сынды дәнді дақылдар да экспортталады. Жүйелі экспорттау биылдан бастап қолға алынады, бастысы отандық бизнесмендердің әлеуеті. Шығысқа тауар экспорттауда айтарлықтай әкімшілік кедергілер жоқ. Араб елдеріне ең бастысы халал сертификациясы мен сапа стандарттары, ал осы талаптармен жергілікті кәсіпкерлер жақсы таныс.

«Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 49 млн АҚШ долларын құрайды. Оның 17 млн Мысыр елінен бізге әкелінетін тауар, олар көбіне фармацевтикалық өнімдер, қалған сома отандық экспортқа тиесілі. Биыл Мысыр елінен Экспо-2017 Халықаралық көрмесіне делегация күтідеміз. Сондай-ақ, осы тұрғыда бір айдан кейін Халықаралық жиһаз көрмесі өткізіледі, онда мысырлық 6 жиһаз компаниясы қатысады.», –деді Сыртқы палата өкілі.

Айта кетелік, Мысыр еліне тауар тасымалдау түрлі бағыттармен жүзеге аспақ, оның ішінде әуе қатынастары да бар. Бір бағыт  Каспий теңізі арқылы Иранға, Ираннан Мысырға жол тартса; екінші бағыт Ресейдің Новороссийск порты арқылы Қара теңізге, ары қарай Мысырға шығу, Ал Мысыр елі өз алдына Қазақстан үшін Таяу Шығыс пен Африка нарығына жол ашатын хабқа айналмақ.

«Біздің мақсат ел арасындағы бар байланысты қайтадан жандандыру. Астана Халықаралық Экспо-2017 көрмесі өтеді, онда 300 ден 500-ге дейін түрлі саладағы мысырлық компания қатысады. Бүгінде Қазақстан мамандарына 32 танымал мысырлық компаниялар туралы толық мәліметті беріп отырмыз, қазақтар олармен алдын ала таныса алады. Мысыр Қазақстан үшін Африка мемлекеттеріне мүмкіндік ашатын қақпа болмақ. Біздің ынтымақстастық жақсы қарқында дамиды деп сенмін», – деді МАР Индустриялық жаңғыру орталығының атқарушы директоры, ЭКСПО-2017 Бас комиссары Ахмед Таха.

Қазіргі таңда екі ел арасындағы қолға алынған жоба ретінде Қазақстанның Мысыр Республикасына арнап Астана қаласында жер учсакесін бөлгенін айтуға болады. Осы алаңда келешекте екі елдің ірі бизнесмендердің қатысуымен  түрлі шаралар ұйымдастырылып, тиімді келісімдер жасалады, жаңа жобаларға жол ашылатын болады.

Құжаттарға қол қойылған соң тараптар екі елдің ұлттық ерекшеліктері мен тарихтарынан сыр шертетін естелік бұйымдармен алмасты. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер