«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Абылай Мырзахметов «Самұрық-Қазынаның» сатып алу құрылымын жіктеп берді

2016 жылғы 10 Маусым
15385 просмотров

«Атамекен» Басқармасы басшысының сөзіне қарағанда, квазимемлекеттік секторға қарасты сатып алудағы жергілікті қамтудың  70%-ын тауарлар емес, қызмет көрсету құрайды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалық етуімен Жемқорлық және  көлеңке  экономикаға  қарсы іс-әрекет кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Бұған ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Мемлекеттік қызмет  істері жөніндегі министрліктің Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюросының, ұлттық компаниялардың және бизнестің өкілдері, Парламент депутаттары қатысты. 

Мәжілісте сөз сөйлеген Абылай Мырзахметов Қазақстанда үш сатып алу алаңы бар екендігін, олардың жалпы сомасы 9 триллион теңгені  құрайтынын атап өтті. «Бірінші алаң –  бюджеттік, республикалық және жергілікті  сатып алулар, олар 2 трлн теңгеден  асады. Мұның бәрін орталық атқарушы органдар және жергілікті атқарушы органдар сатып алады. Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу 3 трлн теңгеден асады, ең алдымен, бұл – «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы, олардың ішінде 8 компанияға барлық сатып алулардың 93%-ы келеді. Бұл компаниялармен  біз жуырда келісімге қол қойдық. Сондай-ақ 3 трлн теңге – ең ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы.  Бұл сала да қалыс қалмауға тиісті. Кеңес мәжілістерінің бірін біз осы тақырыпқа арнаймыз, сонымен бірге әлі талай мәселе бар», – деді ол.   

Ұлттық палата Басқармасының төрағасы құқық қорғау органдарының сатып алуларды жүргізу кезінде  заңдылықты сақтау мәселесіне қатысуы маңызды екендігін атап айтты. «Олар өз рөлін, жазалаудың бұлжымастығын көрсету міндетін түсінеді. Бұл басты меже болуы тиіс деп ойлаймын. Елбасының еркі, көпшіліктің талабы осы. Лауазымды тұлғалар жазадан қашып құтылмайтынын түсінуі тиіс. Бүгін қайтсек те жемқорлықты болдырмау туралы ұсыныстар айтылды. Көпшілік, оның ішінде, Ұлттық палата, бұл үдерістерді талдауы тиіс», – деп қадап айтты төраға.

Мырзахметов сатып алу үдерісінің үш кезеңін атады, мұнда көпшіліктің «құлағы түрік » болуы керек. «Бірінші – техникалық сипаттама. Жыл сайын бізге, орталық аппаратқа сатып алуға қатысты 300 арыз түседі. Кәсіпкерлердің сөздеріне қарағанда, техникалық сипаттамалар, барлық тендерлік құжаттар  белгілі бір өнім берушілерге орайластырып  жасалады. Біз мәселені  бірнеше рет көтердік, алға жылжу бар. «Сатып алулар туралы» жаңа заңда сатып алуға 10 күн қалғанша техникалық сипаттама  жарияланады деп айтылған  және сонда көпшіліктің тендер басталғанша өз ескертулерін  айтуға мүмкіндігі болады», – деді ол. 

Абылай Мырзахметов техникалық сипаттама шетелдік компанияға орайластырылып жасалуына байланысты  Кентау трансформатор  зауыты 80 миллион долларға тең тендерден  ұтылғанын мысал ретінде келтірді. «Шын мәнісінде бұл зауыт үшін жылдық тапсырыс болып еді. Қиын жағдайға байланысты 300 қызметкерге қысқарту қаупі төніп тұр. Мұндай фактілерді көптеп келтіруге болады», деп атап өтті Мырзахметов.

«Атамекен» Басқармасы басшысы Палатаның «Самұрық-Қазына» тарапына мәжілісте айтылған барлық сынға сай Қормен белгілі бір келісімдері барын еске салды. «Самұрық-Қазына Келісімшарт» басшылығы ҰКП-пен әрдайым мәмілеге келетінін,  алайда, онда ұлттық компаниялардың сатып алуына ықпал ететін тетіктері жоқ екендігін, сондықтан нұсқамалар орындалмайтынын алға тартты. 

«Екінші– сатып алу рәсімі. Біз комиссияға қатысудан бас тарттық  және тәуелсіз  бақылаушылар ретінде  сөз сөйлейміз»,– деп жалғастырды ол сөзін.

Мырзахметовтің айтуынша, бұзушылықтарға жиі жол беретін үшінші кезең – постмониторинг.«Тендер болып өткен соң люфт болуы тиіс. Бұрын ұлттық компаниялардың біреуіне төменде қайсыбір себептермен күзет келетін, ол өтінім берушінің құжатын ұстап тұратын, ол 5 минут кешіксе, алынып тасталатын да, «Сіз конверт ашылғанша үлгермедіңіз» делінетін. Яғни тауар өндірушіні аластатудың түрлі тәсілдері қолданылатын» деп атап айтты Абылай Мырзахметов.

Сонымен бірге Палата Басқармасының төрағасы Премьер-министр қатысатын ҰКП-ның жыл сайынғы кезекті Съезінде сатып алу мәселелері басты тақырыптардың бірі болатындығын хабарлады және нақты шаралар қабылдау үшін бүгін айтылған барлық қаралымдарға ұсыныстар енгізіледі деп уәде берді.  

«Бизнеске қатысты жеке мәселелер бар. Сатып алулар жүргізу кезінде  техникалық сипаттамаларға мониторинг жүргізетін тәуелсіз техникалық сараптаушылар пулын құру үшін біз қазір ассиоциацияларға өтініш жасадық. Оған қоса рәсімдік бұзушылықтарды қадағалайтын бақылаушылар бар», – деді ол. 

Мырзахметов жемқорлық – екі жақтың да мәселесі деп қадап айтты. «Бизнес те  жемқорлыққа қарсы нормаларды сақтауы тиіс. Бұл жұмыс жүргізілуде. Біз Съезге Бизнестің жемқорлыққа қарсы хартиясын енгіземіз. Бұл екіжақты үдеріс, сондықтан бизнес те өзіне міндеттер қабылдауы тиіс болғандықтан  Съезд бізді қолдайды деген үмітіміз бар», –  деп хабарлады ол. 

ҰКП Басқармасы басшысы Палатаны жергілікті қамту мәселесі алаңдататынын білдірді, өйткені сұраныстың қысқаруы қазіргі жағдайда отандық бизнеске қатты әсер етті. Оның сөзіне қарағанда, 9 трлн теңгеге тең сатып алулардағы жергілікті компаниялардың үлесі 60%-ды, «Самұрық-Қазынадағы» сатып алуы 70%-дықұрайды. Алайда бұлардың 70%-дың басым бөлігін  тауарлар емес, қызмет көрсету  құрайды. «Біз іштей егжей-тегжейлі талдауымыз керек және атап айтқанда отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыруға тиіспіз. Біз сегіз компаниямен осындай жұмыс жасадық. Шынын айтсам,  «Самұрық-Қазына Келісімшарттың»  ерік-жігері болғанымен,  компания басшыларының ықыласы аса қуанарлықтай болмады. Қиындықпен, көп күш-жігер жұмсап, келісім жасауға қол жеткіздік. Енді барлық сатып алуларды  олардың өзі ашып көрсететін үдерісі жүруде. Біз  өз тарапымыздан 4 мыңнан астам  отандық тауар өндірушілердің тізімін жасаудамыз, оларды жұмыс комиссиялары арқылы ұлттық компаниялармен  түйістіреміз», – деді ол.

Осыған байланысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша  барлық аймақтарда Палаталармен және әкімдіктермен бірге  жұмыс комиссиялары құрылды.

«Біздің мониторингтің көрсетуінше, «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясының жиһаз сатып алуындағы 70 млрд-қа қатысушылардың 3%-ы ғана қазақстандық болып шықты. Ал бізде  осыған қатыса алатын 300 жуық жиһаз компаниясы  жұмыс істейді. Яғни жергілікті қамтудың өсуі үшін өріс кең»,– деп атап айтты ол.

Мырзахметов  мұндай жұмысты белсенді түрде жүргізіп отырған бес облысты атап өтті: Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және  Павлодар. «Мен бұл жұмысқа әкімдіктердің белсенді араласуын  өтінемін. Съезде бұл ахуалды Премьер-министрге жеткіземіз және тәртіптік шара қолдануды сұраймыз. Қызылордада тендерлер сәуірдің соңынан бері өткізіліп келе жатса да,  бірде-бір отырыс ұйымдастырылмады»,– деп мәлімдеді ол. 

«Квазимемлекеттік сектор үлесін қысқарту керек деп санаймыз. Оны нарыққа  барынша молынан беру керек, сонда сыбайластық азаяр еді. Мемлекеттік менеджерлерді сыйлаймыз, бірақ жекелер де мұны жақсы жасайды.   Мемлекет жарияланған жекешелендіру бағдарламасы арқылы бейінді емес секторлардан барынша көбірек кетуі тиіс және тек мемлекетке қажеттілерді ғана қалдыру керек», –деп қорытындылады сөзін ҰКП Басқармасы басшысы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер