«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Оңтүстік Қазақстан облысында шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды

2015 жылғы 22 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
16727 просмотров

ОҚО Кәсіпкерлер палатасының жанынан Президент жанында әрекет ететін Кеңеске ұқсас шетелдік капитал қатысатын өңірлік компаниялардың түйткілдерін көтеретін Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды.

Мұнда шетелдік бизнеске ауыр әрі қиын түсетін түйткілді нүктелерді табу мақсатымен ғана шектелмеді. Міндет кеңірек қойылып отыр – түйткілдер мен кедергілерді жою, осылайша облыстың инвестициялық климатын жақсарту әрі өңірге қосымша шетелдік инвестицияларды тарту.

Бейресми жағдайда өткен алғашқы кездесуде бизнесмендер ағынан жарылды. Түйткілдері көп болып шықты. Бұл Палатаның ертерек қимылдап, дұрыс бағытта келе жатқанын тағы бір растады. Айтпақшы, ОҚО Кәсіпкерлер палатасы – өңірлік Палаталар арасында Шетелдік инвесторлар кеңесін алғаш әрі жалғыз құрушы болып отыр.

Теңге бағамының кенеттен өзгеруі, электр энергиясы мен салық салудағы артықшылықтардың жоқтығы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі мен шетелден жұмыс күшін тартудағы қиындықтар – Оңтүстік Қазақстанда жұмыс жасайтын шетелдік инвесторлардың түйткілі осымен аяқталмайды. Қазірде облыстағы шетелдік қатысуы бар ірі компаниялар саны 50-ден асып кеткен.  

Жұмсақ және корпустық жиһаз өндіретін «Embawood» компаниясының директоры Рамиль Асқаров теңге девальвациясына орай өнім бағасын біршама көтеруге мәжбүр болып отырғанын атады, себебі құрамдастар шетелден әкелінеді. Бұл халықтың сатып алу қабілетін төмендететіні сөзсіз. Осының нәтижесі жалпы компания жұмысына да әсерін тигізеді. Кәсіпорын осы себептен сәл бұрын жоспарланған 27 млн долларға қосымша инвестициялауды тоқтата тұруға мәжбүр.

Инвесторлардың барлығы дерлік жергілікті білікті кадрлардың, әсіресе техникалық кадрлардың жетіспеушілігіне, және де оларды сырттан әкелуге рұқсат алудағы қиындықтарға шағынды. Қазақстан бойынша Шымкентте ең жоғары дәрежеде болып отырған электр энергиясы тарифтері мәселесін барлық инвесторлар дерлік көтерді. Сондықтан да «Шымкентцемент» сияқты ірі зауыттар Палатаның электр энергиясының көтерме нарығына шығуға көмектесуін сұрады. Өндірісті кеңейтуді инвестициялаушы аталмыш зауыт осыған орай ұлғайған қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтарға рұқсатты әлі күнге дейін ала алмай жүр.

«Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінің бас менеджері Ибрагим Чилик Палатаға шетелдік инвесторлар үшін салық артықшылықтары мәселесін көтеруді ұсынды. Және де олар жаңа шенеуніктердің келуімен өзгермеуге тиіс. Түрік инвесторы Оңтүстік Қазақстан облысында қызмет көрсету саласы үшін кәсіпқойларды табу мүмкіндігі төмен деп есептейді, сондықтан да мекемелерде шетелдік инвесторлар үшін кадрлар дайындайтын арнайы бөлімшелер ашуды ұсынды.

Индустриялық аймаққа инвесторлар тартудағы мәселелердің кемшіліктері де көп айтылды.

«Бізді, инвесторларды, жергілікті шенеуніктер басында қызықтырып алады, осылайша ұпай жинап, біраз уақыт пайдаланады да, сосын түйткілдерімізбен бірге қалдырып кетеді, - деп шағымданды былғары шикізатын қайта өңдейтін «Umalp» ЖШС басшысы. Кезінде Индустриялық аймақта салтанатпен ашылған кәсіпорынды бүгінде жергілікті билік өндірісте тазалау құрылымдарының жоқтығы себебінен жауып тастады. Инвесторлар жергілікті бюджет қаражаты есебінен көмек келуін күтіп отыр.

Көршілес Өзбекстаннан арзан кілемдердің келуі «Бал текстиля» өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін төмендетуде, деп атады компания басшылары. Және де егер мемлекет Қазақстанның тоқыма саласына арналған артықшылықтар мәселесінде қандай да бір әрекет жасамаса, онда Шымкенттегі шетелдіктер қатысатын бірнеше кілем кәсіпорны өндірісін тоқтатары анық.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров кездесуде шетелдік инвесторлар сөзіне құлақ асуға сеп болған өте пайдалы әрі өнімді әңгіме өткенін атады. Сондықтан да Шетелдік инвесторлар кеңесінің босқа құрылмағанына тағы бір рет көз жеткізді. Ол кездесулердің тұрақты өткізілетінін, көтерілген жүйелік мәселелердің барлығы орталық аппаратқа, жергілікті атқару органдарына жолданатынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер