«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан және Чехия: көлік жасаудан қыш бұйымдарға дейін

2017 жылғы 06 Ақпан
17154 просмотров

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Чехияның Экономикалық палатасы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Чехия бизнес-форумы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысын нығайтуға, тауар айналымын арттыру мәселелеріне арналды. Іскерлік кездесу Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында көрсетілген бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту міндетіне бағытталған.

Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Аян Еренов Чехия делегаттарымен кездесу әуелден жоспарланғанын және бұл биылдыққа жалғыз басқосу еместігін атап өтті.

«Бүгінгі кездесу барысында жасалатын келіссөздер бірлескен кәсіпорындар жұмысын ілгерілетуге әсер етеді деп ойлаймын. Бұл биылдыққа жоспарланған жалғыз кездесу емес. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында да қарым-қатынас нығая түседі деп сенемін. Іскерлік байланыс ауыл шаруашылығы, инжениринг, фармацевтика, машина жасау секілді бірқатар салаларды қамтиды», – деді Аян Еренов.

Аталған бизнес-форумда сөз алған ҚР энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев Чехия Республикасы мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастық артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, вице-министр Чехиямен іскерлік байланыс орнатылып, елімізде бірлескен 185 кәсіпорын тіркелгенін, оның 107-сі жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

«Біздің елімізге Чехиядан жабдықтар, материалдар, тазарту құрылғыларын, электротехникалық құралдар, фармацевтикалық өнімдер, жиһаз, шыны, қыш және тағы басқа да халық тұтынатын тауарларды жеткізіледі. Сонымен қатар машина жасау саласында да іскерлік байланыс орнатылған. Себебі, бұл саладаа Чехияның көшілгері екені жасырын емес. Бізде Чех Республикасының «ŠKODA» маркалы автокөлік түрлері құрастырылады. Бұл тұста 2005 жылдан жалпы көлемі 70 млрд теңгеге 19888 «ŠKODA» автокөлігі шығарылғанын айта кеткен жөн. Қазақстанға Чехиядан 2005 жылдан бастап 2016 жылдың 9 айы ішінде жалпы көлемі 186 млн долларға инвестиция тартылды. Екі ел арасында экономика саласында 16 келісімшарт жасалды. Нарықтық экономикада дамушы елге айналған Қазақстан дағдарыс кезінде макроэкономикалық индикаторлар бойынша ілгерілеуді көрсетті. Бүгінгі басқосу Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайта түседі деп сенемін», – деді вице-министр Бақытжан Жақсалиев.

Әлемдік қаржы дағдарысының әсерінен соңғы екі жылда Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы төмендеген. Осы ретте іскерлік байланысты нығайтуды көздеген Чехия Парламенті Депутаттар палатасының төрағасы Ян Гамачек: «Бүгінгі бизнес-форум Чехия мен Қазақстан кәсіпкерлерінің арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Қазақстан – Орта Азиядағы ең маңызды серіктес. Парламент делегациясының Қазақстанға жасаған 11-кездесуі екі елдің тауар айналымы үшін тиімді болады деп ойлаймын. Екі ел Парламенті арасындағы байланыс күшейе түседі деп ойлаймын. Қазақстан Парламентінің қос палатасымен де кездесуді асыға күтемін. Әлемдік дамуға қатысты тәжірибе алмасуға, пікір алмасуға дайынбыз», – деп атап өтті.

ТМД елдері бойынша Сауда-өнеркәсіп палатасының атқарушы директоры Франтишек Масопут Қазақстанмен бірлесе атқарылып отырған шараларға ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы байланыс экономикалық деңгейде ғана емес, білім мен мәдениет саласында да жоғары екенін, достастық қарым-қатынастың беки түсетінін жеткізді.

Экпорттық мемлекет ретінде танылатын Чехиядан жиырмадан астам компания өкілдері келген. Бизнес өкілдері B2B форматындағы екіжақты келіссөздер жүргізді. Чехия экономикасының экпорттық әлеуетінің негізін құрап тұрған іргелі бағыт – машина жасау саласы. Соның бір дәлелі –  Қазақстан кәсіпкерлерімен байланыс орнату үшін арнайы келген «CARGO-design» компаниясы.

«Біздің компания 1992 жылы құрылған. Арнайы автокөліктерді құрастырумен айналысамыз. Мысалы медицина, өрт сөндіру, телевидение салаларына арналған көліктер құрастырамыз. Сонымен қатар, компания, тіркеме көліктерін де құрастырады. Осы форум Қазақстанмен де байланыс орнатуға мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді компания өкілі Вит Корбанек.

Форумға қатысқан отандық бизнес өкілдерінің қатарында «ҚазГерҚұс» ЖШС өкілі Светлана Чаплинская «жасыл экономиканы» дамыту бойынша жұмыс істеуге ниетті екенін, осы мақсатта әріптестік қатынас орнату үшін арнайы келгенін әрі Чехия компаниясының өкілдерімен танысып, байланыс орнатқанын да атап өтті.

Осылайша екіжақты байланыстың іргесін бекіткен бизнес-форум жаңа бағыттар мен мақсаттарды айқындады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер