«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тимур Құлыбаев: «Кәсіпкерлерге келтірілген шығын үшін мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік сыңайлы сектор және Ұлттық банк қызметкерлерінің бұлтартпай жазалануын қамтамасыз ету керек!»

2015 жылғы 24 Маусым
13305 просмотров

«Атамекен» және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша бірлесе күш жұмсау туралы Келісімге қол қойды

24 маусымда Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлық көріністерінен құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау бойынша мемлекет пен қоғамның бірлесе күш салуын көздейтін келісімге қол қойды.

Келісімде Қазақстандағы, мемлекеттік органдардың азаматтар мен ұйымдар құжаттарын қарау процедураларын жеңілдету әрі қысқартудан бастап жалпы қоғамда жер-жерлерде жемқорлықты қабылдамау мәдениетін енгізуге дейін, жұмыстың ашықтығы мен бизнесті дамытуда қолдау  көрсету принциптері баяндалған.

Сонымен бірге «Атамекен» басшысы формалды түрде жемқорлыққа қарсы заңнамаға жатқызылмайтын ұлттық компаниялар қызметіне назар аударды.

«Мемлекеттік сыңайлы сектор қызметкерлерінің қабаты да баршылық – бұл «Самұрық-Қазына» қызметкерлері мен Ұлттық банк жұмыскерлері. Олар мемлекеттік қызметке жатпайды, алайда үлкен көлемдегі қаражатты басқарады әрі қоғамдық және мемлекеттік бақылау саласынан толығымен тыс қалады. Бұл топқа да дұрыс тұрғыдан келуді іздестіруіміз қажет. Егер мемлекеттік сыңайлы сектор, Ұлттық банк қызметкерлері кәсіпкерлерге, мемлекетке қандай да бір қаржылай залал келтіретін болса – олар Заң алдында жауап беруге тиіс», - деді Тимур Құлыбаев.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство төрағасы Қайрат Қожамжаров осы ұстаныммен келісіп, мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің бизнес алдындағы жауапкершілігінің жоқтығын атап өтті.  

«Теріс пайдаланушылық үшін бізде неліктен осындай кең алаң қалыптасқан? Адам шешім қабылдаса, және де бұл бизнес өкілінің мүддесіне зиян келтірсе, онда ол еш жауапкершілікте болмайды. Бұл жерде сіздің сөзіңізге толығымен келісемін. Бұл мемлекеттік қызметтің барлық салаларына қатысты, сонымен бірге құқық қорғау саласына да. Заңсыз шешім қабылдаған тергеуші ақырында жауапкершіліктен жалтарады. Салық инспекторы да дәл солай. Сондықтан да олар жазаланбайтындарын түсініп, қайта-қайта заң бұзуға барады. Осы түйткілдер төңірегінде жұмыс жасаймыз деп ойлаймын», - деді Қайрат Қожамжаров.

Агенттік Төрағасы келісімге қол қою – «екі органның бірлескен қызметіне жүйелік сипат берудегі кезекті қадам» екенін атады.

«Жағымды әсер болатынын күтеміз. Бизнес мұны сезінуге тиіс… Ал мемлекет бизнес тарапынан болатын ескертулерге жауап қатуға тиіс», - деді жемқорлыққа қарсы агенттік Төрағасы.

Қайрат Қожамжаров Агенттіктің Палатамен белсенді ынтымақтастықта екенін баса айтты.

«ҰКП өкілдері Агенттік жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес құрамында бар. Өңірлік деңгейде белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл өте тамаша практика: қазір Палата өкілдерімен бірге мемлекеттік органдар қызметіндегі жемқорлық жүйелік тәуекелдерді талдап жатырмыз – үш министрлікте жұмыс жасап шықтық. Бизнесті тыңдаймыз, олардың алға тартқан түйткілдерін түсінеміз. Екі министрлік бойынша мәселелерді жемқорлыққа қарсы алдын алу шаралары, бизнес жүргізу үшін кедергілерді төмендету, мемлекеттік басқарудың ашықтығы және басқалары тұрғысынан Премьер-министр деңгейіне шығардық», - деп хабарлады ол.

Тимур Құлыбаев Агенттікті қызметінде көптен бері үлкен мәселелер туындап жүрген кеден органдары жұмысына назар аударуға шақырды.

«Біздегі «сұрқай» импорт отандық өндірушілерге бөгет жасайды. Және де бұл шекаралардың, әсіресе Қырғызстанмен арада, ашық болуына орай ерекше өзекті. Тиімді кедендік бақылауды жөнге салу үшін, бірге салмақты жұмыстар жүргізу қажет», - деп баса көрсетті Палата басшысы.

Тимур Құлыбаев сонымен қатар елордадағы жаппай улану мен Алматы базарларындағы ірі өрт оқиғалары үшін мемлекеттік қадағалау қызметтері мойнында жатқан жауапкершілік жайлы мәлімдеді.

«Базарлардағы өрттің қандай дау тудырғанын еске түсіріңіздер! Олардың бәрі де өртке қарсы сертификатталған ғой. Сонымен қоса мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысы жазаланған жоқ», - деп назар аудартты Ұлттық палата басшысы. - «Қоғамдық тамақтану саласында да тура солай. Санитарлық нормаларды бұзумен байланысты сорақы оқиғалар орын алуда, алайда мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысы жауапкершілік алмайды! Сонымен бірге ҰКП ұстанымын да тағы бір айтып өткім келеді. Біз адал ниетті кәсіпкерлерді қолдаймыз. Жалған санитарлық кітапшалар сатып алу деректері бойынша істі объективті түрде заң бойынша қарау керек».

Тимур Құлыбаев бір жағынан заңнамалық деңгейде осындай жағдайлардың туындау ықтималдығын төмендетуді, екінші жағынан мемлекеттік қызметкерлер жауапкершілігін көтеруді ұсынды.

Палата басшысы Ұлттық палатада кәсіпкерлер құқығын бұзу жағдайы оран алып жатса жедел жауап қату үшін Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес, Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес алаңдары тиімді түрде жұмыс жасап жатқанын, Ұлттық палатаның Бас прокуратурамен әрекеттестігі жөнге салынғанын атап өтті. Бастысы, барлық бағыттар бойынша нақты оң нәтижелер баршылық.

Тараптар қабылданған келісім аясында мемлекеттік қызмет, бюджеттік және мемлекеттік сыңайлы ұйымдар сатып алуларының ашықтығы мәселелері бойынша әрекеттестікте болады.

Келісім мәтінімен мына жерде танысуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер