«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес ашқың келсе, Кентауға кел!

2016 жылғы 25 Қараша
- Шымкент қаласы
14483 просмотров

Кәсіпкерлер палатасында «Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық тартымдылығы» атты өңірлік даму жобасының тұсауы кесілді

Осы жоба аясында кәсіпкерлермен алғашқы кездесуді Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев өткізді. Ол кездесуге келген бизнесмендерге қаланың инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып, Кентау қаласының 2020 жылға дейін моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгенін хабарлады. Бұл дегеніңіз, кәсіпорындар үшін арзан электр қуаты, инфрақұрылымдармен жабдықталған бос өндірістік аумақтар, білікті еңбек ресурстары, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған 3 мың гектар жер бар деген сөз.

Қала әкімі қалталы инвесторлардың назарын моноқалалардың өндірістік мүмкіндіктеріне аударды. Кентауда 20 гектар жерді алып жатқан индустриалды аймақ жұмысын бастап кетті, онда 5 инвестициялық жоба іске асып жатыр, олардың жалпы құны 2 млрд теңгеге жуық, 148 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінгі таңда индустриалды аймақ барлық қажетті инфрақұрылымдармен жабдықталған, кәсіпорындардың толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасалған.

Кәсіпкерлерге индустриалды аймақтан орын беру үшін екі механизм ойластырылды. Біріншісі, жалға беру бағалары кадастрлық бағаға сай. Яғни, мемлекетке тек жалға алу сомасы төленеді, бітті, басқа ештеңе төлемейді. Екіншісі, кәсіпкер жерді өз меншігіне грант есебінен тегін алса, онда жерге төлем төлеудің қажеті жоқ.

Әкім тек жобаның құрылысына ғана емес, кез келген құжатты дайындауға да барынша қолдау көрсететінін айтты.

Ауыл шаруашылығы саласында бизнес ашу, оның ішінде жылыжай құрылысын салу, егін егу үшін әкімдік 3 мың гектардан астам жер бере алады, бұл жерлердің тең жартысынан көбі суармалы жерлер. Бұрынғы ірі өндіріс ошақтарынан қалған бос ғимараттар өте көп. 

Әкім қала мамандарының да әлеуеті зор екенін айтады, мәселен, өндірісте жұмыс істеуге дайын жас мамандар баршылық. Қалада кәсіптік бағыттағы 7 колледж бар. Жылына миллионнан астам турист келетін Түркістанға жақын орналасқандықтан, ішкі туризм мен қызмет көрсету саласында бизнес жүргізудің мүмкіндігі мол.

Кентаудың айналасы – кең алқаптар, пайдалы қазба қазатын бизнесмендерге жұмыс көп. Мұнда темір, полиметалл кендері бар, әк, гипс сияқты құрылысқа керекті минералды-шикізаттық ресурстар мол, отқа төзімді керамикалық және бентонидті саз-балшық, минералды бояулар, ұсақ тастар бар. Өзге өңірлер алдындағы басты ерекшелік ретінде әкім таза мөлдір бұлақтарды мысалға келтірді, бұл өңдеу саласындағы кәсіпорындарды дамытуға жол ашады.  

Әкімнің сөзінше, моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында бизнесті дамыту, жұмыссыздықты азайту, инженерлік-өндірістік инфрақұрылымды дамыту, қаланы абаттандыру үшін көптеген жеңілдіктер мен шаралар қарастырылған. Моноқалада бизнесмендер үшін барлық жағдай жасалып жатыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер