«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын құнына қарай жіктеуді ұсынып отыр

2016 жылғы 12 Желтоқсан
7860 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жобаларды үш топқа жіктеу қажеттілігі туралы ұсыныс айтылды

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік саласындағы жобаларды олардың құнына қарай бөлу қажет. Бұл жөнінде бүгін кезекті Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді. «Біз МЖС туралы заңдағы жобаларды құрылымына қарай бөлу маңызды деп санаймыз. Мәселен, шағын – 500 мың АЕК-ке дейін жобаларды, орта – 500 мыңнан бастап 4 млн АЕК-ке дейін және ірі – 4 млн АЕК-тен жоғары жобаларды біріктірген жөн», – деді ол.

Абылай Мырзахметов өз кезегінде, жобаларды бұлай топтастыру «шағын және орта жобаларға тұжырымдамаларды әзірлеу қажеттілігін жеңілдетуге мүмкіндік береді» деді. «Өңірлерде жүргізген сауалнама қорытындылары бойынша, шағын нысандарға сұраныс жоғары. Оған қатысуға қызығушылық білдіретіндердің қарасы көп, алайда, шағын кәсіпорындар мен ЖК үшін МЖС тұжырымдамасын даярлау процесі соншалықты жеңіл емес екендігі анықталды», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы.

Бұдан бөлек, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы балабақшаларды сенімді басқаруға беру процесі де жеңілдетілуі тиіс деген пікірді ортаға салды. Осыған орай, «Атамекен» ҰКП Қаржы министрлігінің аталған процесті ірі қалаларда пилоттық жоба ретінде ісқе қосу туралы бастамасына қолдау көрсетіп, сондай-ақ 2017 жылдың ортасында «бизнес үшін тағы бір мәрте жаңа процедуралық жеңілдіктер мүмкіндіктерін қарап шықпақ».

Абылай Мырзахметов сонымен қатар, жекешелендірудің екінші кезеңіне де баса назар аударды. «Әрине жекешелендіру процесі басталған кезде, аталған мүлікті жекенің қолына және бәсекеге қабілетті ортаға берудің оңай болмайтыны анық еді. Мемлекет басшысы да бұл туралы сан мәрте айтқан болатын», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

«Атамекен» нысандарды бәсекелестік ортаға өткізу жөніндегі ұлттық холдингтер мен компаниялар комиссияы «жалпы кесте бойынша жұмыс жасау қажет» деген ұсынысты алға тартып отыр. Ал, жекешелендіруге қатысты тұрақты комиссия отырыстарында «коммуналдық мүлік қана емес, сондай-ақ, ішкі ведомстволық мекемелерді де бәсекеге қабілетті ортаға өткізу мәселелері қаралуы тиіс». «Бұл мәселе бойынша, бірыңғай кестемен де жұмыс жасауға болады, бұл әлдеқайда тиімді болатын еді», – деді Абылай Мырзахметов.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер