«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Еуропалықтар тәжірибесі - Шымкентте

2016 жылғы 22 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
11286 просмотров

Шымкенттік бизнесмендер шетелдік мамандардан бизнесті табысты жүргізу өнерін үйреніп жатыр

Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі ӨКП тарапынан қолдау көрсетілген нысандар бойынша баспасөз саяхатын өткізді. Саяхаттың негізгі мақсаты тұрғындарды облыста іске асырылып жатқан жаңа жобалармен, шағын және орта бизнеске берілетін мемлекеттік қолдау шараларымен таныстыру.

Сондай нысандардың бірі – «Зерде-Керамика» компаниясы. Өндіріліп жатқан өнімдердің сапасын арттыру және «Зерде-Керамика» компаниясының нарықтағы сұранысын арттыру мақсатында кәсіпорын басшылары «Аға сеньорлар қызметі» бағдарламасы бойынша 2 шетелдік сарапшыны шақырған.

«Германияда құрылыс материалдарының өндірісі тек қана жаңа техника мен жабдықтардың арқасында ғана жоғары деңгейге жеткен жоқ. Адами капиталға көп көңіл бөлінеді, көп дүние қызметкерлердің білімдері мен машықтарына байланысты», – дейді «Зерде-Керамика» компаниясының коммерциялық директоры Артур Пазылбеков.

Оның айтуынша, кәсіпорын шығарылатын өнімнің түрін, сапасын арттыруды, инвесторлар тартып, шетелдік өнімдерден тәуелсіз болуды жоспарлап отыр. «Біз «Аға сеньорлар қызметі» бағдарламасына қатысуды жөн көріп, ОҚО Кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап бардық. Бірнеше сарапшының түйіндемесін қосымша қарап шығып, маркетинг пен ілгерілету саласындағы сарапшыны, сондай-ақ, технологты шақыруды жөн көрдік. Бүгінде шетелдік сарапшылар компаниямыздың жұмыскерлерін оқытуда. Нәтижесі көңілімізден шықты», - дейді Артур Пазылбеков.

«Аға сеньорлар қызметі» бағдарламасының сарапшысы Ульрих Клоке маркетинг пен бизнес-жоспарларды іске асыруда мол тәжірибеге ие. Ол Намибиядағы (Африка), Сербия мен Болгарияда жобаларды жүзеге асырған. 1974 жылдан бері Клоке құрылыс материалдарын шығарумен және керамикалық-граниттік өнімдерді өңдеумен айналысып келеді.

«Қазақстанға бірінші рет келдім. «Зерде Керамика» компаниясының қызметімен таныстық. Аталған кәсіпорын барлық шетелдік стандарттарға сай келеді екен. Біз маркетингтік зерттеу жүргізіп, өткізу нарығын талдадық. Жұмысымыздың нәтижелері компанияға жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік беретіндігіне сенімдіміз», – деп атап өтті Ульрих Клоке.

Екінші нысан «Алтын адам» сауда бренді бар тігін фабрикасы болды. Жыл сайын фабрикада 26 400 костюм мен 52 800 шалбар шығарылады. Бүгінгі таңда фабрикада 103 маман жұмыс істейді.

«Тиімді жұмыс істеу үшін бізге әрдайым жаңалықтар қажет, өйткені сән бір орында тұрмайды, әрдайым жаңарып отырады. Айта кетерлігі, шетелдік сарапшы әйелдер және ерлер киімдерінің модельдеріне қатысты тың идеялар берді», – дейді кәсіпорынның менеджері Айжан Қалмұратова.

«Аға сеньорлар қызметі» бағдарламасының сарапшысы Ятта Хайдельманның туған жері Финляндия. Көптеген жылдар бойы Erwastil, Хиршберг, Finnkarelia Mode GmbН сияқты сән үйлерінде модельер болып жұмыс істеген. Бангладеште және Қазақстанның бірнеше қаласында «Аға сеньор» бағдарламасы бойынша дизайнерлер дайындаудан мол тәжірибе жинақтаған. Ятта Хайдельман өңірдің дәстүрлі және мәдени құндылықтарын сақтай отырып, киімдердің заманауи үлгілерін әзірлейді.

«Аға сеньорлар қызметі» бағдарламасының мәні мынада: әрбір кәсіпкер кез келген салады қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, әлемдік тәжірибе жинақтау үшін, жаңа бизнес ашып, бұрыннан бар бизнесін дамыту, өтімділікті арттыру үшін, сондай-ақ еуропалық елдерден құрал-жабдықтар тауып, оларды жеткізу сияқты мәселелерді шешу үшін Еуропадан әлемдік тәжірибесі бар маманды шақыра алады», – дейді Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Берік Кенжебаев.

«Аға сеньорлар қызметі» бағдарламасының аясында сарапшылардың екі жаққа да ұшу шығыны мен сыйақысы төленеді. Кәсіпкер тарапынан сарапшыны тұрғын үймен, тамақпен қамтамасыз етіп, тәуліктік шығындарын төлесе болғаны.

Жұмыс жөні мынадай: кәсіпкер 3 ай бұрын сарапшыға өтінім береді, оған қоса, өтінімде компанияның (кәсіпорынның) мәселелері мен сарапшының міндеттерін көрсетеді. Одан кейін шетелдік тарап келетін үміткерді іріктеп, оның байланыс нөмірлері көрсетілген түйіндемені жібереді. Кәсіпкер де сарапшы келгенге дейін онымен тікелей сөйлесе алады. Тапсырыс берушімен келісе отырып, сарапшы екі аптаға немесе одан да ұзақ уақытқа келеді. Қайта келуі де мүмкін.

Бұған дейін Кәсіпкерлер палатасының көмегімен «Сансызбаев» ЖК, «HILLCorporation» ЖШС, «Оразалиева» ЖК ( «Ұлан» оқу-жаттығу базасы), «FoodProductionLTD» ЖШС және «Arsenal.sad» сияқты компаниялар сарапшы шақырған еді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер