«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Абылай Мырзахметов: «Сатып алулар мәселелеріне қатысты жауапкершілікті арттыру қажет»

2019 жылғы 22 Қаңтар
6115 просмотров

Мемлекеттік сатып алулар туралы қабылданған заң отандық тауар өндірушілерді қолдаудың құралы болмақ. Бұл туралы Үкіметтің отырысы барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.

Спикер 1 қаңтар күні күшіне енген заң бизнес-қоғамдастық өкілдерімен қызу талқыланғанын, бірақ сатып алуларға қатысты мәселелер әлі де бар екенін атап өтті. 10 қаңтардағы жағдай бойынша 23 мың заңды тұлғаның небәрі 18%-ы сатып алу жоспарларын бекіткен.

«Бүгінде бекітілген жоспарлардың болмашы пайызын көріп отырмыз. Заң бойынша қалған компаниялар  1 ақпанға дейін веб-порталға ақпаратты жариялауы керек. Осы уақытқа дейін ақпаратты уақытында өткізбегені үшін жазалау шаралары болмаған. Енді әкімшілік жауапкершілік қарастырылып отыр», – деді Абылай Мырзахметов.

 Басқарма Төрағасының айтуынша, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар көлемі мемлекеттік сатып алуалар көлемінен кем емес. Квазимемлекеттік секторда да әкімшілік жауапкершілік қолданылатын болады. Абылай Мырзахметов заң жобасының тұжырымдамасы сатып алуларды орталықтандыру принципі бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алулар жүйесін енгізуді қарастыратынына назар аударды.

Қаржы министрлігі республикалық, облыстық, аудан деңгейлерінде бірыңғай ұйымдастырушымен сатып алынатын тауар, жұмыс, қызмет тізбесін бекітті. Келесі кезең – нормативті-құқықтық актілердің механизмін қабылдау. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кемшіліктердің барлығын есепке ала отырып, мемлекеттік органдармен бірге сатып алуларды орталықтандыру мәселесін шешетін болады.

 Абылай Мырзахметов алдын ала біліктілік іріктеуін қолдану арқылы сатып алуларды өткізу нормасын мемлекеттік сатып алуларда да, «Самұрық-Қазына» сатып алуларында да қолдануға болатынын жеткізді.

«Самұрық-Қазына» екі жыл қатарынан  алдын ала біліктілік іріктеуін қолданып келеді. «Атамекен» аталған механизмды егжей-тегжейлі қарастырды. Отандық тауар өндірушілер үшін бұл механизм беделі жақсы компаниялардың сатып алуларына қатысудың сүзгісі әрі рұқсаты болады. Биылдан бастап барлық құрылыс компаниялар, аталған нормаларды өтетін болады», – деді Басқарма Төрағасы.

 Белгілі болғандай, мемлекеттік сатып алулардағы алдына ала біліктілік іріктеуі 2016 жыл 1 қаңтарда енгізілген болатын, осы ретте аталған тәсілмен 1 санаттағы ғимараттар мен нысандар құрылысы ғана сатып алынады, деп хабарлады Басқарма Төрағасы. 2019 жыл 1 қаңтарға сәйкес 4 компания ғана іріктеуден өткен, сонымен қатар бірде бір сатып алу жүргізілген жоқ.

 2019 жылы «Самұрық-Қазына» қорының  алдын ала іріктеуі тізілімін мемлекеттік сатып алуларда тану бойынша мәселе қаралатын болады. Бұл шара отандық тауар өндірушіге холдинг, және мемлекеттік сатып алуларға қатысуға мүмкіндік береді.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге көлік құралдарын және трансформаторларды ұлттық режимнен алу туралы ҚР Үкіметі қаулысының жобаларын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Абылай Мырзахметов бұл механизм Ресей мен Беларусьта жақсы қолданыс тапқанын атап өтті.

 2018 жыл 18 маусым күні «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Самұрық-Қазына» қоры арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Оның шеңберінде Сатып алуалар қағидаларына отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған өзгерістер әзірленді.

 «Сонымен қатар оффтейк-контракт механизмі енгізілді. Механизм жаңа өндірістерді игерген кәсіпорындар үшін ұзақ мерзімді тапсырыстарды кепілдік етеді. Былтыр 2 контракт жасалды, биыл тізім тағы 10-20 контрактпен толығады», – деді Абылай Мырзахметов.

 Спикер, сонымен қатар демпинг шекті мәніне тоқталып өтті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі, сондай-ақ бизнес-қауымдастықтармен бірігіп тиісті шектерді белгіледі.

 «Сонымен бірге, қабылданған заң жобасымен демпингтің ең төмен шектерін заңға тәуелді деңгейде орнату көзделген еді, алайда  демпинг шектері екі есе жоғарылатылды. Алдағы жарты жыл бұл шара қалай жұмыс істейтінін көрсететін болады», – деді Абылай Мырзахметов.

 Бұдан бөлек 2019 жыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алулар сайтындағы қызметтер әлеуметтік жеткізушілер үшін ақылы болады. Бүгіннің өзінде сайтқа 19 мыңнан астам жеткізуші тіркелген, осы ретте «Электронды қаржы орталығы» шотына 1 млрд-тан астам теңге түсті. Осыған дейін веб-порталда 200 мың пайдаланушы тіркелген болатын, оның ішінде 70-і белсенді жұмыс істейді.

 Бұл жұмыстармен қатар «Атамекен» «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» порталын енгізу бойынша жұмысты жүргізіп жатыр. Порталға үш сатып алу алаңы: ҚР Қаржы министрлігінің «Электрондық мемлекеттік сатып алу» автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесі, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Еуразиялық электронды порталы қосылған.  

«Бірінші тоқсанның аяғына дейін порталға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ», «Nadloc» АҚ сатып алу алаңдары қосылады. Аталған алаңда бизнес-аналитика жасалады. Алаң бір тауардың бағасын түрлі өңірдегі бағасын реттей алатын болады. Осылайша «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» құралы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға жол ашады», – деді Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер