«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауылдағы әйелдер бизнесі – басты назарда

2016 жылғы 27 Сәуір
- Шымкент қаласы
10593 просмотров

ОҚО-дағы әйел кәсіпкерлер ұсынған 130 жобаның 70-і ауылда жүзеге асатын болды.

Шымкентте ОҚО бойынша «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің кезекті өңірлік жиыны өтті. Оңтүстіктің кәсіпкер әйелдері «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының басшысы Ләззат Рамазановамен жүздесті. Сұхбаттың басты мақсаты – әйелдерді кәсіпкерлікке тарту. Осы мақсатпен былтыр еліміздің барлық облыстарында Іскер әйелдер кеңесі құрылған болатын.

«ОҚО Іскер әйелдер кеңесі аудандық деңгейде де ашылған, бұл аса маңызды нәрсе, – деді Ләззат Керімқұлқызы. – Статистика Қазақстан бойынша қалалықтар ауыл тұрғындарынан көп екендігін көрсетіп келеді, бірақ бұл көрсеткіштерде біршама ағаттық бар көрінеді. Қала типті ауылдар мен осындай кенттер қала болып саналмай келеді – оларда қалалық инфрақұрылым жоқ, лайықты деңгейдегі өмір салты, қызмет көрсету жетіспейді. Сондықтан ауыл арасында кәсіпкерлікті дамыту қажет, әсіресе әйелдер күш-қуаты талап етілетін жекеменшік білім беру, медициналық қызмет ұсыну, шаштараз, химиялық тазалау, тамақтану нысандары, HoReCa-индустрия (қонақ күтіп алу дәстүрі) сынды салаларды бірінші кезекке шығару керек. Бүгінгі таңда ашылайын деп отырған әйелдер бизнесінің ішіндегі 130 жобаның 70-сі облыстағы аудандарда жүзеге асатыны қатты қуантып отыр. ОҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Арқабаева аудандарға жасаған сапары кезінде жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кездескен сайын кәсіпке әйелдердің тартылуы аса маңызды екенін айтып жүреді. Әйелдер кәсібін дамыту бүгінгінің негізгі мақсаты». 

Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан орасан зор қолдау жасалып жатыр. Экономиканың дәл осы сегментіне әйел-кәсіпкерлер көп тартылатыны кездесу барысында айтылды. Жиын қатысушыларының пікірінше, әйел кәсіпкерлерінің кеше де, бүгін де басты қиындығы – қолжетімді несие алу көздерінің жетіспеушілігі.

ОҚО-да бұл мәселені мемлекеттің қатысуымен көптеген құрылымдар шешеді, оның ішінде – «Даму» қоры мен «Максимум» Өңірлік инвестициялық орталығы бар. Оңтүстікте басталған өңірлік инвестициялық орталық ашу үрдісі бүкіл республикаға таралып жатыр. Былтырғы жылы ӨИО Қазақстанның жеті облысында ашылды. ӨИО қаржылық ресурстың қайтымы – 98 пайызды құрап отыр, бұл дегеніңіз екінші деңгейлі банктерден жоғары. Несие беру Кәсіпкерлер палатасының қамқорлығымен жүзеге асып жатыр. «Атамекен» ҰКП арқылы өзінің микронесиелік торабын ашуға өз ісін дөңгелетіп алған кәсіпкерлерге де мүмкіндік бар, ондай тәжірибе қолданылып жатыр. Мемлекеттік қолдаудың барлық түрін ұсыну – «Атамекен» ҰКП және Іскер әйелдер кеңесінің басты мақсаты. ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров айтқандай, бұл жоба алғашқы жемісін бере бастады, бұдан былай да осы бағытынан адаспайтын болады.

Жиынға жиналғандар тағы бір маңызды мәселені – ағартушылық саланы қамтыды. ҰКП жуырда жүзеге асыруды көздеп отырған бір жоба көпшіліктің қолдауына ие болды. Ол қазақ тіліндегі онлайн оқыту ісі: оған кез келген ықыласы түскен адам қатыса алады, көсемсөзші ретінде тәжірибелі кәсіпкер-жаттықтырушылар мен кәсіпкер ретінде қалыптасқан адамдар таңдалады. 

«Бүгін ісін бастап жатқан кәсіпкерлерге тәжірибесі бар әріптестерінің айтары бар, – дейді Алма Арқабаева. – Өз кәсібін мүлтіксіз дайындықпен бастағысы келгендерге теориялық білімнің де, тәжірибенің де пайдасы зор, бұл жобада өз кәсібін дөңгелетіп кеткендердің айтары мол болмақ». 

Жиынның қорытындысында «сұрақ-жауап» айдары жүргізілді, онда кәсіпкер әйелдердің өзекті деген сауалдары ортаға тасталды. Барлық сауалдар палатаның тиесілі бөлімдеріне жіберіліп, қаралады, нақты шешімдері айтылатын болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер