«Атамекен» ҰКП мен «ҚазОрталық ТКШ» АҚ ТКШ саласында елішілік құндылықты дамыту бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «ҚазОрталық ТКШ» АҚ 2025–2029 жылдарға арналған энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй қатынастары саласында қазақстандық өндірістің тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін қолдануды дамытуға, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына отандық бизнестің қатысуын кеңейтуге бағытталған.
«ҚазОрталық ТКШ» АҚ энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның техникалық операторы саналады және оны іске асырудың әдіснамалық әрі аналитикалық сүйемелдеуін қамтамасыз етеді.
Аталған меморандум салалық сүйемелдеу институттары мен бизнес-қоғамдастық арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды қалыптастырудағы маңызды қадам болды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – ТКШ саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде отандық өндірушілер өнімін практикалық тұрғыда қолдану үшін олардың тұрақты дерекқорын қалыптастыру және өзектендіру.
Келісім тараптардың өндірісті оқшаулау (локализация) деңгейін дамыту, қазақстандық қамту үлесін арттыру және коммуналдық сектордың инвестициялық бағдарламаларына отандық кәсіпорындарды неғұрлым белсенді тарту үшін жағдай жасау бағытындағы екіжақты күшті біріктіруді көздейді.
Меморандум аясында тараптар келесі бағыттар бойынша бірлескен іс-қимылды жүзеге асыруды жоспарлап отыр:
• отандық өндірушілер және шығарылатын өнім номенклатурасы туралы ақпаратты өзектендіру;
• жаңғырту жобаларындағы елішілік құндылықтың деңгейін айқындаудың қолданыстағы тәсілдерін талдау;
• оқшаулау үшін негізгі тауар позициялары мен технологиялық бағыттарды анықтау;
• отандық өндірушілерге қолдау көрсету және іске асырылып жатқан жобалар туралы уақтылы ақпараттандыру;
• қазақстандық өндіріс өнімін қолдану бөлігінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
Отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдануды әдіснамалық және аналитикалық сүйемелдеуді әзірлеуге, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылым субъектілерімен, табиғи монополия субъектілерімен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды үйлестіруге ерекше назар аударылады.
Меморандум шеңберінде «Атамекен» ҰКП бизнеспен диалог жүргізудің негізгі алаңы ретінде әрекет етеді, отандық өндірушілердің ұсыныстарын жинақтайды, өндірістік әлеует пен бар кедергілерді айқындайды және кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындар мен қазақстандық тауар өндірушілердің қатысуымен бірлескен салалық іс-шаралар өткізу, отандық өнімді қолдану бойынша мониторинг пен аналитика тетіктерін дамыту, сондай-ақ коммуналдық сатып алу үдерістерінің ашықтығын арттыру үшін елішілік құндылықты бағалау құралдарын енгізу жоспарлануда.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: