«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ӘМАТ тізімін кеңейту: бағаны ұстап тұру нарыққа қалай әсер етеді?

2025 жылғы 26 Желтоқсан
975 просмотров

«Атамекен» ҰКП әкімшілік қысымнан атаулы әлеуметтік қолдауға көшуді ұсына отырып, инфляцияны тежеу тетіктерін қайта қарау қажеттігін атап өтті.

Елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізбесін едәуір кеңейту жөніндегі бастама төңірегіндегі пікірталастар жалғасуда. Қазір мемлекет 19 негізгі тауардың бағасын бақыласа, жаңа жоба бұл тізімді 33 атауға дейін кеңейтуді көздейді. Алайда, бұл қадам сарапшылар қоғамдастығы мен бизнес ортада екіұшты пікір тудырды. Баға өсімін тежеу не себепті кері әсер беруі мүмкін екені жуырда «AMANAT» партиясының Үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланды.

Бағаны реттеуді қолдаушылардың басты уәжі – тұтынушының қалтасын қорғау. Жаһандық инфляция жағдайында негізгі азық-түлік бағасын ұстап тұру қисынды қадам болып көрінеді.

Алайда, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов атап өткендей, бұл таяқтың екі ұшы бар. Жобаны қабылдаған жағдайда негізгі соққы шағын сауда нүктелері – үй маңындағы дүкендерге тиеді.

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесі 15% көлемінде шектелген. Алғаш қарағанда бұл сан жеткілікті сияқты. Бірақ осы пайыздың ішінен кәсіпкер банк комиссиясын, салықтарды, жалдау ақысын, коммерциялық тарифтер бойынша коммуналдық қызметтерді және қызметкерлердің жалақысын төлеуге тиіс.

«Қазіргі кезде шағын бөлшек сауданың өміршеңдігін қамтамасыз ететін математикалық модель өте әлсіз. Өсімдік майы немесе ұнға қойылған үстеме логистикалық шығындарды өзін де жаппайтын кезде, кәсіпкер таңдау жасауға мәжбүр: шығынмен жұмыс істеуі керек немесе бұл тауарларды ассортименттен мүлде алып тастау қажет», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.

Ол мысал ретінде келесі жағдайды келтірді. Мәселен, өсімдік майының сатып алу бағасы 800 теңге, ал ең жоғары үстеме 15% болған жағдайда бөлшек баға 920 теңге болады. 120 теңгелік үстеменің шамамен 28 теңгесі салыққа, 37 теңгесі сатушының жалақысына, 14 теңгесі банк комиссияларына кетеді. Нәтижесінде 41 теңге ғана қалады, оның өзінен коммуналдық қызметтерді, бухгалтерлік қызметті, шаруашылық шығындарды және есепшоттан ақша алу комиссияларын өтеу қажет. Іс жүзінде дүкен өзіне пайдасыз жұмыс істейді – «жұмыс үшін жұмыс».

Сонымен қатар, ӘМАТ тізіміне әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін бірінші кезектегі қажеттілік деуге келмейтін тауарлар да енгізілген, әсіресе, олардың премиум сегменті. Мысалы, барлық сиыр еті, оның ішінде элиталық сорттар да жалпы реттеуге түсіп отыр.

Маусымдық көкөністерге қатысты да осындай жағдай қалыптасуда. Қыста қияр мен қызанақтың бағасы жылыжай шаруашылықтарының жылыту мен жарықтандыру шығындарына тікелей байланысты. Осы кезеңде қатаң баға шегін белгілеу Қазақстандағы көкөніс өндірісін тиімсіз етіп, қымбат импортқа жол ашуы мүмкін.

Бұдан бөлек, сақтау мерзімі қысқа тауарларды – қаймақ, жаңа піскен балық пен көкөністерді тізімге енгізу дүкендер үшін қосымша тәуекелдер туғызады. Қант немесе жармаға қарағанда, бұл өнімдер тез бұзылуы мүмкін, ал есептен шығару шығындары толықтай дүкен иесінің мойнына жүктеледі.

Баға нарықтық деңгейден төмендетіліп, мәжбүрлі түрде ұсталған сәттен бастап, бұл тауарлар сөрелерден жоғала бастайды. Жеткізушілер мен ірі көтерме саудагерлер үшін өнімді экспортқа немесе бақылауы аз өңірлерге жіберу тиімдірек болады.

Реттелетін сүт немесе нан сатудан келген шығынды өтеу үшін сауда желілері шай, кондитерлік өнімдер, тұрмыстық химия сияқты басқа тауарлардың бағасын көтеруге мәжбүр болады. Салдарынан тұтынушының орташа чегі азаймайды, тек инфляцияның құрылымы қайта бөлінеді.

Баға бақылауынан – адамды қолдауға

Әкімшілік шараларға балама ретінде «Атамекен» заманауи экономикалық құралдарды енгізуді ұсынады. Қазақстан ресми түрде ЭЫДҰ (ОЭСР) қағидаттарына бейілділігін мәлімдеген, ал бұл бағаны ырықтандыруды және сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті күшейтуді көздейді.

Барлық азаматтар үшін, соның ішінде мұқтаж емес адамдар үшін де бағаны жасанды түрде субсидиялаудың орнына «әлеуметтік әмияндар» жүйесін дамыту ұсынылады.

Цифрлық ваучерлер түріндегі көмек тікелей әлеуметтік осал топтарға бағытталуға тиіс. Бұл нарықтың бәсекелестік заңдармен жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, өндірушілер үшін ынталандыруды сақтайды. Ал, цифрлық құралдар мемлекеттің көмектің нақты адресатқа жеткенін анық көруіне жол ашады.

Бизнес-қоғамдастықтың ұстанымын қорытындылай келе, Тимур Жаркенов жобаның қазіргі нұсқасы түбегейлі қайта қарауды қажет ететінін атап өтті. Әкімшілік жолмен тежеу – жедел әрекет ету шарасы, бірақ ол ұзақ мерзімді стратегия бола алмайды. Нарықтың тұрақтылығы үшін тұтынушыны бағаның күрт өсуінен қорғайтын әрі кәсіпкерге бизнесті дамытуға және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін тепе-теңдік қажет.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174