«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атыраулық кәсіпкер жер учаскесін сақтау үшін күресуде

2025 жылғы 21 Қазан
- Атырау облысы
403 просмотров

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында кәсіпкер Вера Щербакованың жер учаскесі бойынша мәселесі қаралды.

Вера Щербакова Атырауда 30 жылдан астам уақыт бойы кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Оның кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырып отырған жері «Ақ Жайық» қонақ үйінің жанында орналасқан. Оның айтуынша, жыл басында белгісіз адамдар келіп, бизнесін сатуды ұсынған, алайда ол бас тартқан. Бірнеше аптадан кейін ол жер учаскесінің мемлекет қажеттілігі үшін мәжбүрлі түрде алынатыны туралы әкімдіктен хабарлама алған.

«Бастапқыда бұл жердің жолды кеңейту үшін алынатыны айтылды, бірақ бұл жол өткен жылы ғана жөнделген еді. Кейін әкімдік өкілі бұл жерде автотұрақ салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Біз түрлі органдарға жүгіндік, бірақ барлығы қайтадан әкімдікке сілтейді. Ал әкімдіктен тек ресми жауаптар келеді. Иә, мәжбүрлі алып қою туралы заң бар екенін түсінеміз, бірақ сұрақ туындайды: бұл шара қаланың игілігі үшін қаншалықты қажет? Неліктен жұмыс істеп тұрған екі ғимаратты бұзу керек?» – дейді кәсіпкер.

Кеңес отырысында қала әкімдігінің өкілдері жағдайға түсініктеме берді. Олардың айтуынша, жер учаскесін алып қою қала әкімі қаулысының негізінде жүзеге асырылуда.

«Абай көшесіндегі көпір мен жолды жөндеу аясында автотұрақ салу бастамасы көтерілген. Біз, жұмыс органы ретінде, алып қою рәсімін орындаймыз: әкім қаулысы шыққаннан кейін учаске иесіне хабарлама жіберіледі, одан кейін ол 10 жұмыс күні ішінде құжаттарын тапсыруы тиіс. Осы құжаттар негізінде тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Алайда бұл жағдайда меншік иесінен құжаттар әлі түскен жоқ, бұл процесті жалғастыруға мүмкіндік бермей отыр», – деді Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ қарасты «Бас жоспар орталығы» КММ бөлім басшысы Абзал Назаров.

Алайда Вера Щербакова ешқандай ресми хабарлама алмағанын айтады, дегенмен мемлекеттік органдар бұл процестің ақпан айынан бері жүріп жатқанын мәлімдеген.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өңірлік секретариатының жетекшісі Сарсенбай Жолдыбаев бұл жерде басты мәселе – мемлекеттің алып қою құқығында емес, барлық рәсімдердің сақталуы мен бизнестің құқықтарының қорғалуында екенін атап өтті.

«Біз әкімдіктің құқықтық негізінің бар екенін жоққа шығармаймыз. Алайда жылдың басынан бері мәселе еш қозғалған жоқ. Бұл кәсіпкер үшін күрделі салдарға әкеліп отыр: жалға алушылар кетіп жатыр, кәсіпкер шығынға ұшырауда, себебі ол белгісіздік жағдайында қалды. Бағалау жоқ, өтемақы жоқ, баламалы жер де ұсынылмаған. Егер заңда барлық рәсімдер қарастырылған болса, онда неге процесс жүрмей тұр?» – деді ол.

Талқылау қорытындысы бойынша Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы бизнес мүдделеріне қатысты мәселелерді қарау кезінде барлық заң нормаларын сақтау қажет екенін атап өтті және қажет болған жағдайда кәсіпкерге сотта құқықтық сүйемелдеу көрсетуге дайын екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174