«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Медициналық сақтандыруды міндеттеудің мәні неде?

2016 жылғы 20 Қазан
11051 просмотров

Мәжіліс депутаты Владислав Косарев міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін 2019 жылға дейін шегере тұру туралы ұсыныс жасады

Аталған ұсыныс «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысқан Мәжілістің жұмыс тобының отырысында айтылды. Отырыста міндетті медициналық сақтандыру мәселелеріне қатысты заңнамалық өзгертулер талқыланды. Владислав Косарев бұл мәселеде асығуға болмайтынын ескертті. Депутаттың пікірінше, МӘМС енгізу үшін жан-жақты дайындалып, оны біртіндеп жүзеге асыру керек.

«Дайындық процесі жеңіл әрі жетілдірілген болса екен дейміз. Егер біз оны аз уақыт арасында енгіземіз десек, көптеген қателіктерге бой алдыруымыз мүмкін. Ал, тағы бір жылға шегерсек, қандай да бір ыждаһаттылықпен дайындалатын боламыз», – деп өз ойын ортаға салды Мәжіліс депутаты.

«Атамекен» ҚР ҰКП өз кезегінде, депутат Владислав Косаревтің ұсынысына қолдау көрсетті.

Мәжілістің жұмыс тобының отырысында сөз сөйлеген «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева МӘМС енгізу бойынша жұмыс берушілердің ұстанымына тоқталды. «Неліктен  ірі жұмыс берушілер алаңдаулы? Себебі олар үшін, ең алдымен, бұл үлкен қаржылық жүктеме болып отыр. Егер қорға 2% көлемде аударым аударылып отырса, олар біртіндеп еңбекақы төлеу қорында (ЕТҚ) 5%-ға дейін өспек. Сосын біз  отандастырымыз сияқты төлейтін боламыз және оған түрлі санаттағы қосымша қаржылық шығынды қосыңыз. Мұндай жағдайда ЕТҚ түсетін ауыртпалық қаражаты 2018 жылы 40%-ға жетпек. Бұл өте көп», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.

Оның сөзінше, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Денсаулық сақтау министрлігі, депутаттар, жұмыс берушілердің қатысуымен бірнеше мәрте қоғамдық тыңдалым өткізген. Онда әр тараптың пікірі ортаған салынған болатын. Мәселенің маңыздылығын ескере келе, жалпы, Қазақстанда МӘМС енгізуге қолдау көрсете отырып, ҰКП жүйені енгізуге асықпау қажеттігін алға тартып отыр. Палата бұған әлі де уақыт қажет деп санайды. Сонымен қатар, жаңашылдықты енгізбей тұрып, реттейтін жайттар да жетіп артылады.

«МӘМС қаралып жатқан үлгісі азаматтар қандай артықшылықтарға қол жеткізетінін дұрыс аша алмаған. Сонымен бірге, қосымша аударымдарды аударған тұрғындарға қандай қосымша көмек түрлері ұсынылатыны, көрсетілетін қызмет сапасы қалай жақсаратыны да ашып көрсетілмеген», – деп өз пікірін білдірді Юлия Якупбаева.  

Оның пікірінше, денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы ақпараттық жүйе МӘМС енгізудің барлық талаптарына сай келмейді (жеке сәйкестендіру нөмір базасында аударымдар мен жарналарды есепке алу қажеттігі, медицинкалық мекемелердің барлық қажетті жедел ақпаратты on-line режимінде көру мүмкіндігі, МӘМС қатысушылар арасында жедел ақпарат алмасу, жалпы МӘМС жүйесіне мониторинг жүргізу және т.б). Сонымен қатар, пациенттің электронды төлқұжатын енгізу үшін уақыт қажет.

«Ақпараттық жүйелерді құру және олардың тиімді қызметін жасап алмай, МӘМС аясында көрсетілетін қызметтердің жаңа сатысына өту мүмкін емес. Демек, жаңа жүйеге қатысты азаматтар мен жұмыс берушілер тарапынан түсініспеушіліктер орын алуы мүмкін (егер қызмет көлемі мен сапада өзгеріс болмаса, онда не үшін қосымша қаражат аударуымыз қажет?)», – деді Юлия Якупбаева.

Ол, сонымен бірге, компанияларға әкімшілік ету мәселесі де толығымен шешілмегенін айтты. Себебі олар бүгінде оңалту/банкроттық процесінде болғандықтан, компаниялардың қызметкерлерге беретін жалақы қарызы 950 млн теңгеден асып отыр.

«KAZENERGY» Қауымдастығының атқарушы директоры Тоғжан Кожалиева да  В.Косаревтің пікірімен келісетіндігін жеткізді. Оның пікірінше, заң әлі де қайта қарауды талап етеді. Ол сонымен қатар, «ерікті медициналық сақтандыруды дамыту мәселесі» де ашық күйінде қалғанына тоқталып өтті. «Біз МӘМС енгізуге қарсы емеспіз, алайда, біз рентабельдік есебінен, жұмыс орындарын сақтап, қызметкерлерге уақтылы жалақы беруді қалаймыз», – деді ол. Оның сөзіне сүйенсек, қызметкерлері зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында (Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, әсіресе, Жаңаөзен, Жезқазған және т.б моноқалаларда) жұмыс жасап келе жатқан барлық ірі жұмыс берушілер, мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде көрсетілетін медицина қызметінің сапасы әрі қолжетімділігі жеткіліксіз болуы салдарынан, қызметкерлері мен олардың жанұя мүшелеріне ЕМС пакетін ұсынады екен. Тоғжан Қожалиева «жұмыс берушіге ай сайын міндетті аударымдарды төлеуге міндейттін, МӘМС жаңа жүйесін енгізу, ерікті медициналық сақтандыру бойынша қызметтерді сатып алуды қиындататынын» айтты. Оның пікірінше «ол медициналық сақтандыру қызметіне кететін шығындарды екі есеге көбейтпек».

Тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Бибігүл Малғаждарова да депутаттың МӘМС енгізу мерзімін 2019 жылдың 1 қаңтарына шегеру туралы ұсынысын қолдайтынын білдірді. 

Оның айтуынша, тау-кен металлургия кешені кәсіпорындары МӘМС жүйесі қалай жұмыс жасайтынына алаңдаулы екен. ТМКҚ өкілінің пікірінше, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілдерімен ҰКП алаңында өткен заңға қатысты қоғамдық тыңдалымдар ортақ шешімге келуге жол ашпады. «Мұндай кездесулер бізді МӘМС аясында көрсетілетін қызмет сапасы жаңа сатыға өтетініне сендіре алмады. Жұмыс берушілер не үшін қосымша қаражат төлеуі тиіс? Медициналық қызметтің сапасы мен көлемі бұрынғысынша қалуы үшін бе? Сондықтан МӘМС табысты түрде енгізудің тетіктерін қайта қарау қажет. Оның ішінде, келіп түсетін қаржыны жинау, есепке алу және оны жөнелту, ақпараттық жүйе және т.б. қайта қарауды қажет етеді. Президент қоғамның медицинадағы жаңалықтарға қалай қарайтынын ескеруге, МӘМС енгізу мәселесі бойынша жол картасын жасауды тапсырды. Енгізу тетіктерінің ашықтығы, ұсынылған заң аясында медициналық қызмет сапасын арттыруды жүргізу мақсатында, осындай жол картасы қажет»,– деп атап өтті Бибігүл Малғаждарова. Ол сонымен бірге, МӘМС жүйесін енгізу үшін, қосымша даярлық кезеңі қажет екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер