«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жетілдіру: нарық ережесі

2015 жылғы 15 Мамыр
12291 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жетілдіру жобаларын және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыру бойынша жиналыс өтті

Жиналыс жұмысына ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және жер реусурстарын басқару істері комитетінің, «ТКШ дамыту қоры» АҚ, «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жетілдіру және дамыту орталығы» АҚ, «Қазақстан Су Арнасы» Қазақстан Республикасы Сумен жабдықтау және су бөлу кәсіпорындары қауымдастығы, «Су Ресурстары – Маркетинг» ЖШС өкілдері қатысты.

«Атамекен» ҚР Ұлттық палатасына Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі «Жылумен, сумен жабдықтау және су бөлу жүйесін салуға, қалпына келтіруге және жетілдіруге бағытталған инвестициялық жобаларды бюджеттік кредиттеу ережелерін бекіту туралы» Бұйрығы жобасы (бұдан әрі – Ереже) қарауға келіп түсті, сонымен қатар, бұрындары «Су Ресурстары – Маркетинг» ЖШС-дан ҚР Ұлттық қоры қаражатының есебінен сумен жабдықтау және су бұру желілерін жетілдіру жобаларын қаржыландыруға қатысты өтініштер келіп түскен болатын.

Осыған орай отырыста қаржыландыруға арналған жобаларды бюджеттен кредиттеу механизмі және іріктеу тәртібі бойынша мәселелер көтерілді.

«Қазақстандық ТКШ жетілдіру және дамыту орталығы» АҚ Қаржы жоспарлау департаментінің директоры Бикен Байғонақова қаржыландыру механизмдері жайлы айтып берді.

«Қазақстандық ТКШ жетілдіру және дамыту орталығы» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Руслан Кулов 2015 жылға арналған кредиттеу тізбесінің өңірлік мәселелер жөніндегі Ведомствоаралық комиссия шешімімен бекітілгенін атады. 96 жобаны жүзеге асыруға 60 млрд теңге мөлшеріндегі сома бөлінеді. 

Басқарма мүшесі, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева қатысушылардың назарын мына мәселелерге аударды.

Біріншіден, ақша қайтарылуының нақты механизмі жоқ, аталмыш механизмнің ашықтығы жоқ. Жобаларды Ұлттық қор қаражаты есебінен кредиттеу бюджеттік кредиттеу механизмі арқылы жүзеге асырылады. Жергілікті атқару органдары - қарызгерлер; жобаларды ақтық орындаушы-қарызгерлер ТКШ саласындағы коммуналдық кәсіпорындар болып табылады.

Егер олар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын болса, жергілікті атқару органдары ақшаның қайтарылуына қалай жауап беретін болады? Сонымен қатар кредиттің тариф өсуіне әсері және оны есептеу мәселелері көтерілді.

Екіншіден, кредиттеуге деген өтінімдерді іріктеу Ереже бекітілмей тұрып жүргізілді, сәйкесінше, өтінімдерді іріктеудің қандай критерийлермен жүргізілгені анық емес. Жалпы қабылданған тәртіпке сәйкес, алдымен заңнамаға сәйкес түзетулер қабылдануы қажет, ал осыдан кейін қабылданған заң орындалуы үшін (яғни Ереже) қосымша заң актілері қабылданады. Бұдан әрі ұсынылатын өтінімдер тізбесі айқындалып, бекітілген критерийлер бойынша іріктеу жүргізіледі. Ақырында тізбе бекітіледі. Алайда тізбе жоғарыда аталған процедураларсыз және Ереженің қабылдануынсыз бекітіліп қойды.

Үшіншіден, 2015 жылға арналған кредиттеу тізбесіне тек мемлекеттік монополия субъектілері ғана кірген, алайда құрылу нысаны бойынша қандай да бір шектеулер жоқ. Тізбеге жеке меншік монополия субъектілері кірмегендіктен, және де ол Ереженің бекітілуінсіз бекітіліп кеткендіктен, тізбені алдын-ала тізбе деп белгілеу және, қажет болған жағдайда, оған сәйкес түзетулер енгізу ұсынылады.

«Қазақстан Су Арнасы» Қазақстан Республикасы Сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындары қауымдастығының Президенті Валерий Сюндюков Ереже жобасында техникалық қадағалауға төлемді реттейтін ереженің жоқтығын атады.

Жалпы, қатысушылардың ойынша, қаражатты жұмсауды бақылау механизмі жеткілікті түрде жазылған. Ұлттық Қор қаражатын жұмсауды бақылау жөніндегі Комитет белгілеген осындай шараларды және ұқсас бағдарламаларды («ЭКСПО-2017», «Қолжетімді баспана» және басқалары) бақылау механизмін үйлестіру қажет.

Жиналыс қорытындысы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көтерген мәселелерді бірлесе пысықтауға шешім қабылданды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер