«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сараптамалық жұмысты жекеменшік салаға беру жайында

2017 жылғы 24 Қаңтар
10357 просмотров

2017 жылдың 1 қаңтарында құрылыс саласындағы сараптама жұмыстарын бәсекеге қабілетті ортаға тапсыру көрсеткіші 39%-ды құрады

Сараптамалық мекемелер палатасы 2016 жылды қорытындылады.

2016 жылдың ақпан айының басында Палата Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен құрылған еді. Бүгінгі таңда, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, ҚР ҰЭМ Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және құрылыс істері жөніндегі комитетте аккредиттеуден өткен 73 аккредиттелген сараптамалық мекеменің 60-ы Палата мүшелері болып табылады.

2016 жылы бәсекеге қабілетті орта сараптамасына келіп түскен жобалар саны – 6111 дана болды. Олардың ішінде:

– 2200 жоба кері қайтарылған (қайтарып берудің негізгі себептері: Жобалық-сметалық құжаттардың жеткіліксіздігі және жекеменшік сараптамалық мекемелердің біліксіздігі);

– 2703 жоба бойынша тиісті сараптамалық қорытындылар берілген.

Ұлт жоспарының 47-қадамын жүзеге асыру мақсатында, ел Үкіметі шаралар жоспарын әзірледі. Оған сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік емес сараптамалық мекемелерге құрылыс саласындағы сараптамалық жұмыстардың 50%-ына дейін, ал 2020 жылы 90%-ына дейін беріледі деп жоспарланған еді.

Алайда, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, бәсекеге қабілетті ортаға берілген сараптамалық жұмыс көлемі 39%-ды құраған.

Өткен жылы сараптамалық мекемелер Палата мен әдіснамалық нұсқаулықтарға қатысты 4 стандарт әзірлеген. Онда мазмұны мен сараптамалық қорытындыларды рәсімдеу жөніндегі сараптамаларды кешенді түрде, ведомстводан тыс өткізу процедурасының жалпы талаптары қамтылған.  

Палата мамандары түрлі өңірлердегі сараптама мекемелеріне барып, аккредиттеуден өткен 25 сараптама мекемесінің қызметін тексерген. Олар Ақмола, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Астана қалаларында орналасқан екен.

Аккредиттеуден өткен сараптамалық мекемелер пилоттық режимде 2 тұрғын үйге кешенді, ведомстводан тыс сараптама жүргізген. Олар: Астана қаласының қарапайым геологиялық ауданында орналасқан  9 қабатты тұрғын үй мен Шымкент қаласының сейсмикалық белсенділігі жоғары ауданында бой көтерген 5 қабатты тұрғын үй. Сараптама нәтижелері бойынша: 

«ПРОЕКТ ЭКСПЕРТИЗАASTANA.KZ» ЖШС ( Астана қаласы) – 9 қабатты тұрғын үй – 14.09.2016 жыл – оң сараптама қорытындысы берілген;

«Стандарт ОРД» ЖШС (Шымкент қаласы) – 5 қабатты тұрғын үй – жобадағы ескертулер жойылмағандықтан, тұрғын үй жобасы қайта қайтарылып берілген.

Сараптамалық мекемелер палатасы, жобаларға кешенді, ведомстводан тыс сараптама жүргізу үшін, жеке электронды ақпараттық жүйе әзірлеген. 

Сонымен қатар, ҚР Әділет министрлігі Заңнама институтымен, құрылыс жобаларын сараптамадан өткізу саласы бойынша, сараптамалық қызмет мәселелері жөнінде, заңнамалық және нормативтік құжаттарды жетілдіру мақсатымен бірлесе отырып жұмыс жасау туралы келісімге қол қойды.

Сондай-ақ, «Мемлекеттік сараптама» РМК-мен сараптама қызметін дамыту мақсатында, күш пен бірлескен әрекеттерді үйлестіру бойынша келісімге қол қойды. Аталған құжат, Палата мүшелеріне қайтарымсыз негізде бірыңғай порталды қолдануға (Палатаның ақпараттық жүйесі іске қосылғанға дейін), порталмен жұмыс істеу барысында кеңестер мен көмек алуға мүмкіндік береді.

Сол сияқты, 2016 жылдың 24 қарашасында, Ресей Федерациясының «Құрылыстағы сараптама ұйымдарының ұлттық бірлестігі» қауымдастығымен құрылыс жобалары сараптамаларын одан әрі дамыту, сараптамалық қызметтің заңнамалық, нормативті және әдіснамалық тұрғыдан қамтамасыз етілуін жетілдіру, сараптама жұмыстары сапасын арттыру, жетекші тәжірибе мен ақпарат алмасу туралы меморандумға қол қойды. 

Палатаның биылғы негізгі мақсаттары

1.     Құрылыс жобаларына кешенді, ведомстводан тыс сараптама жүргізу құқығына мүдделі жеке тұлғаларды аттестациядан өткізу және заңды тұлғаларды аккредиттеуден өткізу қызметін Палата өкілеттігіне өткізу.

2.     Жекеменшік сараптама мекемелерінің жұмыс көлемін арттыру.

3.     ҚР «Өзін-өзі реттеу туралы» заңнамасына сәйкес, Палатаны өзін-өзі реттеуші мекеме ретінде қайта тіркеуге арналған нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеу;

4.     Аккредиттеуден өткен мекемелер сарапшыларының біліктілігін арттыру және оларды оқытуға арналған оқу орталығын құру. Сарапшыларға сертификат табыстау арқылы, оларды  тұрақты түрде оқыту жұмыстарын қолға алу;

5.     Жобаларға кешенді, ведомстводан тыс сараптама жүргізу және оларды «Мемлекеттік сараптама» РМК ақпараттық жүйесімен біріктіру үшін, Палата әзірлеген жеке электронды ақпараттық жүйені енгізу.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер