NERO Group Премьер-министр Олжас Бектеновтің «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» АЭА-ға жұмыс сапарына қатысты
Премьер-министр Олжас Бектеновтің Алматы қаласына жұмыс сапары аясында «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында NERO Group компаниясының өндірістік алаңы таныстырылды.
Үкімет басшысына жылу, су, электр энергиясы және газды есепке алу құралдарының отандық өндірісінің дамуы жөнінде баяндалды. Бүгінде NERO Group-тың өндірістік желісі есепке алу жүйелері мен құралдарының толық спектрін қамтиды, кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 10 мыңнан астам өнімге жетеді. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге, 65 жұмыс орны құрылды, қызметкерлердің жалпы саны – 150 адам.
NERO Group құрылтайшысы Ерлан Набиев 2025-2027 жылдарға арналған жоғары технологиялық өндірістерді локализациялау бойынша кешенді жобаны ұсынды. Жобаның жалпы құны –шамамен 44,8 млрд теңге. Ол 650-ден астам жұмыс орнын құруды, өндірістік алаңдарды 21 068 шаршы метрге дейін кеңейтуді, сондай-ақ кабель өнімдері мен компоненттерін өндіру, газ есептегіштерін шығаруды кеңейту, ұшқышсыз жүйелер мен робототехниканы дамыту сияқты жаңа бағыттарды іске қосуды көздейді.
.jpeg)
Жобада инженерлік кадрларды даярлауға ерекше назар аударылған: жыл сайын бакалавриат бағдарламалары бойынша 60 студентті және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша 200-ге дейін маманды оқыту жоспарлануда.
Сондай-ақ, білім, ғылым және өндірісті интеграциялауға және дуальды оқытуды дамытуға бағытталған АЭжБУ пен ҚазТКШ орталығының қатысуымен Smart Energy ғылыми-білім беру кластері жобасы таныстырылды.
Бұдан бөлек, Қытайдың UBTECH Robotics компаниясымен бірлесіп жасанды интеллект негізіндегі білім беру және сервистік роботтар өндірісін локализациялау жобасы ұсынылды. Бұл бағыт бойынша өткізу нарығы қалыптасқан және AI-зертханаларды енгізуге офтейк-келісімшарттар жасалған. Жоспарланған өндірістік қуат – жылына 25 мың жиынтыққа дейін, 80 жұмыс орнын құру және кейіннен кеңейту көзделген.
.jpeg)
Сонымен қатар NERO Group жылумен жабдықтауды мониторингтеуге арналған цифрлық шешімді таныстырды. Бұл шешім жылу мен ыстық су тұтыну параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылауға және веб-картада визуалдауға мүмкіндік береді. Жүйе Қарағанды, Сәтбаев және Жезқазған қалаласында енгізілген және табиғи монополия субъектілері үшін жылумен жабдықтау сапасын бақылаудың бірыңғай цифрлық тетігі бола алады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынылған бастамалардың мемлекеттік индустриялық саясаттың басымдықтарына және отандық тауар өндірушіні дамыту жөніндегі міндеттерге толық сәйкес келетінін атап өтті. Ерекше маңызға ие жайт – өндіріске инвестиция салуды, жаңа жұмыс орындарын құруды, инженерлік кадрларды даярлауды және ғылым, білім мен бизнесті интеграциялауды үйлестіретін кәсіпорынның кешенді тәсілі.

«Атамекен» ҰКП бұл жобаны қазақстандық бизнестің күрделі технологиялық шешімдерді іске асыруға, ел ішінде тұрақты қосылған құн қалыптастыруға және энергетика мен коммуналдық секторларды жаңғыртуға нақты үлес қоса алатынының табысты мысалы ретінде қарастырады.
Палата отандық өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы әрі болжамды жағдайлар қалыптастыру мақсатында осындай бастамаларды қолдауды және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастырады.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: